astana-view

Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнес үлесі соңғы жылдары өзгермеген

2014 жылғы 10 Қараша
5261 просмотров

Соңғы жылдары еліміздің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі өзгермеген. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҮИИД МБ аясында шағын және орта бизнесті қолдау» тақырыбында өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев осылай хабарлады.

«Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы жағымды тұстармен бірге әлі де жұмыс істеуді қажет ететін және ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдаушылығын тудырып отырған мәселелер баршылық. Соңғы жылдар ішінде ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі айтарлықтай өзгермеген, ол 17–18% деңгейінде қалып отыр», – деп айтып кетті Нұржан Әлтаев. Ол сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығаратын өнім көлемінің алты жыл ішінде 85% өскенін; соның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 72,6% құрайтынын атап өтті. Сонымен, ЖІӨ-дегі ШОБ үлесінің өзгермеуі ірі бизнес дамуының одан да үлкен қарқыны жайлы хабар береді, деп пайымдайды ҚР ҰКП.

Сондай-ақ соңғы бес жыл ішіндегі ШОБ еңбек өнімділігінің өсімі байқалады. Бұл көрсеткіш  51% (шағын бизнесте – 56%) құраған. ШОБ-та еңбектенушілер саны 22,4% (шағын бизнесте – 10,7%) өскен. Сонымен бірге экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны аталмыш кезеңде 8,3% өскен.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ШОБ-та өзін-өзі жұмыспен қамтушы халықты тартуға салмақпен ой тастау керектігін болжайды. Ол үшін елдің барлық өңірлерінде, аудан орталықтарында, ауылдық деңгейде кәсіпкерлік мектептерін ашып, оған бизнеспен айналысқысы келгенмен, немен айналысарын білмейтін адамдарды тартуға болар еді», – деді Нұржан Әлтаев.

ҚР ҰКП «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының жер-жерлерде кәсіпкелерге қызмет көрсету орталықтарын ашу бойынша бастамасын қолдайды. «Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік көмектің барлық түрлері осы орталықтарда үйлестірілуі керек деп есептейміз. Бұл өңірдегі әрбір кәсіпкердің қандай да бір көмек алу үшін қайда баратынын, кредит алатын жерді және мемлекеттік көмектің қандай түрін ала алатынын білуі үшін қажет. Яғни барлығы да «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілуге тиіс, және де Ұлттық палата осы жұмыстарды жүргізуде «Бәйтерек» холдингі мен «Даму» қорына елеулі көмек көрсетуге дайын», – деп хабарлады ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Нұржан Әлтаев 2015 жылға бизнесті қолдау бағдарламасын қабылдау жоспарланып отырғанын еске сала кетті. Ол бойынша қазірде мемлекеттік органдар да, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да үлкен жұмыстар атқаруда, деп атап өтті ол.

«Жер-жерлерде, өңірлерде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белгілі бір төрешілдік және мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жұмысындағы үйлесімнің жоқтығы кездесіп тұрады. Қазірде Ұлттық экономика министрлігі, «Бәйтерек» холдингі және «Даму» қорымен бірге «Бизнестің жол картасына» өзгертулер енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр мемлекеттік көмек беру мерзімдері қайта қаралмақшы», – деп қорытты Нұржан Әлтаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер