astana-view

Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту туралы заң экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін арттырады

2015 жылғы 16 Қаңтар
4303 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Нұржан Әлтаев пен Гүлнар Құрбанбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2015 жылғы 1 қаңтардан күшіне енген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның басты жаңалықтарын, сонымен қатар бизнесті бейқаржылық қолдау саласында күтіліп отырған өзгерістерді түсіндірді.

Гүлнар Құрбанбаева жаңа заңды даярлау жұмыстарының бір жылға созылғанын және Ұлттық палатаның оған белсене атсалысқанын жеткізді: «Бұл заң кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар санын қысқарту үшін қажет. Бұл жеке заңнамалық акт емес, бұл кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жағдайды жақсартатын немесе жеңілдететін 11 кодекске, 94 заң мен барлық ықтимал нормаларға өзгертулер енгізу».

Жекеменшік кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау төрт топқа бөлінген:

1) оларға қатысты жоспарлы тексерістер жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар). Бұл топ қызметтің ең қауіпті түрлерінен тұрады (атом энергиясы, қару, есірткі құралдары, прекурсорлар, улар, өнеркәсіп айналымы, эпидемиялық тұрғыдан маңызды объектілер және басқа да осыған ұқсас салалар), оларға қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерістер жүргізудің (жоспарлы тексеріс) ерекше тәртібі, жоспардан тыс тексеріс және бақылау мен қадағалаудың өзге де формалары қолданылады;

2) оларға қатысты тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде таңдамалы (жеке кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын есептілікті талдау), жоспардан тыс тексерістер және бақылау мен қадағалаудың өзге де формалары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар);

3) оларға қатысты анықталған бұзуларды жою туралы ұйғарымның орындалуын бақылау, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік заңды мүдделеріне залал келтіру қаупі туралы не болмаса, залал келтірудің нақты деректері бойынша прокуратура органдарының тапсырмалары, өзге де мемлекеттік органдардың өтініші негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар);

4) оларға қатысты тексерістер жүргізусіз бақылау мен қадағалаудың тек өзге формалары ғана жүргізілетін тексерілетін субъектілер (нысандар).

Заңнамалық актілерден орындалмауы жағымсыз оқиғаның тікелей туындау қаупіне әкелмейтін талаптар, сондай-ақ екінші дәрежедегі талаптар алынып тасталды. 5 228 талаптан 1 810 талапқа қысқартылды, не болмаса жалпы мөлшерден 34,6%.

35 рұқсат ету құжаттары күшін жойды. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасы тапсырмасын орындау үшін бизнестің дамуына бөгет жасаушы нормалардың күшін жою мәніне заңнамаға тексеріс жүргізді. Заңға тексеріс қорытындысы бойынша ҰКП әзірлеген 100-ден астам  түзету енгізілді. Сонымен қатар қазірде заңасты актілеріне шамамен 70 өзгерту қарауда жатыр.

Жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту процедурасы оңтайландырылды. Сонымен қатар тарату процедуралары да жеңілдетілді. Атап айтқанда, қызметін тоқтататын салық төлеушінің таңдау құқығы бар – кәсіпорынды салық органының тарату тексерісін жүргізу жолымен тарату немесе аудиторлық ұйымның қорытынды жасауы ақылы.

Заңмен кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша уәкілетті институт енгізіледі. Бизнес-омбудсменді ҚР ҰКП Төралқасы ҰКП Басқармасының ұсынысы бойынша төрт жыл мезімге тағайындайды. Ұлттық палатаның құзыреттілігі бірқатар функциялармен толықтырылған: Кеден одағы тауары және шетелдің тауар мәртебесін анықтау бойынша, «Алтын Сапа» байқауын өткізу бойынша, әлеуетті кәсіпкерлік субъектілерін бейқаржылық қолдау операторы болу мүмкіндігін белгілеу бойынша және т.б.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды, әзіресе ауылдық деңгейдегілерді жүзеге асыруда, өкінішке орай, өз ісін ашқысы келетін азаматтар үшін белгілі бір кедергілердің барын атап өтті.

«Елбасы Үкіметтің де алдына, ҰКП алдына да шағын және орта бизнес үлесін арттыру бойынша қойып отырған міндетті орындау үшін, біз ең алдымен бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарды тарту қажет деп есептейміз. Біз 2015 жылы әрбір аудан орталығында толық форматтағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру бойынша алдымызға аса үлкен міндеттер қойдық», - деді Нұржан Әлтаев. 

Ұлттық палата өңірлерде кәсіпкерлер қаржыландыру алғанға дейін бизнес-жобаны толыққанды сүйемелдеумен бизнесті қолдаудың барлық құралдарын ұсыну бойынша «бір терезелі» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын (КҚО) анықтау жолымен кәсіпкерлерді қолдаудың ағымдағы жүйесін жетілдіруді ұсынады. Сонымен қатар, тараптардың тиімді және өзара пайдалы ынтымақтастығы негізінде ШОБ құзыреттілігі деңгейін көтеру арқылы кәсіпкерлік әлеуетті күшейту үшін, 2014 жылғы 30 желтоқсанда ҰКП және «Даму» Қорының арасында кәсіпкерлік субъектілерін және кәсіпкерлік бастамасы бар халықты бейқаржылық қолдау шаралары аясында әрекеттік бойынша Келісімге қол қойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер