astana-view

Қостанай облысының кәсіпорындары өнімді жөнелтуде қиындыққа ұшырауда

2015 жылғы 18 Ақпан
4025 просмотров

Қостанай облысының бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындары шығаратын өнімдерін жөнелту мүмкіндігі үшін темір жол тармағын салуға мұқтаж болып отыр. ҚР инвестициялар және даму жөніндегі министрі Әсет Исекешев бастаған үкіметтік делегацияның өңірге жасаған сапары барысында компания басшылығы осылай мәлімдеді.

«ЕвразКаспианСталь» ЖШС – құрылыс темір арқауын шығару жөніндегі зауыт делегаттар келген нысандардың бірі болды. Директор Сергей Сотников жобалық қуаттылыққа шығу кезінде мұнда жылына 30 млн АҚШ долларынан астам сомаға 450 мың тонна ұсақ сортты прокат шығару көзделіп отырғанын жеткізді. Ал ол кезде салық аударымдары шамамен 12 млн. долларды құрамақшы.

Бүгінде кәсіпорын күн сайын 1 мың тонна өнім шығарады, алайда кейін оны жөнелтуде зауытта түйткіл туындауы мүмкін.

«Қаланың солтүстік-батыс бөлігінде бірден үш кәсіпорын орналасқан («ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «Қостанай МБИ» ЖШС - авт.еск.). Ал бізде бары сонау 80 жылдары салынған тұйыққа тірелген темір жол. Жақын арада жол салуды бастамасақ, онда біз жөнелтудегі түйткілдерге ұшыраймыз да, бұл келісім-шарт міндеттемелерін орындау мерзімін бұзуға алып келеді», - деп мәлімдеді «ЕвразКаспианСталь» ЖШС директоры Сергей Сотников.

Әсет Исекешев «Баян-Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасында да болып қайтты. Фабрика басшысы Виталий Трайбердің сөзінше, Ресейге экспорттың қысқарғанына қарамастан, мұнда бисквит печеньесін өндіру жөніндегі жаңа цех іске  қосылмақшы. Қажет жабдықты сатып алу үшін 1,5 млрд теңге сомасында кредит алу жоспарда бар.

Делегация құрамымен фабрикада болып қайтқан ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рахим Ошақбаев айтып кеткендей, оған «кәсіпорын көрсеткіштері мен өндірістің технологиялық деңгейі үлкен әсер қалдырған».

«Баян Сұлу» акционерлік қоғамының негізі 1974 жылы қаланған және Қазақстандағы кондитерлік өнімдер өндіру бойынша ең ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда мұнда шамамен 200 өнім түрі шығарылады. 2011 жылы ҮИИДМБ аясында фабрикада жылына 4 мың тонна өнім беретін жобалық қуаттылықтағы таңбаланған қатты және каширленген карамель өндіру жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер