astana-view

Бөліп ал, бірақ билік ет!

2015 жылғы 18 Наурыз
3619 просмотров

Мәжіліс мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына шектеу қойды.

Бүгін Мәжілістің алқа отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Демек, Қазақстанның Үкіметі (заң жобасын дайындаушы) сөзден іске көшіп, мемлекеттің ел экономикасындағы бизнес араласатын салаларындағы қатысу үлесін біртіндеп қысқартуда.

«Жаңа енгізілімдер бәсекелестіктің жетілдірілуіне және жеке кәсіпкерліктің дамуы үшін жағымды жағдай жасауға септесетін болады», - деп сендірді Мәжіліс депутаттарын заң жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Тоқтала кетсек, заң жобасында мемлекеттік органдардың шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын ұйымға қатысуына, сондай-ақ мұндай ұйымды құруына тыйым салынады. Сонымен бірге өзгертулер «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңға толығымен сәйкес келетіні аталды.

«Бәсекелестік туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға да өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Заң жобасын және заңды Парламент қабылдап, Елбасы оған қол қойған жағдайда, мемлекеттік қатысуы бар ұйымдарды жекешелендіру, және де мемлекеттік қатысу үлесін иеліктен шығару күтіледі.

«Осыған орай заң жобасымен монополияға қарсы органның жыл сайын тауар нарықтарына мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға мақсатсыз қатысуын анықтау мәніне талдау жүргізуін бекітетін норма енгізілуде. Талдау нәтижесі бойынша үкіметке бәсекелес ортаға беруге жататын мемлекеттік компаниялар мен қызмет түрлерінің тізбесі жолданатын болады», - деп қосты министр.

Заң жобасында сонымен қатар монополияға қарсы орган өкілдерінің ресми Интернет-ресурста жүргізілген нарық зерттеулері нәтижелерін жариялауын міндеттейтін норма көзделген. Монополияға қарсы орган құрамына қоғамдық ұйым (ҚР ҰКП болуы мүмкін) өкілі кіргізіледі деген үміт бар.

«Заң жобасымен жүз пайыздық мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындар мен заңды тұлғаларды міндетті таратуды, сонымен қатар жекешелендіру туралы шешім қабылдаған сәттен бастап екі жыл ішінде жекешелендірілмеген жағдайда, мемлекеттің қатысу үлесін иеліктен шығаруды көздейтін норма енгізілуде», - деп түйіндеді Ерболат Досаев.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқығаннан мақұлдады. Алда құжатты екінші оқуда қарау тұр. Онда депутаттар заң жобасын әрбір бап бойынша талқылауды бастайды. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеудің егжей-тегжейі сонда белгілі болады.

Жанар Бiрлiкқызы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер