astana-view

Астанада құрылыс саласының Бірінші Еуразиялық Конгресі өтіп жатыр

2014 жылғы 02 Желтоқсан
3402 просмотров

2014 жылғы 2 және 3 желтоқсанда өтетін Конгресті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруда. Оған Қазақстаннан, Ресейден, Белорусьтан және басқа да елдерден 500-ден астам делегат қатысады.

Конгресс ірі құрылысшылардан бастап өндірісшілер, сәулетшілер, қала құрылысшылары, риэлторлар мен қаржыгерлерге дейінгі құрылыс саласының барлық өкілдерін біріктірмекші. Бұл мамандар кездесуінің мақсаты – міндеттерді бірлесе анықтау және оларды шешудің тиімді механизмдерін жасау.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов құрылыс саласының 2008 жылғы дағдарыстан кейін жылдам қайта қалпына келіп, 2013 жылы ЖІӨ-нен 7% құрап үлгергенін сөз қылды. «Бұл өте маңызды сала. Ол халықтың 8%-н жұмыспен қамтып отыр. Қаржыландыру көлеміне келер болсақ, 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін құрылыс секторы 1,3 триллион теңге кредит алған. 2013 жылы 6,8 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Және де бұл Қазақстанның ұлттық экономикасы көлемінде ғана», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов. Ол сонымен қатар мына мәселелердің маңызын баса айтып өтті: рұқсат беру жүйесінің және барлық бейіндік нормативтік базаның реформасы, инвестиция тарту, кадрлар даярлау және т.б. ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы өзін-өзі реттеу туралы заң жобасына қатысты мәселелерді талқыға салу қажеттігіне назар аударды.

ҚР ҰКП Құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ комитетінің төрағасы Александр Белович интеграциялық процестерге орай құрылыс саласы өкілдерінің алдында үлкен жұмыс тұрғанын атап өтті. Сәйкес міндеттерді шешуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көмектеспекші. «Қауымдастықтар мен кәсіпкерлер ұсынған ақпарат негізінде сала түйткілдерінің тізілімі жасалып, оған 150-ден астам түйткілді мәселе енгізілді. Олардың бір бөлігі шешілді, қалғаны – қаралу сатысында, – дейді Белович. – Құрылыспен айналысу барған сайын қиындап барады: рұқсат ету процестері күрделенуде, инвестициялық цикл ұлғаюда».

«Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты жалпы ел экономикасын, соның ішінде құрылыс индустриясын қолдауға бағытталған. Барлық жолдар, жалға берілетін тұрғын үй және жалпы индустриялық бағдарлама құрылыс кешенінің белсене қатысуын болжайды. Соңғы кездері 770 кәсіпорын салынған, ал оларды тұрғызған кім? Құрылысшылар», – деді ҚР инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау. Ол сонымен бірге кәсіпкерлермен тікелей талқыға салатын түйткілдердің бар екендігін атап өтті.

Беларусь сәулет және құрылыс министрінің орынбасары Александр Кручанов құрылыс саласын дамытудағы ғылымның маңызды роліне тоқтала кетті. Оның сөзіне сүйенсек, ғылым тәжірибемен селбесе отырып индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер бермекші.

Ресейдің Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы төрағасының орынбасары Андрей Лоцманов құрылыста мемлекет тарапынан бақылауды жеңілдету мен салынып жатқан нысандар сапасының арасында теңгерім сақтау қажеттігін сөз қылды.

Құрылыс саласының Бірінші Еуразиялық Конгресінде кадрлық қамсыздандырудан бастап ақпараттық ашықтыққа дейінгі аралықтағы кең көлемдегі мәселелерді талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар әлемдік мегаполистер мысалында жобалау және қала құрылысы, жасыл технологияларды дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және басқа да көптеген мәселелер пікірталас мәніне айналмақшы. Конгресс жыл сайын өткізіліп тұрады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер