astana-view

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңес құрылды

2014 жылғы 22 Желтоқсан
3818 просмотров

Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңес Ұлттық палатаның консультативтік-кеңесу органы. Кеңес Қазақстанда осы саланың дамуы үшін қажет шаралар кешенін дайындау, сараптамалық бағалау және өркендету үшін және мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекеттестігін үйлестіру үшін құрылды.

Кеңестің негізгі міндеттері:

- жастар кәсіпкерлігін тиімді түрде қолдау және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау;

- жастар кәсіпкерлігі саласындағы істер ахуалын жалпылау, оның дамуына кедергі келтіретін себептерді жою тәсілдерін анықтау және белгілеу;

- жастар саясаты саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны, орта ерекшеліктерін ескере отырып кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің өзара әрекеттестік механизмдерін талдау, социологиялық зерттеулер жүргізу;

- нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру және жүзеге асыру бойынша ұсыныстар жасап шығу;

- ҚР Президентінің қарауына шығарылатын Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділіктің ахуалы жайлы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы даярлауға және жариялауға қатысу.

ҚР ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесі бизнес, мемлекеттік орган, жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б.  өкілдерін өзекті мәселелерді талқылауға тартатын болады. Ұлттық палатаның жаңа органы қызметі бағыттарының бірі орталық және жергілікті атқарушы органдарға жас кәсіпкерлердің жұмыс жасау процесінде туындайтын түйткілдерді шешуде консультация беру болмақшы. Кеңес халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнататын болады.

ҚР ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесінің Төрағасы – танымал қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышев. Кеңес құрамына жас кәсіпкерлер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР ҰКП, ҚР Ұлттық банкі, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері кірді.

24 желтоқсанда ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың қатысуымен Кеңестің бірінші отырысы өтеді. Отырыста өзекті түйткілдерді талқылаумен бірге 2015 жылға арналған Жұмыс жоспары бекітіледі деп күтілуде. Отырысқа қатысушылар құрылған органның мақсат, міндеттерімен танысады, сонымен қатар оларға қазақстандағы жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі баяндамалар мен жобалар ұсынылмақшы. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер