astana-view

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенде ауыл шаруашылығына субсидияны ұлғайту қажет

2015 жылғы 14 Қаңтар
3464 просмотров

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов 14 қаңтарда өткен брифингте осындай мәлімдеме жасады.

«Кез-келген интеграцияға кіру бұл қашан да сынақ, бәсекенің өсуі. Яғни енді біз көптеген ДСҰ нормалары бойынша кедергі орната алмаймыз, себебі импорт үшін баж төмендейтін болады, және де бұған дайын болу қажетЕкіншіден, жергілікті мазмұн, мемлекеттік сатып алуларға қатысты көптеген ішкі қолдау нормаларын қолдана алмаймыз. Бірақ мұның жағымды тұстары да жоқ емес. Мәселен, субсидиялау себетін алар болсақ, әсіресе ауыл шаруашылығын субсидиялауды, онда біз ДСҰ-дағы сол себеттің айтарлықтай төмен деңгейінде жатырмыз, яғни субсидияларды өсіруге арналған үлкен алаң бар», – деді Ұлттық палата басқарма басшысы.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, ауылдағы субсидия деңгейі бойынша әзірше Қазақстан тіпті өзінің басты одақтастары Белорусь пен Ресейден де артта қалып қойған. Сонымен бірге ол ашықтық, бәсекеге қабілеттілік саясатын ұстанған Қазақстанға қандай да бір қорқыныш үшін негіз жоқ екенін баса айтты. Оның үстіне, ҰКП Басқарма Төрағасының ойынша, ҚР да нарықтарға, технологияларға қол жеткізеді, капитал алмасу, тауар қозғалысы және т.б. мүмкіндіктерге ие болады. Сонымен бірге, төраға сөзіне сүйенсек, Қазақстан ДСҰ көптеген нормалары бойынша бұрыннан жұмыс жасап та жатыр. Абылай Мырзахметов «біз үшін қазір ЕАЭО-да орын алып жатқан дүниелердің маңыздылығын» атап өтті.

Ұлттық палата Басқарма Төрағасы Еуразиялық экономикалық одақтан күтілетін мәселелерді сөз етіп, «ЕАЭО туралы Шарт бұл КО-ның қисынды жалғасы, 2011 жылы басталған жұмыстың соңы» екенін баса айтты. ЕАЭО – бұл тек қана экономикалық одақ, және де бұл жағдайда кедергілерді алып тастау, тауарлар, капитал қозғалысы және т.б. процестерді тереңдету жүріп жатыр.  

«Қазақстан үшін бастысы – бұл өткізу нарықтарына қол жеткізу. Әрине, бұл оңай мәселе емес. Егер РФ-мен негізгі тауар айналымы төмендесе, онда, құбыр, трансформаторлар,құрылыс материалдары, мұнай химиясы өнімдері сияқты жекелеген өнімдерді алар болсақ, біздің еліміз алғаш рет экспортқа шығу мүмкіндігін алып отыр. Мысалы, Кентау  трансформатор зауыты Оралда филиалын ашты, себебі РФ-ға трансформатор жеткізу үшін аса зор нарықты байқап отыр. Кондитерлік фабрикалар да Ресейге өз өнімдерін табыспен жеткізеді, бажсыз жұмыс жасайды. Әрине, бұл нарықты игеру қажет», – деді ҰКП Басқарма Төрағасы.

Ол сонымен бірге «ортақ міндет бұзушылықсыз, кемсітусіз, заңды да тең қағидатты бәсекелестік» екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Ұлттық палата Басқарма Төрағасы Қазақстан мен ЕАЭО экономикасына жалпы Қытайдың да үлкен қызығушылық танытып отырғанын хабарлады. Оның ойынша, Аспан асты империясы әлемдегі салмақты инвесторлардың біріне айналуы мүмкін. «Жақында ғана ҰКП-да Қытайдың Сыртқы сауда банкінің өкілдері болып қайтты. Олар қазақстандық тауар өндірушілерді инвестициялауға дайын, себебі, олардың айтуынша, Қазақстанда қазір жағымды инвестициялық климат байқалуда», – деп бөлісті Абылай Мырзахметов. Осылайша, қытайлық инвестициялармен ресейлік нарықты нысанада ұстап өнім өндіре беруге әбден болады. 

Сонымен бірге, ҰКП Басқарма басшысы атап өткендей, Қытаймен ынтымақтастық орнатқан жағдайда Қазақстан үшін шикізаттық емес сектордың дамығаны маңызды, және де бұл жағдайда біздің еліміз инвестиция тартудың жекелеген тұстарын талқылауға дайын. Оның ойынша, қытайлық инвесторлар қызығушылығы – бұл да ЕАЭО басымдылықтарының бірі.

Бүгін, 2015 жылғы 14 қаңтарда ҚР ҰКП орталық аппаратында Басқарма Төрағасының брифингі өткенін естеріңізге сала кетейік. Брифинг барысында ресейлік валюта әлсіреген жағдайда ішкі нарықты қорғауға қатысты Ұлттық палатаның ұсыныстары түсіндірілді.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер