astana-view

Қазақстандықтар мектеп қабырғасынан бастап бизнеске оқытылатын болады

2014 жылғы 24 Желтоқсан
3128 просмотров

Оқушылар арасында бизнес дағдыларын дамыту бойынша жоба Қазақстанда 2015 жылдың басынан бастап іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін 24 желтоқсанда өткен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысының барысында белгілі болды. Жиналыста жаһандық тұрғыдан ойлайтын бизнес-көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасуына және олардың әлемдік кәсіпкерлік қоғамдастыққа интеграциясына септесетін «SAGE Kazakhstan» коммерциялық емес халықаралық білім беру бағдарламасы таныстырылды.

Қазақстандағы SAGE бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Зәуре Уәлиева айтып бергендей, бағдарлама білім алушылар арасында табысқа ие; және де қазірде ҚР Білім және ғылым министрлігі оның өзектілігін атай отырып, жалпы жобаны құптауда. Жақын арада келісімге қол қою жоспарланып отыр.

«Мектеп оқушыларының кәсіпкерліктің не екенін ұғыну, олардың қандай да бір негізгі базалық білімдер алу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. SAGE жобасы осы тұрғыдан аса тиімді. Бүгінде бағдарлама әлемдегі 20 дамушы елдің 7,5 мыңнан астам жоғары сынып оқушыларының басын біріктіруде. Оның үстіне, біздің ойымызша, жоғары сыныптағыларды ғана емес, орта буынды да тартуға болады», - деп атап өтті Зәуре Уәлиева.

Жоба Қазақстанда 2013 жылдан бері жүзеге асырылуда. Қазірде ол бүкіл ел бойынша 200-ден астам оқушыны қамтиды. Олар өз ісін ашудың қыр-сырына, топта жұмыс жасауға, презентациялар өткізуге, демеушілер тартуға және басқаларына оқытылуда. Оқушылар заманауи экономикалық, әлеуметтік және экологиялық процестерді ұлттық және жаһандық көлемде түсінуге үйренеді. Сондай-ақ олар шынайы жобалармен жұмыс жасайды. 2014 жылғы маусым айында Астанада   SAGE жобасынан алғашқы ұлттық чемпионат өтіп, жеңімпаздар Мәскеуде өткен әлемдік біріншілікте бақ сынасты.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңес құрылғанын естеріңізге сала кетейік. ҚР ҰКП консультативтік-кеңесу органы Қазақстанда осы саланы дамыту үшін және мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар әрекеттестігін үйлестіру үшін қажет шаралар кешенін дайындау, сараптамалық бағалау және өркендетуге негізделген. Кеңес құрамына жас кәсіпкерлер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР ҰКП, ҚР Ұлттық банкі, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері кірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер