astana-view

Қазақстандық және венгерлік кәсіпкерлер елдер арасындағы тауар айналымын арттырмақшы

2015 жылғы 03 Ақпан
3663 просмотров

2015 жылдың 30 қаңтарында Будапешт қаласында (Венгрия) қазақстандық-венгрлік Іскерлік Кеңестің 4 отырысы өтті.

Қазақстандық тараптан «Kazenergy» ЗТБ Тең төрағасы, Басқарма Төрағасының Орынбасары Жамболат Сәрсенов, Қазақстанның Сыртқы сауда Палатасы Басқарма Төрағасы Сабыр Есімбеков және іскер топтар өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында Сабыр Есімбековтың Венгрия Сауда-өнеркәсіп Палатасы Президенті Др. Л.Паррагпен кездесуі өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Венгрия Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды.

Тараптар Іскерлік Кеңес отырысының барысында сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту және кеңейтудегі өзекті мәселелерді талқыға салды.  Алдыңғы қатарлы технологиялар, мұнай-газ және ауыл шаруашылық салаларындағы, сондай-ақ фармацевтика, телекоммуникациялар, туризм, құрылыс, автомобиль және қайта өңдеу өнеркәсібі, көлік және инновациялар саласындағы ынтымақтастық үшін жүзеге асырылмаған зор әлеует аталып өтті.

Венгрлік бизнесмендер Қазақстанның инвестициялық және іскерлік климатына жағымды баға беруде, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қызығушылық танытып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне даярлық барысына, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бағыттына ден қойды.

Тараптар сонымен қатар соңғы үш жылда 130 млн. АҚШ долларынан аспай тұрған тауар айналымын арттыру қажеттігі жайлы пікірге ортақтасты.

Осы мақсатта, сонымен қатар венгрлік кәсіпкерлердің қазақстандық серіктестермен бизнесті дамытуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылығының өскенін ескере отырып, тараптар келесі отырысты үстіміздегі жылдың мамыр айында VIII Астана экономикалық форумы қарсаңында өткізу мүмкіндігін қарауға келісті.

Сонымен қатар ынтымақтастықтың нақты формалары ұсынылып, бұл ұсыныстарды қатысушылар «В2В» форматындағы екі жақты кездесулер аясында талқылады. Іскерлік Кеңес Хатшылығының функцияларын қазақстандық тараптан Қазақстандағы сыртқы экономикалық қызмет дамуына жауап беруші ҚР ҰКП 100% еншілес ұйымы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы (бұдан әрі – ССП) орындайды. Хаттар мен ұсыныстар үшін: тел.: (7172) 27-96-16, info@kazcic.kz 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер