astana-view

Жастарға түйткілдерді шешудің нақты жолдарын ұсыну қажет

2015 жылғы 03 Наурыз
3835 просмотров

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов ҰКП жанындағы жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңес отырысында сөйлеген сөзінде осындай ой айтты.

Бұл Кеңестің екінші отырысы еді. Біріншісінде, белгілі болғандай, «Бастау» бизнес-мектебі таныстырылған болатын. Бейнеконференция байланысы форматында өткен бұл жолғы отырыс жастар кәсіпкерлігін дамытудың өңірлік түйткілдеріне арналды. Талқылауға кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтын жастардың үкіметтік емес ұйымдары басшылары, парламент депутаттары, ӨКП және мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

«Бізде «Нұр Отан» партиясы, Білім және ғылым министрлігі, түрлі МЕҰ жанында алаңдар жеткілікті, алайда, менің ойымша, қазір жастарды алдай алмайсың. Түйткілдерді талқылаумен бірге оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну қажет. Ал егер белгілі бір сезілерлік дүниелерге қол жеткізе алсақ, бізде айтарлықтай нәтижелер болады. Мәселен, қазір ҰКП қарауына өтіп жатқан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары аясында жастарға арналған арнайы қызмет көрсету орталықтарын құруға да болады», - деп атады Абылай Мырзахметов. Басқарма төрағасы сонымен қатар наурыз айының соңына қарай барлық 180 ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының ашылатындығын айта кетті.

Оның айтуынша, жастарды жалаң зерттеулер, шақырулар, декларациялармен қызықтыру мүмкін емес. «Жастар оларға көмектесуге тырысып жүргенімізді, түйткілдерді шешу жолдарын ұсынып жатқанымызды көруге тиіс, ал біз жемісін бермейтін жұмысты қолға алуға тиісті емеспіз», - деді Абылай Мырзахметов.

ҰКП басқарма басшысы қандай да бір мәселе бойынша нақты әрекет жоспары болғанда ғана Кеңестің келесі отырысына ұлттық экономика министрін, басқа да құзырлы құрылымдар өкілдерін шақыруға болады деп санайды. Нормативтік-құқықтық актілерге елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуға септесетін қандай да бір өзгертулер енгізу үшін, Үкіметке, Парламентке ұсыныспен шығуға болады.

«Ең бастысы – жастар сезінетін көрнекті инфрақұрылымдар жасап шығуымыз қажет. Олар оқу үшін қайда бару керектігін, жеке бизнес ашуға кімнің көмегі тиеріне бағдарлануға тиіс», - деді Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма төрағасы атап өткендей, Ұлттық палата жастардың жұмысқа орналасуына және жұмыспен қамтылуына көп көңіл бөледі. Жастар ісі жөніндегі өңірлік өкілдіктер желісі құрылған.

«Жүргізілген зерттеулер деректері бойынша, 42%-дан астам жастар кәсіпкерлікпен айналысуды қалайды, алайда қаржы құралдарына қолы жетпейді, ал 17 % осы саладағы біліммен жеткілікті түрде қаруланбаған. Жастар сонымен бірге кәсіпкерліктен өмірде табысқа жеткізетін, өздеріне арналған белгілі бір әлеуметтік сатыны көреді», - деді ҰКП Басқармасының басшысы.

Осы тақырыпты талқылауға Қазақстанның бес өңірінен жастар кәсіпкерлігін қолдаумен байланысты қызмет жасайтын түрлі ұйымдар өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылар пікірінше, бұл іс-шара жастардың тәжірибе алмасуына, жас кәсіпкерлер алдында тұрған түйткілдерді шешу бойынша бірлескен әрекеттерді жасап шығуға мүмкіндік береді.

Зерттеу ұйымдарының деректері бойынша, жыл сайын 20 мыңға жуық қазақстандық жас мектеп бітірген соң оқуға түспей қалады және жұмыс таба алмайды. Бұл санат бойынша ресми статистикалық деректер жоқ. Кейбір бөлігі ресми жұмыссыздар қатарын толықтырса, «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» санаты да бар. Моноқалалар мен депрессиялық аудандардан шыққан көптеген жастар жергілікті жерден жұмыс таба алмай, Алматы және Астана сияқты ірі қалалардың құрылыстарында, базарларында қосымша табыс табуға мәжбүр. Мұндай жастардың саны бірнеше ондаған мыңнан жүз мыңдап саналады. Олардың көпшілігі тұрақты жұмыс таба алмай жүр, пәтерге тіркеле алмайды және кері қайтуға немесе мегаполистерде жартылай заңды өмір салтын құруға мәжбүрлейтін жағдайлар тұтқынына айналады. Өкінішке орай, үміті үзілген жастар дәстүрлі емес діни ағымдардан жұбаныш тауып жататын жәйттер де баршылық.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов отырысты қорыта келіп, ҰКП орын алған түйткілдерді және оларды шешу жолдарын түсінетінін атады.

«Өңірлердегі түйткілдерді шешу тәжірибесімен танысу қызықты өтті. Табысты тәжірибелерді басқа да аудандарда тарату қажет. Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін барлық ұйымдар күшін шоғырландыру қажет, бизнес-білім саласында бірлескен жобалар құрып, мемлекет тарапынан да, жеке меншік бизнес тұрғысынан да қаржылай қолдау саласын кеңейту қажет. Сонымен қатар, жастар кәсіпкерлігін дамытудың жай-күйіне салмақты талдау қажет», - деп түйіндеді Абылай Мырзахметов.

Қарлығаш Жүсіпбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер