astana-view

Астанада ҚР ҰКП жанынан бизнес мектебі ашылды

2015 жылғы 13 Қаңтар
3415 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз жастар, жас және ісін бастаушы кәсіпкерлерге арналған «BASTAU» Бизнес-мектебі» оқыту жобасын іске қосты. ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының Кеңесшісі, Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Кеңес Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Бизнес-мектептің бірегей форматы жайлы айтып берді: әрекеттегі тренингтер мен семинарлар негізінде даярланған бағдарлама үш сатыдан тұрады. Әрбір деңгейдегі оқыту бір айға созылады әрі мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектепті аяқтаған соң түлектерге инвестициялар тартқанға дейін немесе жұмысқа тұрғанша қолдау көрсетіледі. Ең бастысы олар өздері сияқты жігерлі, қайратты да жас кәсіпкерлер арасында бизнес-қоғамдастықтың бір бөлігіне айналады.

«Біз еліміздің 8 өңіріндегі жастардың қажеттіліктерін зерттеп білдік. Олардың көпшілігі өзінің материалдық жағдайының жақсару мүмкіндігін дәл осы кәсіпкерліктен көріп отыр. Олар үшін бизнес – белгілі бір әлеуметтік баспалдақ. Алайда сонымен бірге олардың өзін-өзі жүзеге асыруына бөгет жасайтын түйткілдер де жоқ емес. Олардың бастысы – бизнес білімнің, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жайлы ақпараттың болмауы және бастапқы капиталдың жоқтығы. Мектебіміздің қызметі аясында біз оларға осы түйткілдерді шешуге көмектесуге тырысамыз. Қазірде осыған ұқсас көптеген бизнес-мектептер жұмыс жасауда. Алайда талдау көрсеткендей, оларды аяқтаған соң ондағы түлектердің аз ғана бөлігі бизнесмен болып жатады. Бұның себебі неде? Үш күн, бір апта, 10 күнге созылатын бағдарламалар бар. Бұл уақыт ішінде нені үйреніп үлгеруге болады? Көптеген бизнес бағдарламалардың тиімсіздігінің бір себебі осында жатқан шығар. Үш ай бұл біршама шынайы мерзім. Осы кезең ішінде кәсіпкерлік негіздеріне үйренуге, бизнесмен психологиясын сіңіруге мүмкіндігіңіз көбірек болады. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарымен танысып шығасыз. Екінші кезеңде өзіңіздің жеке бизнес-жобаңызды жаза бастайсыз, ал біз сарапшылармен бірге оның 3D кескінін жасауға, яғни оны барлық қырларынан қарауға көмектесеміз. Оқуды аяқтаған соң қолыңызда өзектендірілген, жүзеге асыруға дайын бизнес-жоба болады. Біздің бизнес-мектебіміздің басымдылығы осында», - деп жеткізді Эльдар Жұмағазиев жаңа «BASTAU» Бизнес-мектебінің» әлеуетті білім алушыларына.

Болашақ кәсіпкерлер оқытудың бірінші кезеңінен тегін өтеді. Бұл кезең уәждеме және келіссөздер жүргізу, сондай-ақ сату және бизнес-ойлауды дамытудың қыр-сырына үйретуді көздейді. Екінші деңгейде білімгерлер нарықты талдау жолымен болашақ бизнестің стратегиясын құру мүмкіндігін алады және өз ісін әлеуметтік желілер арқылы өркендетуге үйренеді. Жобаның аяқтаушы сатысы Бизнес-мектептің бітіруші кезеңі болып табылады. Бұл кезеңде мектепте білім алушылар өз бизнес-жобаларын қорғап, табысты кәсіпкер-тәлімгерімен жұптасып жұмыс жасайтын болады.

Үш ай өткен соң ісін бастаушы кәсіпкерлер Бизнес-мектепті бітіргені жайлы сертификат алады да, ҚР ҰКП тәжірибелі бизнесмендермен бірге оларға ісін ашуда, инвестициялар тартуда немесе жұмысқа орналасуда қолдау көрсететін болады.

Бизнес-мектептің құрылуы туралы ҚР ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Кеңесінің бірінші отырысында хабарланғанын естеріңізге сала кетейік. Мектеп осы саланың Қазақстанда дамуына қажет шаралар кешенін әзірлеу, сараптамалық бағалау және өркендету үшін, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар әрекеттестігін үйлестіру үшін құрылды. Кеңес құрамы жас кәсіпкерлерден, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарынан, ҚР ҰКП, ҚР Ұлттық банкі, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өкілдерінен, сонымен қатар БАҚ өкілдерінен тұрады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер