astana-view

Әкімдіктер мен кәсіпорындар арасындағы меморандумдар жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді

2015 жылғы 25 Ақпан
3843 просмотров

2015 жылғы 24 ақпанда Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен әлеуметтік әрріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, түрлі министрліктер, республикалық кәсіподақ ұйымдары өкілдері, сонымен қатар бейнеконференция байланысы жолымен облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Кездесуде өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін, жұмыстан шығарылған жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы мен жұмысқа тұруын қамтамасыз ету мақсатында өңірлер әкімдері мен кәсіпорындар басшылары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу туралы мәселелер қаралды. Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар 2015-2017 жылдарға арналған Үкімет, республикалық жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы Бас келісімді жүзеге асыру бойынша Іс-шаралар жоспарын талқыға салды.

Жиналыс барысында бүгінде республика бойынша өңірлер әкімдері мен кәсіпорындар басшылары арасында өзара ынтымақтастық туралы 23 мыңнан астам меморандум жасалғаны аталды, оның ішінде – 1 117 ірі кәсіпорындармен және 22 949 мыңы 1,4 млн-нан астам жұмыскері бар орта және шағын кәсіпорындармен.

Өңірлік келісімдерде белгіленген міндеттемелерді орындау аясында әлеуметтік сұхбат құру бойынша жүргізілген жұмыс туралы кәсіпорын басшыларының есептерін ұсынумен меморандумдардың орындалуына ай сайынғы бақылау жүргізу тәжірибесі жасалды. Оларда ұжымдық шарттар, еңбек талаптары, еңбекақы және жұмыспен қамтудың басқа да маңызды факторлары туралы ағымдағы деректер көрсетіледі. Қазіргі сәтте жұмыс орындарын сақтау және жұмысшылардың жұмыстан шығарылуына жол бермеу үшін әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік келісімдерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы қолданылып жатқан шаралар туралы мәселені талқылау процесінде Маңғыстау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды. Сонымен қатар пікірталас кезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы, кәсіподақтық ұйымдар басшылары, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Тараз металлургия зауыты» ЖШС басшылығы өкілдері сөз алды. Сонымен қатар, кездесуде әлеуметтік әріптестердің 2015-2017 жылдарға арналған Бас келісімді жүзеге асыру бойынша Іс-шаралар жоспары жобасын әзірлегені хабарланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев өндірістік процестерді тұрақтандыру үшін, еңбек құқықтары мен жұмысшылардың жұмысқа орналасуы, еңбекақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз ету үшін өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер