astana-view

«Резидент қателігін» болдырмау жолы

2015 жылғы 20 Мамыр
8771 просмотров

ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті бұрын ұсынған түсіндірулерге сәйкес, салық төлеушілер резиденттікті растайтын құжаттарды апостильдеу бойынша салық заңнамасының талаптарынан босатуға қатысты ТМД мүше елдер арасында жасалған азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша Құқықтық көмек және құқықтық қатынастар Конвенциясының ережелерін қолдануға құқысыз.

Шетелдік мемлекеттік органдар (атап айтқанда, Ресей Федерациясы әділет органдары) резиденттік сертификаттарына апостиль қоюдан бас тартатын болғандықтан, қазақстандық салық органдары кәсіпкерлердің қосарлы салық салуды болдырмау туралы Конвенция ережелерін қолдануы мақсатындағы мұндай апостильденбеген резиденттік сертификаттарын қабылдамайды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерде туындаған қиындықтарды ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдарға аталмыш түйткілді тез арада реттеу қажеттігі туралы сұраулар жолдады.

ҚР Қаржы министрлігінің бірнеше мәрте жүгінуінің қорытындысы бойынша, Ресей Федерациясымен арадағы қосарлы салық салуды болдырмау туралы екі жақты Конвенция аясында, резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы нота алмасу нысанындағы Келісім жобасы дайындалды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті ақпаратына сәйкес, аталмыш Келісім жобасы қазір мемлекеттік органдарда ведомствоаралық келісуде жатыр, сондай-ақ лингвистикалық және ғылыми-құқықтық сараптамаға жолданған. Келісім жобасын келісу қорытындысы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қосымша ақпарат ұсынылады.

Сонымен бірге, ресейлік кәсіпкерлермен өзара есептесудің елеулі көлемін ескере отырып, және де салық дауларының туындауын болдырмау үшін, кәсіпкерлерге ресейлік компанияларға кіріс төлеу кезінде төлем көзінен табыс салығын ұстап қалуды ұсынамыз.

Сондай-ақ Салық кодексіне сәйкес, салық агенті болып табылатын кәсіпкер төлем көзінен ұстап қалусыз жеке қаражаты есебінен резидент емес тұлға табысынан есептелген табыс салығының сомасын төлей алатынын хабарлаймыз (алайда жеке қаражат есебінен төленген резидент емес тұлға үшін салық корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеруге жатқызылуы мүмкін емес).

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті хатымен мына жерде танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер