astana-view

Тимур Құлыбаев: бизнеске құқықтық қорғалу қажет

2015 жылғы 19 Наурыз
3180 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев ҚР Ұлттық банкі Төрағасы Қайрат Келімбетовтің қатысуымен өткен қаржылық сектор отырысында осылай деп мәлімдеді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы жиналыс Ұлттық банк пен кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында өтті, және де негізінде бизнесті қорғау мен іскерлік ортадағы жұмыс талабының болжамдылығы тақырыбына арналды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев өтімділік пен оны ұлттық валюта ролін көтеру жөніндегі шаралар кешені аясында жеткізу арналарының тапшылығы мәселесін «негізгі, бірақ ең маңызды емес» деп атай отырып, тілге тиек етті.   

Ұлттық банк Төрағасы Қайрат Келімбетов өз кезегінде қаржы секторының өкілдерін өтімділікпен арадағы мәселені шешу жөніндегі қабылданып жатқан шаралар жайлы ақпараттандырды.

«Біз валюта нарығындағы ажиотаждың төмендеуін бақылап отырмыз. Екінші деңгейлі банктердің қайтадан басымдылық алып келе жатқанын, ал реттеушіні банктер аралығындағы нарықтан кетіп қалды деуге болатынын атап өтеміз. Және де, егер былтырғы жылдың желтоқсан айында ғана реттеуші ұсынатын «бір күндік» теңгенің мөлшері 500 млрд. теңгеден асып кеткен болса, қазірде Ұлттық банк өзінің қатысуын 200-300 млн. долларға дейін төмендеткен. Қарыз алу мөлшерлемесі 15%-дан 14%-ға дейін төмендеген, ал мұндай қозғалыс сақталған жағдайда сәуірдің басында 12%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, макроэкономикалық ахуал жағымды болған жағдайда, оның ай сайынғы негізде 1 пайыздық тармаққа төмендеу нұсқасын қараймыз», - деді Қайрат Келімбетов.

Кездесуге қатысқан қаржыгерлер еліміздегі басты банкте дайындалып жатқан қаржы нарығындағы ойын ережелерінің болашақтағы өзгерістері жайлы ақпаратты құлшыныспен қабылдады.

Іскерлік ортаны толғандырып жүрген басты мәселелерді ҰКП алаңында талқылау үшін, сонымен қатар ҚР ҰБ жоспарлаған позитивті бағыттармен жұмыс жасау үшін, Ұлттық палата пен Ұлттық банк сарапшыларымен бірлескен жұмыс тобын құру үшін, Ұлттық палата Төралқасының басшысы сәуір айының басында қаржылық мегаполис – Алматыда жиналуды ұсынды.

Тимур Құлыбаев бизнес заңнамалық тұрғыдан қорғалған жағдайда ғана толық көлемде жүзеге асырылатын қаржылық қолжетімділіктің маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіпкерлікке болатын қысымды жою үшін, шенеуніктердің іскерлік процестерге араласу мүмкіндігінен бизнеске заңнамалық тұрғыдан қорғаныш құру үшін, осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселесін жасап шығу маңызды», - деді Тимур Құлыбаев.

Ол Алматыда қаржы орталығын құрудың сәтсіздікке ұшыраған тәжірибесі жайлы, соттар мен күш құрылымдарын және т.б. ескере отырғанда кезінде оңтүстік астанада жобаны табыспен жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген қолданыстағы заңнама жайлы еске салды.

«Егер қандай да бір жобаның өз құзыреттерінен шығып бара жатқанын естісе, шенеуніктер соңына дейін күреседі. Бірқатар ведомстволық құрылымдардың бақылау алаңынан шығып бара жатқан еркін экономикалық аймаққа қатысты осыған ұқсас қарсыласу себебінен, оның тиісті түрде жүзеге асырылмағандығын айтуға болады. Дей тұрғанмен, осы жобаларды ретке келтіруге тырысамыз, - деп уәде етті ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы.

Ұлттық палата басшысы әлемдік тәжірибеге – бизнесті қорғау тұрғысынан күллі әлемде ең тиімді болып есептелетін ағылшынның коммерциялық құқығына жүгінуді ұсынды. Осының негізінде дубайлық қаржы орталығы, сингапурлық, гонконгтық және басқалары құрылған...

«Тұжырымдамалық өзгеріс болуға тиіс. Қазір бұрындары жол берілген жаңсақтықтарды ескере отырып «Алматы-финанс» пилоттық жобасын құрып, ұстанымдарды өзгерту қажет. Бұл жерде Елбасының ерік-жігері, Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктердің біліктілігі мен ҰКП мәмілелесу күші қажет болады», - деп жалғады сөзін Тимур Құлыбаев.

Төраға ойынша, Алматыдағы пилоттық жоба іскерлік белсенділікті қолдау ерекше маңызды болатын іскерлік қаржылық бейнеге айналуға тиіс. Жоба табыспен жүзеге асқан жағдайда екі-үш жылдан соң бұл тәжірибені жалпы бүкіл республика бойынша коммерциялық құқық ретінде енгізуге болады. Бұл бизнесті саяси өзгерістерден қорғауға және іскерлік ортадағы жұмыс жағдайына ашықтық пен болжамдылық сипатын енгізуге мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер