astana-view

Міндетті мүшелік жарна төлеу – өз бизнесіңді қамқорлыққа бөлеу

2015 жылғы 11 Наурыз
4405 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндетті мүшелік жарнасына қатысты кейбір кәсіпкерлер арасында әлі де түсінбеушіліктер бар екені байқалады. Жарна төлеуге қарсылық білдіріп, тіпті сотқа жүгініп жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына төленетін міндетті мүшелік жарнаға қатысты кәсіпкерлер арасында туындаған сұрақтарға анық жауап алу мақсатында ҚР ҰКП Қаржы және бухгалтерлік есеп департаментінің директоры Түлкібаев Әленмен сұхбаттастық.

– Жалпы, міндетті мүшелік жарнаның төлеу тәртібі мен мөлшерін белгілеуде кәсіпкерлердің пікірі мен мүдделері қаншалықты ескерілді?

– Қоғамда әртүрлі қайшылықтардың болуы заңды құбылыс. Кәсіпкерлердің ой-пікір еркіндігін ешкімнің де шектеуге құқы жоқ. «Кемедегінің жаны бір» демекші, біз үшін әрбір кәсіпкердің пікірі маңызды. Жалпы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мақсаты – отандық кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне, олардың жекеменшік бизнестерінің кең қанат жаюына қолайлы жағдай жасау екендігі белгілі. Сондықтан кәсіпкерлер міндетті мүшелік жарнаны қосымша салық, басартық шығын деп емес, отандық кәсіпкерліктің, түптеп келгенде әркімнің өз бизнесінің өрістеуіне салынған инвестиция деп түсінгендері жөн. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Ұлттық кәсіпкерлер палатасына зор сенім артып отыр. Отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде Президент: «Палата жұмысына міндетті қатысу, ең алдымен, жекелеген кәсіпкер үшін тиімді болуға тиіс» дей келе, әрбір кәсіпкер, ауылдық болсын, қалалық болсын, оның тең құқылы қатысушысы болуы керек екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, бұл ретте палата ашық жұмыс істеуге тиіс екенін де ескерткен болатын. Міндетті мүшелік жарна төлеудің тәртібі мен мөлшерін белгілеуге келетін болсақ, бұл бағытта Кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастық өкілдерімен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрып, бірнеше ай бойы мүшелік жарна көлемін анықтау жүйесін жетілдіру бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің ұсыныстарын қабылдаған болатын. Бірде-бір ұсыныс-пікір аталған жұмыс тобының назарынан тыс қалған жоқ. Шетелдік тәжірибеге де тыңғылықты сараптама жасалды. Қысқасы, он өлшеніп, бір кесілген шаруа болды. Мәселен, Түркия, Германия, Австрия секілді басқа да дамыған елдердің тәжірибелерінің артықшылықтарына зерттеу жүргізілді. Түркияны мысалға алсақ, бұл елде кәсіпкерлер палатасы 60 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Онда Кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарна төлеу мәселесі жүйелі жолға қойылған. Түрік палатасының қамқорлық етуімен ел кәсіпкерлерінің бизнесі қарқынды өрістеуде. Палата бизнес пен билік өкілдерінің арасында өзара тиімді диалог алаңын құра алып отыр. Біз де осыған келе жатырмыз. Әрине, бәрі бірден бола салмайтыны анық.

– Қаңтар айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІІ съезі өтіп, онда міндетті мүшелік жарна мөлшерін азайту туралы шешім қабылданғаны мәлім. Жарна мөлшері қандай критерийлерге байланысты белгіленді?

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 27-қаңтар күні өткен ІІ съезінде кәсіпкерлерге міндетті мүшелік жарна төлеуде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бұрынғы жүйе бойынша мүшелік жарнаны төлеушілер жылдық жиынтық табыс мөлшеріне байланысты 2 санатқа бөлінген еді. Олар 160  және 4400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна төлейтін. Ендігі жаңа жүйеге сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері 2 негізгі санат ішінде қосымша 10 кіші санатқа бөлінетін болды. Яғни, міндетті мүшелік жарна 10 түрлі көлемде белгіленеді. Міндетті мүшелік жарна төлеу тәртібіне қосымша кіші санаттар енгізу арқылы негізінен орта бизнес үшін мүшелік жарнаның ең төменгі мөлшері 50 пайызға, яғни 160-тан 80 айлық есептік көрсеткішке дейін (158 560 теңге-ред.) төмендетілді. Шартты түрде ірі бизнес үшін жарнаның ең төменгі мөлшері 89 пайызға, яғни 505 айлық есептік көрсеткішке (1000 910 теңге-ред.) дейін азайды. Сонымен қатар, холдингтер үшін, олардың құрамына қарай, міндетті мүшелік жарна төлеу бойынша қаржылық жүктеме 25 және 50 пайызға төмендетілді. Ал қызметкерлерінің жартысынан көбін мүмкіндігі шектеулі жандар құрайтын мекемелер жарна төлеуден толығымен босатылады. Айта кету керек, бүгінде шағын бизнес немесе еліміздің кәсіпкерлік субъектілерінің 98 пайызы мүшелік жарна төлеуден босатылған, яғни міндетті мүшелік жарнаны кәсіпкерлердің 2 пайызы ғана төлейді.

– Әрбір кәсіпкердің көкейінде «мен осы жарнаны не үшін төлеймін?» деген сауалдың туындауы заңды. Палатаға мүше болу жекелеген кәсіпкер үшін несімен тиімді? Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?

 – Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы бизнестің өрістеуіне тұсау болып отырған, кәсіпкерлерді мезі қылған түрлі ыңғайсыздықтар, артық шығындар әкелетін кедергілер мен басқа да қордаланған түйінді мәселелерді шешу бағытында көптеген іс-шаралардың басы-қасынан табылуда. Кәсіпкерлердің арыз-шағымдары негізінде тиісті шешімдер қабылданып, әкімшілік кедергілерді азайту үшін палатаның тікелей араласуымен қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Таратып айтсақ, осы уақытқа дейін Кәсіпкерлер палатасы 4 мыңға жуық құқықтық нормативтік актіге зерттеу жүргізе келе, Қазақстан Республикасының заңына өзгеріс енгізу туралы барлығы 630-дан астам ұсыныс жасады, оның 450-ден астамы мақұлданып үлгерді. Палата ұсынған 152 өзгеріс 2014 жылдың желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізіліп отыр. Бұл жалпыға бірдей мәселе, ал жекелеген кәсіпкерлерге келетін болсақ, палата жанынан арыз-шағымдарға арналған онлайн-сервистер ашылды, республика бойынша бірыңғай телефон нөмірі жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін оған әртүрлі мәселемен 18 мыңнан астам қоңырау шалынған. Былтырғы жылы кәсіпкерлерден 4500 арыз-шағым келіп түсіп, ондағы әрбір үшінші мәселе тиісті шешімін тапты. Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету және Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары құрылып, «Бір терезе» жүйесі бойынша қызмет көрсетіле бастады. Бұл орталықтар кәсіпкерлердің жұмысын анағұрлым жеңілдететіні анық. Сайып келгенде, Ұлттық кәсікерлер палатасы отандық бизнес өкілдерімен тығыз байланыста болып, олардың сенімді серіктесі, арқасүйер қамқоршысы болуды мақсат етеді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, кәсіпкерлер  палатамен бірлесе жұмыс істегеннің тиімділігін қазірдің өзінде сезініп отыр деуге толық негіз бар.

– Ал міндетті мүшелік жарна қандай мақсаттарға жұмсалады? Есебін жария етіп тұрасыздар ма?

– Әрине, жұмыс әділ әрі жариялы түрде болған кезде ғана түрлі күдік-күмәнға жол берілмейтіні анық. Міндетті мүшелік жарнаның әрбір тиынына дейін қайда, қалай жұмсалып жатқанына есеп беріп, оны міндетті түрде жария етіп тұрамыз. Мәселен, жарна қаржысының қандай мақсаттарға жұмсалғаны туралы толық есеп қаңтарда өткен Кәсіпкерлер палатасының съезінде жарияланған болатын. Қазір біздің есептеуімізше әртүрлі санаттағы 20 мыңдай жарна төлеуші кәсіпкер бар. Олардың ішінде 40-қа жуық пайызы 8 миллиард теңге көлемінде жарна төледі. Кәсіпкерлер палатасының жалпы шығыны 5,5 миллиард теңгені құрады. Бұл соманың 60 пайызы салықтар мен орталық аппарат және өңірлік палата қызметкерлерінің жалақысына, 15 пайызы кеңселерді жалдауға, 11 пайызы ірі бизнес өкілдерінен алынған қарызды жабуға жұмсалды. Нақтылап кетсем, бұл қарыздар Кәсіпкерлер палатасы жұмысын енді бастаған 2013 жылдың қазан айында, әлі мүшелік жарналар түсіп үлгермеген тұста алынған. Ал міндетті мүшелік жарналар 2014 жылғы 1-қаңтарынан бастап алына бастаған болатын. Сондай-ақ, палата шығынының 5 пайызы сыртқы қызмет көрсетулерге жұмсалды, оның ішіне ассоциациалар қызметі кіреді. Ал 4 пайызы кеңсе техникасы мен жиһаздарын алуға, 3 пайызы байланысқа, интернетке, поштаға,  кеңсе тауарларына және 2 пайызы іссапарлар шығынына жұмсалды.

– Кәсіпкерлердің небәры 40 пайызы ғана міндетті мүшелік жарна төлегенін айттыңыз. Жарна төлеуден бас тартқан кәсіпкерге шара қолданыла ма?

– Кәсіпкерлік субъектілерінің мүшелік жарна төлеу міндеттілігі жөнінде «Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңында көрсетілген. Және бұл жайында бизнес өкілдері хабардар деп ойлаймын. Бірақ жарна төленбеген жағдайда қандай да бір шара-жазалаулар қарастырылмаған. Десек те, заңда тайға таңба басқандай анық көрсетілген талапты сот арқылы орындатуға палатаның құқығы бар екенін де айта кету керек. Қазір біз міндетті мүшелік жарна төлеудің тәртібі мен тиімділігі жөнінде неғұрлым толық ақпараттандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Жарна мөлшері де азайтылып, кәсіпкерлердің санатына қарай икемделгенін жоғарыда айттық. Алдағы уақытта бұл мәселе жөнінде қандай да бір түсінбестіктер орын  алмауы тиіс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер