astana-view

Абылай Мырзахметов: «Сатып алулар – №1 түйткіл»

2015 жылғы 19 Мамыр
10363 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңын жүзеге асыруға арналған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитеті кеңейтілген көшпелі отырысында сөз алып, жүргізілген жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Палата басшысы заңнамада ҰКП үшін бес жылдық өтпелі кезең орнатылғанын сөз етті. Дей тұрғанмен, «Атамекен» өзінің басты міндеті – кәсіпкерлік қоғамдастықты шоғырландыру міндетін орындады. Қызмет еткен екі жыл ішінде ҰКП бизнес-қоғамдастықты «түгендеу» төңірегінде аса зор көлемдегі жұмысты атқарып шықты.

«Әлемдік тәжірибе міндетті мүшелік орнатылған палаталардың жарнаны өздері жинайтынын, кәсіпорындарды тіркеуді және таратуды да өздері жүргізетінін көрсетеді. Бұл қызмет оларға Әділет министрлігінен беріледі… Қалған жағдайларда мұны салық инспекциясы жасайды. Алайда біз аса үлкен шаруаның басын қайырдық», - деп атады Абылай Мырзахметов.

Сонымен бірге салық комитеттері базасының толық болмауымен ерекшеленгені аталды – 23 мың шағын бизнес мекенжайы салықшылар деректеріне сәйкес келмеген.

Палата Басқарма Төрағасы міндетті мүшелік жарна тақырыбын қозғай отырып, ҰКП Съезі қабылдаған шешімге сәйкес міндетті мүшелік жарна мөлшерінің айтарлықтай төмендейтінін атады.

«Әрине, бастапқыдағы жарна төлеу жүйесі икемді болмай шықты: орташа компаниялар жер қойнауларын пайдаланушы компаниялармен бір деңгейде төледі. Біз талдау жүргіздік, қауымдастықтармен талқыға салдық және орта компаниялар үшін жарна мөлшерін 89% төмендедік: олар бүгінде миллионнан сәл ғана көп соманы төлейтін болады», - деп еске салды Абылай Мырзахметов.

Палатаның келесі бір функциясы – кәсіпкерлер құқығын қорғау жайлы айта келіп, Абылай Мырзахметов кәсіпкерлердің 6 мыңға жуық шағымы қаралғанын хабарлады. Палата араласуының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 8,4 теңгеден астам  айыппұлы мен өсімпұлы күшін жойды. ҰКП жүйесіне келіп түскен барлық шағымдардың 30% бойынша (яғни шамамен 1 740 өтініш бойынша) шешімнің бизнесмендер пайдасына шешілуіне қол жеткізілді. Шағымдар мен өтініштер қабылдау бойынша онлайн-сервистер құрылды. Құрылған сәттен бері ҰКП байланыс орталығына 24 мыңнан астам қоңырау шалынып, 1 105 электронды өтініш келген. 

«Біз берген уәдемізде тұрдық, және де әрбір ауданға жеттік. Бүгінде Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары еліміздің барлық өңірлерінде бар… Барлық аудандарда, аудандық филиалдар басшыларын қосқанда, аз дегенде бес адамнан бар», - деп Абылай Мырзахметов депутаттардың есіне салды.

Жер бөлу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметімен байланысты түйткілдер осы күнге дейін өтініштер саны жөнінен бірінші орында болып келді. ҰКП Басқарма Төрағасы атап өткендей, жергілікті атқару органдары Палата өкілдерінің жер комитеттеріне кіруін «құптамайды».

«Мамандарымыз жер комиссияларында жиналысқа қатысып, мәселелер шешімінің қалай шығарылатынын бақылай алуы үшін, жергілікті атқару органдары үнемі жәрдемге келе бермейді», - дейді Абылай Мырзахметов.

Алайда бүгінде кәсіпкерлер өтініштерінде сатып алулар және жергілікті мазмұнмен байланысты мәселелер көш басында тұр.

«Жасаған талдауымыз шамамен бес негізгі мәселенің бар екенін көрсетті. Олардың ішіндегі бастысы – тапсырыс берушінің біліктілік талаптары белгілі бір жеткізушіге орайластырылып қойылады. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның Мәжілісте жатқанын білесіздер. Сондықтан да біз қарапайым да түсінікті ұсыныс айтамыз: біліктілік талаптары байқауға дейін кем дегенде он күн бұрын жариялансын деген норма енгізу қажет. Және де бұл – ең азы! Талдау отандық кәсіпкерлердің өтінімдерін себебін көрсетпес қайтарудың жиі орын алатынын көрсетеді. Сонымен қоса шағым жасаудың тиімді шаралары жоқ: кәсіпкер тапсырыс берушінің әрекетіне шағымданып жатқанда, ол аванс беріп қояды…», - деді Абылай Мырзахметов.

Оның айтуынша, веб-ресурстарда орналастырылатын мемлекеттік сатып алу туралы ақпараттың 70%-ы мүлдем дәйексіз.  

ҰКП Басқарма Төрағасы СТ-KZ сертификаттары тақырыбын да жеке қозғап кетті. Үкімет жақын арада кәсіпорынға барумен сараптау өкілеттігін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құзырына беру туралы шешім қабылдауы мүмкін (жалпы саяси шешім өткен жылдың шілде айында қабылданған болатын). Ал отандық өндірушілер әлі күнге дейін сертификатты «тәуелсіз компаниялардың» беруімен байланысты түйткілдің зардабын көріп келе жатыр. Аталмыш компаниялар қызметінің нәтижесінде қазақстандық ірі өндірушілер тендерде барлық ережелер бойынша түзетілген және 100% қазақстандық мазмұн туралы куәландырылған «СТ-KZ» иелерінен жеңіліп келеді.

«2009 жылдан бері өзгермеген қазақстандық мазмұнды есептеу формуласын қайта қарау қажет деген ойымызға Инвестициялар және даму министрлігі түсіністік танытып отыр. Сертификаттау жөніндегі компания қызметіне аудит жүргізу механизмі қажет, осының негізінде «СТ-KZ» қайтарып алу туралы шешім қабылдауға болады»,- деді Абылай Мырзахметов.

Ұлттық палата басшысы кәсіпкерлік туралы заң жобасымен бірге жасалған сындарлы жұмыс үшін депутаттарға алғыс айтты, бірақ сатып алу туралы заң жобасын талқылауды жылдамдатуды да сұрады.

«Еліміздегі сатып алу көлемі 9 трлн теңгені құрайды, оның 6 триллионы – мемлекеттік сатып алу және ұлттық компаниялар сатып алулары. Бұл біздің отандық өндірушілер үшін демеу бола алатын өте ұнамды сома», - деп атады Абылай Мырзахметов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер