astana-view

Алма үсіп қалды

2015 жылғы 12 Наурыз
3636 просмотров

Қазақстанға арналған польшалық алма ресейлік кеденде тұрып қалды.

Қазақстандық кәсіпкерлер ҰКП-ға Ресейдің кеден қызметіндегі лауазымды тұлғалар әрекетіне шағыммен жүгінді. «Fresh Market KZ» ЖШС жұмыскерлерінің дерегіне сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар айында олардың Польшадан Қазақстанға транзитпен келе жатқан «Жас алма» жемісі тиелген автомашиналары тауарды түсірумен толық кедендік тексеріске ұшырайды.

Мұндай процедура ресейлік - «Самара», «Орынбор», «Соль-Илецк» бекеттерінде жүргізіліп, - екіден төрт күнге дейінгі уақытты алады. Оның үстіне, жүкті тексеру төмен температурада ашық алаңда жүргізілген, ал бұл жемістерді сақтау шарты мен тасымалдауды бұзу.

Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметінің лауазымды тұлғалары «Соль-Илецк» кедендік бекетінде ғана Ақтөбеге бара жатқан үш автомашинаны тексеру кезінде ештеңені түсіндірместен, тәулік бойы тексеріссіз ұстап тұрған. Ал келесі күні кеденшілер алма салынған қораптарды қолмен түсіріп, әрбір автомашинадағы жүктің бір бөлігін өлшеген. Сонымен бірге кедендік бекетте қысқы мерзімде жылдам бұзылатын тауарларды түсіруге арналған арнайы орын болмай шықты. Ақырында, Қазақстанға арналған жемістер бекетте алты тәулік тұрып қалып, тауардың көп бөлігі Ақтөбеге бұзылған күйде жеткен.

Қазақстанға арналған тауарлар бірнеше күн бойы «тұрып қалатын» барлық ресейлік кедендік бекеттер Еуразиялық экономикалық одақ кедендік аумағының сыртқы периметрінің ішінде орналасқан. Ал халықаралық шарттар бойынша, мұндай кедендік тексермелеуді жүргізуге объективті негіздемелер болып, кеден заңнамасын бұзған кездегі айрықша жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Алайда, қазақстандық кәсіпкерлер мәлімдегендей, жеміс тиелген автомашиналар белгіленген бағыт бойынша әрі белгіленген ережелерді бұзбай келе жатқан.

Ресей Үкіметі мұндай тексерістерді бір жақты тәртіпте енгізгенін атап өтеміз. Және де кедендік бекеттердегі тексеріс «санкциялық тізім» аталатын тізімге кіретін тауарларға ғана жүргізіледі.

Интеграциялық істерде бәрі де жатық болмай шықты. Бұл тауарлардың кеденде алғаш тұрып қалуы емес. 2014 жылдың соңында Ресей Мәскеуге қатысты ықпалшара енгізген елдерден көптеген ауыл шаруашылық және тағамдық тауарлардың импортына бір жылға тыйым салғанын атап өтеміз. «Қара тізімге» сиыр еті, шошқа еті, құс, жеміс-жидек, көкөністер, ірімшік пен сүт өнімдері, жаңғақтар және басқа өнімдер кіргізілді.

ҰКП дабыл қағуда. Қазақстандық кәсіпкерлерден мұндай шағымдар да жиілеп тұр, ал Ұлттық палата еліміздің Үкіметіне осы түйткілді шешуде жәрдем көрсетуді сұрап жүгінген еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер