astana-view

Абылай Мырзахметов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің жай-жапсары жайлы баяндады

2014 жылғы 11 Қараша
3775 просмотров

Бүгін, 11 қарашада өткен «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов елдегі кәсіпкерліктің ағымдағы ахуалы жайлы баяндама жасады. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгіне отырып, ол халықаралық нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында бизнесті мемлекеттік қолдаудың аса зор маңыздылығын атап өтті. Абылай Мырзахметов кәсіпкерлікті дамытуға стратегиялық бағыт «Нұр Отан» партиясы сайлау алды тұғырнамасы басымдылықтарының бірі екенін, осы бағытта теңдессіз шаралар қабылданып жатқанын баса айтты.

«Осы жылдың басында экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінген болатын, оның ішінде 100 миллиард теңге «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі және екінші деңгейлі банктер арқылы игеріліп те қойды. Бұл өңдеу саласына, әсіресе тамақ өнеркәсібіне салмақты қолдау болды, бұл – жаңа өндірістерді құру үшін іргетас. Қаржыландырылған жобалардың 60%бұл жаңа жобалар, және де олардың жартысы азық-түлік саласына жатады. «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес–2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және басқа да бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Үкіметтің баяндамасында айтылып та кетті, 4,5 мың жоба 80 миллиард теңге сомаға субсидияланған. Осыған қоса кредиттерді кепілдендіру сияқты құралды атап өткім келеді, оның көмегімен 40 миллиард теңгеге 600 жоба қаржыландырылып отыр», – деп хабарлады ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы. Ол сонымен қатар «Агробизнес–2020» бағдарламасына қатысты, соның ішінде, қаржылай сауықтыру бойынша бағыттарда, ауыл шаруашылық өндірушілерінің алғысын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев қаржыландырылған ШОБ субъектілерінің экономикалық тиімділігін көрсету мерзімдері жайлы сұрады. ҚР ҰКП болжамбарына сүйенсек, кәсіпорындар қаржылай көмектен іс жүзіндегі қайтарымды 1,5 жылдан соң көрсете бастайды.

Абылай Мырзахметов халықтың бизнеске тартылуының өсіп келе жатқаны жайлы айтып берді. Сонымен, Елбасы тапсырмасы бойынша құрылған мамандандырылған әдістемелік құралдар, әсіресе, ауылда көп талап етілетін болып шықты, деп атап өтті ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы. «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» анықтамалығында отбасылар өзінше шағын бизнес ұйымдастыра алу үшін, қарапайым, қолжетімді жобалар баяндалған. Осы анықтамалықты ойдағыдай қолданып жүрген Қызылорда, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстардың шалғайдағы аудандары тұрғындарынан жақсы-жақсы пікір алып жатырмыз», – деді Абылай Мырзахметов, әрбір облыс орталықтары мен аудандарда «бір терезе» қағидасы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары қызмет жасап жатқанын атай өтіп.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар жұмыс жасауы мүмкін ШОБ-тың көптеген бағыттарын атай кетіп, осы бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті. Халықтың іскерлік әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар – мемлекеттің, партияның және ҰКП қолдауы бар, деді «Нұр Отан» партиясының Төрағасы.

Абылай Мырзахметов сонымен қатар кәсіпорын қажеттілігіне сәйкес кадрлар даярлауды көздейтін дуалды оқытуды енгізу бойынша «Жол картасын» жүзеге асыру жайлы да хабарлады: «Біз 10 колледжді қамқорлығымызға алып та қойдық. Қазір материалдық база мен оқу бағдарламалары толығымен жаңартылуда. Оқу уақытының аз дегенде 60%-ын студенттер іс-тәжірибеде өткізетін болады. Бұл үшін заң жүзінде барлық жағдай жасалды». ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы өткен екі жылдағы ШОБ белсенді субъектілері (50 мыңға) және осы салада жұмыс жасаушылар (150 мыңға) санының өсуін атап өтті.

«Жағымды инвестициялық климат жасау бойынша айтарлықтай салмақты жұмыс жасалуда. Сіздің тапсырмаңыз бойынша қабылданған және партия фракциясы қолдаған Заң, біріншіден, жаңа рұқсат беру құжаттарының пайда болуына принципті түрде тосқауыл қояды. Ендігі жерде олардың тізбесі заң жүзінде белгіленген және мемлекеттік орган оны кеңейте алмайды. Бұл тек заңнамаға өзгеріс енгізумен ғана мүмкін болады. Дәрежесі бойынша рұқсат ету құжаттарын жіктеудің, санаттаудың жаңа қағидалары енгізілді. Халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер төндіретін салалар, осылайша, анық ерекшеленіп отыр. Сіз қол қойған кәсіпкерлік қызметті жақсарту бойынша түбегейлі шаралар туралы Жарлық мемлекеттік органдардың қадағалау қызметін бақылаудың принципті түрдегі реформаларын жасайтындығына сенемін. Сонымен, тексеру жоспарлары өзгертіліп, оларға қойылатын талаптар қайта қаралды. Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлер жауапкершілігін сақтандыру институты енгізілетін болады. Бұл реформаның бизнес мүддесін қорғауға сүбелі үлес қосарына сенімім мол», – деп айта кетті Абылай Мырзахметов бизнес-қоғамдастық үшін басымдылықтар жайлы. Ол сонымен бірге ШОБ субъектілеріне жарияланған мораторий үшін жеке алғысын білдірді. Сондай-ақ Төраға арбитраж туралы жоспарланып отырған бірыңғай заң қабылдануының маңыздылығын да атап өтті: «Бұл да шаруашылық дауларды шешуде бизнеске ықпалды құрал береді. Заң сәуір айында қабылданады. Біз мәселелерді Жоғарғы сотпен және Үкіметпен белсенді түрде пысықтадық. Тұжырымдама дайын».

Абылай Мырзахметов Нұрсұлтан Назарбаевқа отандық бизнес жайлы қамқорлығы үшін алғысын білдіріп, кәсіпкерлердің Қазақстан дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сендірді. 

Бүгін Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанын айта кетейік. Президент шағын және орта бизнесті экономика өсуінің негізгі қозғалтқыш күші ретінде дамытуды жалғастыруға тапсырма берді.

«Экономикалық өсудің қозғалтқыш күші ретінде ШОБ-ты дамыту бойынша, 2050 жылға қарай ЖІӨ-дегі оның үлесін  50%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру керек. Бұл көрсеткішке оған дейін де жетіп қалармыз. Сонымен бірге 2015-2017 жылдарға бөлінген жалпы сомасы 155 миллиард теңгеге Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүнижүзілік банк есебінен ШОБ үшін кредиттік желіні тиімді түрде қолдану қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бағыт» Жолдауында. Президент Ұлттық қор қаражаты есебінен шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасына сұраныстың ұсыныстан асып кеткенін де айтып кетті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер