astana-view

Кәсіпкерлік кодексі нені реттейді?

2015 жылғы 20 Ақпан
7456 просмотров

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Рүстем Жүрсінов www.palata.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында осы мәселе төңірегіндегі пікірін жеткізді.

Парламент Мәжілісі Ұлттық палатаның белсене қатысуымен кәсіпкерлік кодексінің жобасын талқылап жатқанын еске саламыз.

- Рүстем Манарбекұлы, кәсіпкерлікке арналған құжат неліктен Кодекс түрінде әзірленуде? Неліктен заң форматында емес?

- «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес кодекстер біршама жоғары мәртебеге ие. Біз үшін бұл таңдау принцип мәселесі болды. Кодекске процедуралық тәртіпте өзгертулер мен толықтырулар енгізу анағұрлым күрделі. Және де, сәйкесінше, біз үшін кәсіпкерлер мен мемлекет үшін «ойын ережесін» реттейтін нормаларға әкімшілік ету жеңілірек болады. Осы тұрғыдан, сондай-ақ мәселелер сотта қаралған кезде Кодекстің жоғарғы мәртебесі мемлекеттік органдарды тәртіпке келтіретін болады.

- Кәсіпкерлік кодексі нені реттемекші?

- Кәсіпкерлік кодексі кәсіпкер мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастар жүйесін реттеу және жөнге салу үшін қажет. Себебі мемлекет дегеніміз – бұл, ең алдымен, көпшілік билігінің көзі, және де оның мәртебесі мен мүмкіншілігі үнемі биік тұрады. Біз мемлекеттің қандай да бір тұрғыдан келуі бойынша қарым-қатынастар қағидаттарын дайындадық. Мемлекеттік қолдау тәсілдері мен формаларын зерттей бастағанда, бізде жүйенің жоқтығын байқадық. Барлығы да жеке тұрғыдан келеді. 

- Кодексте кәсіпкерлердің заңды құқықтарын бұзғаны үшін мемлекеттік органдар жауапкершілігінің нақты дәрежесі жазылады ма?

- Кәсіпкерлік кодексінің басты мақсаты – жауапкершілік орнату емес, кәсіпкер де, мемлекет те бұза алмас үшін, анық та түсінікті ойын ережесін құру. Мысалы, кәсіпкердің қызметі қалай бақылануға тиіс, оған қандай рұқсаттар мен хабарламалар берілуге тиіс, кәсіпкерді мемлекет қалай қолдайды, қандай өлшемдер бойынша, қандай көлемде және мөлшерде. Кез-келген мемлекеттік қызметкердің өз әрекеті үшін жауапкершілік алуға тиіс болатыны түсінікті. Егер лауазымды тұлға, мысалы, салықты қате үстеп есептесе және кәсіпкер сотта мұның заңсыздығын дәлелдесе – онда осы шенеунікке қатысты сот, кем дегенде, жеке ұйғарым шығаруға тиіс, және де, екіншіден – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тәртіптік іс жүргізіп, тексеріс тағайындауға тиіс. Шенеунік келесі жолы бұл әрекетке бармайтындай болуға тиіс. Алайда бұл Кәсіпкерлік кодексінің мақсаты емес. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама аясында жұмыс жасаймыз, және де бізде ұсыныстардың бүтін бір топтамасы бар.

Бұл аса маңызды мәселелер – кәсіпкерліктің өзін-өзі реттеуі, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы ереже, онда да ойын ережесі жоқ. Сондықтан да МЖӘ-дағы жобалар саусақпен санарлық қана, ал кәсіпкерлер мұндай тәуекелдерді, соның ішінде қаржылық тәуекелдерді мойындарына алғысы келмейді.  Бұл мәселелерді сапалы түрде пысықтау – бұл біздің ағымдағы міндет.

- Болашақ Кәсіпкерлік кодексі мемелкеттік органдардың мүдделерін де қозғайтын болғандықтан, авторлардың әрбір ұстанымды министрліктер мен ведомстволардан жеңіп алуына тура келіп жүрген болар. Парламент Мәжілісінің алқа отырысына талқылауға құжат жуық арада шыға қоймас. 

- Біз бұл процестерді жылдамдатуға тырыспаймыз. Шынымен де егжей-тегжейлі әрі сапалы құжатты дайындау үшін, жарты жыл, бір жыл күтуге дайынбыз. Егер біз бәрін де дұрыс жасасақ, керемет жылжулар болады, себебі Кәсіпкерлік кодексі идеологиясының өзі де бірегей.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Жанар Бiрлiкқызы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер