astana-view

Сауда базарларын жетілдірумен бірлесе айналысу қажет – ҚР ҰКП

2014 жылғы 06 Қараша
3565 просмотров

Сауда базарларын жетілдіруге барлық тараптар мүдделі болуға тиіс – кәсіпкерлер, қауымдастықтар, жергілікті атқару органдары және тұтынушылар. Бүгін Астанада бастау алған «Asian Retail & Distribution 2014» І Азиялық бөлшек сауда және тұтынушылық тауарлар дистрибуциясы бизнес-саммиті барысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева осындай ой айтты.

«Саладағы өзекті мәселе сауда базарларын жаңа форматтарға көшіру, яғни сауда үйлерін, түрлі типтегі сауда орталықтарын құру және сауда базарларындағы сатудан бас тарту болып табылады. Сауда базарлары бүкіл дүниежүзіндегідей мамандандырылған болуға тиіс: азық-түлік, ауыл шаруашылық, құрылыс, автомобиль және қолөнерлік. Ал дүниежүзінің өнеркәсібі өндіретін өнімнің барлығы сауда орталықтарына түсуге тиіс. Бұл тақырып Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығымен талқылануда, және оның тарапынан түсіністік танылуда. Барлығымыз бұның өркениетті жолмен болғанын құптаймыз. Мен тұтынушы ретінде базар немесе сауда орталығының жайлы болып, барлық қызметтің жоғары дәрежеде көрсетілгенін қалаймын», – деді Гүлнар Құрбанбаева.

Оның айтуынша, сауда базарларын тиімді түрде жетілдіру барлық тараптардың күштерін бір жерге шоғырландырғанда ғана мүмкін болады. Аталып өткендей, бұл бағыттағы жұмысқа әлі де барлық тараптар толық дәрежеде жұмылып отырған жоқ. «Бүгінде әкімдіктер тарапынан айтарлықтай қолдау болмай отыр, олар сауданың жаңа форматтарын енгізу саясатымен жеткілікті деңгейде айналыспайды. Сауда орталықтары мына біздің, отандық өндірістегі өнімдердің қозғалтқыштары және провайдерлері. Осыны бірге қолға алайық. Сауда болмаса, өндіріп жатқанымызды сата да алмаймыз. Проблемаларды бірлесе шешейік», – деді ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары. Гүлнар Құрбанбаеваның деректеріне сүйенсек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнамаға қатысқандардың бір бөлігі жергілікті атқарушы органдар қолдауымен бизнесті реформалауға дайын. 

BBCG Басқарушы директоры Алексей Филатов І Азиялық бөлшек сауда және тұтынушылық тауарлар дистрибуциясы бизнес-саммиті тәжірибе алмасуға ғана емес, көкейкесті мәселелерді ортаға салып, талқылауға да арналған сұхбат алаңы болып отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі іс-шарадағы ең маңызды оқиғалардың бірі Қадағалау кеңесі деп аталатын бастамашыл топтың құрылуы болмақшы. Оның мәні ең ірі бизнесмендер, нарық көшбасшыларының бірге, тұрақты негізде экономика мен бизнестегі шақырулар мен тәуекелдерді талдаумен айналысатындығында болып отыр», – деп хабарлады Алексей Филатов.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары хабарлап кеткендей, бір жыл ішінде Ұлттық палатаға шағын және орта бизнестің 6 мың субъектісі түйткілді мәселесімен келіп жүгінген, ал шағымдардың 15%-ы дәл осы сауда саласына қатысты. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазіргі уақытта Парламент қарауында жатқан сауда қызметі мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеуге белсене ат салысты, деп атап өтті Гүлнар Құрбанбаева. Сонымен қатар ол ҰКП-ның Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп ішкі сауданы дамыту және жалпы сауда қызметін әкімшілеуге қатысты өзгертулер мен толықтырулар жобасын дайындап жатқанын баса айтып өтті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер