astana-view

ҚР ҰКП «РАЙФФАЙЗЕН ЛИЗИНГ ҚАЗАҚСТАН» КОМПАНИЯСЫНЫҢ 4,5 МЛН. ДОЛЛАР СОМАСЫНДАҒЫ МҮЛКІ ТӘРКІЛЕНУІНІҢ АЛДЫН АЛДЫ

2014 жылғы 26 Ақпан
8733 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңесі «Райффайзен Лизинг Қазақстан» компаниясының 4,5 млн. доллар сомасындағы мүлкі тәркіленуінің алдын алды, - деп хабарлайды ҚР ҰКП баспасөз қызметі.

Шағын және орта, ірі бизнес өкілдеріне қаржылық лизинг бойынша қызмет көрсететін компания елдің экономикасына тікелей инвестициялар тартуымен қатар, ірі салық төлеуші мекеме ретінде белгілі.

2013 жылдың қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысының сот органдары «Райффайзен Лизинг Қазақстан» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 410-бабы, 1-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Оған сай, мекеме 34 620 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекетке 4,5 млн АҚШ доллары тұратын теміржол вагондарын тәркілеп алу туралы шешім шығарылған.

Аталған мәселе ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі комитеттің алғашқы отырысында талқыланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аралысуымен ҚР Бас прокуратурасы Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі қадағалау алқа мәжілісінде қарсылық білдірді. 2014 жылдың 21-қаңтарында қадағалау алқа мәжілісі сот актілерінің күшін жойды.

Осыдан кейін «Райффайзен Лизинг Қазақстан» компаниясынан тәркіленген теміржол вагондары қайтарылды.

2005 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан «Райффайзен Лизинг Қазақстан» ЖШС толықтай шетелдік қаражат есебінен құрылғандығын атап өткен жөн.

Құрылғалы бері мекеме 500-ден астам лизингтік жобаларды жүзеге асырып, ел экономикасына 150 млн. доллар шетелдік инвестиция тартты.

Бизнесмендердің құқығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысын ай сайын өткізеді. Кеңестің күн тәртібінде кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіретін мәселелер талқыланады.

Ұлттық палата құрылғалы бері Кеңес төрт бірдей отырыс өткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер