astana-view

ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен ҰКП Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті

2014 жылғы 11 Желтоқсан
3482 просмотров

Бүгін, 11 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті.

ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев отырысты аша отырып, Ұлттық палатаның ұйымдастырылу және қалыптасу кезеңінің артта қалғанын, сонымен қатар бизнес-қоғамдастық пен Үкімет арасындағы сұхбаттастықтағы жағымды өзгерістерді де атап өтті.

«Қалыптасудың алғашқы жылында Үкіметтің құзыретті де толық құқылы серіктесі позициясына жайғаса алдық. Ұлттық палата атына кәсіпкерлер құқығын қорғау саласында 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Мәселелердің бір бөлігін бизнестің пайдасына шеше алдық, онымен қоса барлық өтініштер жүйелендіріліп, ҰКП Бас прокуратурамен бірге кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестер вертикалін ұйымдастырды. Бас прокурор Асқат Дауылбаев тоқсан сайын жиналыс өткізіп тұрады. Ықпал етудің осы механизмі бұл бағытта айтарлықтай тиімді түрде жолға қойылып отыр», - деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Төралқа Төрағасы сонымен қатар ҰКП-ның кәсіпкерлікті дамытудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру жағынан жасаған жұмыстары жайлы хабарлады: 4 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер қаралып,  420 түзету енгізілді. Тимур Құлыбаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартты даярлау аясында бизнес-қоғамдастық пен Үкімет арасында қалыптасқан тиімді ынтымақтастықты ерекше баса айтты.

«2015 жылы біз өз жұмысымызды өңірлік деңгейге жұмылдыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Ұлттық палата мен Үкімет, орталық мемлекеттік органдар үшін сындарлы сұхбат алаңының құрылғанын сеніммен айта аламыз. Келер жылдың міндеті бұл жұмысты өңірлерге аудару. Біз 2015 жылды өңірлердегі жұмыс жылы деп жарияладық», - деп хабарлады ҰКП Төралқа басшысы. Ол сонымен бірге әкімдіктермен кәсіпкерлік қызметті қолдаудың барлық аяларын көздейтін келісімдерге қол қоюдың жалғасып жатқанын атап өтті.

ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Ұлттық палатаның бір жыл бойғы жұмысы жайлы есеп беріп, негізгі төрт бағытқа ерекше тоқтала кетті: бизнес-ортаны жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдау, адами капиталды дамыту және бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету. «Кәсіпкерлер үшін 8,4 миллиард теңге сомасына айыппұлдар мен өсімпұлдардың күші жойылды. Сонымен қатар, шешімін тапқан жер, салық, экологиялық және басқа да даулар түріндегі елеулі жанама әсерлер де жоқ емес. Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі іс-шаралар аясында құрылуы көзделген бизнес-омбудсмен институтының кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бойынша жұмысы айтарлықтай күшейтіледі деп күтілуде», - деп ақпараттандырды Абылай Мырзахметов.

ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің басшысы Асқар Махамбетов, ҰКП Төралқасы Құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ  комитетінің төрағасы Александр Белович, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаева, ҰКП Төралқасы Фармацевтика, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитетінің төрағасы Арнұр Нұртаев және ҰКП Төралқасы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің төрағасы Мейрам Пішембаев өз сөздерінде салалардағы өзекті мәселеледі көтерді.

«2014 жылы Үкімет пен кәсіпкерлік арасындағы сұхбат Ұлттық палатаның көмегімен іске асты. ҰКП өкілдері Үкіметтің барлық дерлік отырыстары мен ірі жиналыстарына қатысып тұрады. Сіздердің шоғырландырылған көзқарастарыңызды білдіре алатындықтарыңыз өте маңызды, ол бизнес пен Үкімет арасындағы объективті пікірталастың мәніне айналады», - деп қорытты ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.

Премьер-Министр бұл жұмыстың 2015 жылғы болжанып отырған күрделі макроэкономикалық жағдайларға орай күшейтілуге тиісті екенін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

ҰКП Төралқасы кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша 2015 жылғы 17 қаңтарда Ұлттық палатаның кезектен тыс Съезін шақыруға шешім қабылданды. Міндетті мүшелік жарналарды төлеу мөлшерлері мен тәртібін қайта қарау туралы мәселені талқыға салу жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер