astana-view

Дариға Назарбаева: «Атамекен» қоғамдық және әлеуметтік институт ретінде қалыптасты

2015 жылғы 19 Мамыр
11569 просмотров

Дариға Назарбаева «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңын жүзеге асыруға арналған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Экономикалық даму және өңірлік даму жөніндегі комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысында сөз алып, соңғы екі жылдағы ҰКП қызметіне жоғары баға берді.

«Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік және экономикалық жүйедегі маңызды институттардың бірі ретінде қалыптасты. Өздеріңізді танытып үлгердіңіздер – бұл ешкім де таласа алмайтын шындық. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қажет. Алдына қойған міндеттерін орындауға тырысып, барынша, шамасы жеткенше жұмыс жасайды», - деді ҰКП басшылығына Мәжіліс вице-спикері.

Сонымен бірге, Дариға Назарбаева ҰКП қызметіндегі маңызды жақтарға тоқтала кетті.

«Ұлтық кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен және салалық қауымдастықтармен қарым-қатынасқа назар аударғаны дұрыс. Осы құрылымдармен қарым-қатынаста өзара түсіністікке қол жеткізіліп, айқын жұмыс орын алмайынша, ҰКП үнемі сүрініп, қиыншылықтарға тап бола береді деп ойлаймын, және де осы қателіктер Палатаның алдына қойған міндеттерін орындауына бөгет жасайды. Мен ҰКП үшін қатты алаңдаймын. Оның үстіне өзім де ҰКП Төралқасының мүшесімін», - деп баса айтты Дариға Назарбаева.

Мәжіліс вице-спикерінің ойынша, Палата қызметін қоғамдық ұйым мәртебесі жүктейтін шектеулер тұсап отыр.

«Ұсыныстар ғана беріп, қандай да бір түсіндірусіз және көпшілік талқылаусыз қабылданбай қалуы ҰКП көңілінен шыға ма?», - деп вице-спикер риторикалық сауал тастады.

Мемлекеттік органдармен қарым-қатынасқа келер болсақ, Дариға Назарбаеваның ойынша, бұл жерде бәрі де «тегеурінді әрекет сапасы мен заңнамалық бастамаларға» тәуелді.

«Бұл мәселеде де сіздерге көмектесуге дайынбыз», - деп қорытты Дариға Назарбаева.

Дариға ханым Палатаның салалық қауымдастықтармен қарым-қатынасы жайлы сөз қыла отырып, бұл мәселенің ҰКП туралы Заң енді ғана талқылана бастаған сатыдан бастап өзектенгенін атап өтті.

Вице-спикер үш деңгейлі құрылымды талқылауға оралуды ұсынды, онда кәсіпкерлік субъектілері салалық одақтардың міндетті мүшелері болып табылады, ал бұл одақтар өз кезегінде ҰКП-ға кіреді.

«Егер салалық қауымдастықтарға сенетін болсаңыздар… Егер біз салалық қауымдастыққа мүшелік міндетті, және де салалық қауымдастыққа мүшелік жарнаны төлеу міндетті екені туралы норма дайындаймыз делік… Сіздерде мүшелік жарна төлетуде түйткіл туындамайды, маған сеніңіздер», -  деп түсіндірді Мәжіліс вице-спикері. Оның ойынша, салалық қауымдастықтардың қолдауынсыз, тіпті «өңірлердегі көлемді де тарамдалған желіні» ескерген күннің өзінде, Палатаның алға қойған міндеттерін жүзеге асыруы аса қиын болады.

 

ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов өз ойын білдірді:

«Біріншіден, мұндай үлгі – міндетті мүшелік – Еуропада көп таралған. Біз әлемдік тәжірибені зерттедік: қауымдастықтар арқылы міндетті мүшелік еш жерде жоқ. Палатаның мәнінің өзі – ол әмбебап болуға тиіс, және де барлық кәсіпкерлер бірдей жағдай алуға тиіс. Ал қауымдастық – бұл дегеніміз мүдделестер клубы. Біз барлық аудандарда филиалдар аштық та, депутаттарға алдымызға қойылған әрбір ауданға, әрбір кәсіпкерге жету міндетін орындағанымызды баяндадық», - деп мәлімдеді ҰКП Басқарма Төрағасы.

Абылай Мырзахметов ҰКП филиалдарының және қолдау орталықтарының Қазақстандағы 188 ауданда ашылғанын хабарлады. «Кәсіпкерлер тірегі бар екенін, консультация берілетінін, көмек берілетінін түсінді. Ал ірі Қауымдастықтар арасында аудандық түгілі, облыстық филиалдары бар бірлестікті таба алмайсыз. Және де өңірлердегі кәсіпкерлерді алаңдататын да осы мәселе, себебі, егер Қауымдастықтарға беретін болса, олар аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсетпейді», - деді ол.

Басқарма Төрағасы сонымен бірге Қауымдастық маңызын да тиісті түрде бағалау керектігін, ал Ұлттық палатаның олармен тығыз да ашық ынтымақтастықта екенін баса айтты.

«Мәселе қаржыландыруда болып отырғанын түсінеміз. Біз бәріне ұсындық, Съез мұны мақұлдады, бұл біздің ойлап тапқанымыз емес, Съезде осы ұстанымдарды баян еттік, олар өте қарапайым: егер Палата мүшесі болып табылатын Қауымдастық мүшелері ақшаны бізге төлейтін болса, онда осы ақшаның бір бөлігін талқылаудан соң қайтадан Қауымдастыққа аударуға дайынбыз», - деп атады ол.  

«Маңғыстауда, мәселен, кәсіпкерлер маған былай дейді: Палатаға төлейтін ақшамның қайда баратынын білемін – міне аудан, міне облыс, кімнен сұрау керектігін білемін. Неліктен ақшамды Алматыда және Астанада ғана жұмыс жасайтын қайдағы бір Қауымдастыққа беруім керек. Негізі, Қауымдастықтар қамтуының бір пайыздан сәл ғана асатынын айқым келеді. Барлық Қауымдастықтарда бар-жоғы 7,5 мың кәсіпкер бар, ал бізде күллі ел бойынша кәсіпкерлер саны 900 мыңға жуық. Сонда мұны кімге сеніп тапсырмақшымыз?», - деді ҰКП өкілі.

Абылай Мырзахметов Қауымдастықтардың кәсіпкерлер қаражатын ала отырып, жұмыстың белгілі бір көлемін орындайтыны жайлы шартқа қол қоюға тиіс екенін айта кетті: сараптама, салалық зерттеулер жүргізу, қандай да бір стандарттар дайындау және тағы сол сияқты.

«Бүгінде үш Қауымдастық қол қойып қойды. Олар – ірі қаржыгерлер, тау-кен және мұнай-газ  қауымдастықтары. Және де төрт Қауымдастық жақында ғана процедурадан өтті. Ондағы процедура түсінікті, қарапайым және шарт ашық. Біз ашық жұмыс жасауға дайынбыз, бірақ Қауымдастықтар да мұны дұрыс түсінуге тиіс. Және де шындықтан алыс, әлемде қолданылмайтын тәжірибені ұсынудың да жөні жоқ», - деді ол.

ҰКП Басқарма Төрағасы жалпы Ұлттық палатаның Мәжіліс депутаттарымен ашық та сындарлы сұхбаты орын алғанын атады. «Басты қорытындыны Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева жасады. Ол ҰКП-ның институт ретінде қалыптасқанын айтты. Әлеуметтік, қоғамдық институт ретінде, кәсіпкерлерді қорғау институты ретінде. Бұл заң шығарушылардан алған ресми түрдегі жоғары баға», - деп қорытты Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер