astana-view

Бақытты өмір сүру мүмкіндігі

2015 жылғы 26 Мамыр
- Алматы қаласы
17045 просмотров

«Ақниет Үміт» Мүгедектердің қоғамдық қоры байқаудан жеңіп шығып, кәдесыйлар өндірісін дамытуға 1,2 млн теңге грантқа ие болды. Ендігі жерде мүмкіндігі шектеулі жандардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асырып, өмір сүруге өз беттерінше қаражат табу мүмкіндігі пайда болды. Оларға бұл істе Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы көмектесті.

Қаланың Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сәуір айында «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасы аясында өткізген мемлекеттік инновациялық гранттарды ұсыну жөніндегі байқауға қатыспай тұрып, ісін бастаушы кәсіпкерлер Кәсіпкерлер палатасында оқытудан өтті. Мұнда оларға байқауға қатысуға және өндірісті дамытуға қажет бизнес-жоспар құруға көмек көрсетілді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар пішіндер мен мүсіншелер жасаумен ұзақ уақыттан бері айналысып келеді, алайда осы іспен ақша табудың мүмкіндігі болмаған еді.

«Ұйымымызда көзі көрмейтін 10 мүгедек адам бар, арамызда халықаралық санаттағы кәсіпқой шахматшылар, еркін күрестен спорт шеберлері, оқытушылар, заңгер де бар. Біз үй ішін безендіруде, үйдегі дүние ретінде қолдануға болатын кәдесыйлық фигуралар жасаймыз. Мүсіндеумен шұғылданамыз, мүсіндер жасаймыз. Арамызда Виктор Ли атты жас мүгедек жігіт бар, ол мүсіндерді кәсіби түрде әрі сапалы жасайды, бәсекеге қабілетті деуге де болады. Бұл еңбекті көп қажет ететін жұмыс, уақыт пен төзімділік қажет», - деді ұйым басшысы Бауыржан Құлбаев.

Мүмкіндігі шектеулі жандармен өндіріс құру идеясы жайдан жай шыққан жоқ. Олардың туындысы – нағыз өнер. Олар мұнымен бөліскісі келеді. Жүргенов атындағы Өнер академиясы және Өнер колледжі өкілдерімен бірлесе тер төгіп, «Шебер» жобасы әзірленді, жоба аясында үш ай бұрын құлағы мүкіс балаларға арналған мектеп ашылды.

«Өнер академиясы мен колледжде де мүгедек жастар білім алатын болып шықты. Аталмыш оқу орнының басшылары бізді қуана қолдап, колледждің мүсін бойынша төрт оқытушысы оқушыларымыз үшін аптасына сегіз сағат шеберлік сабақтарын өткізуге келісімдерін берді», - деді Бауыржан Құлбаев.

«Ақниет Үміт» қоғамдық қоры Кәсіпкерлер палатасының дөңгелек үстел ұйымдастырып өткізуін, оған супермаркеттер иелерін, қоғамдық ұйымдар өкілдерін тартуды сұрады.

«Өнімімізді өткізу үшін, ең құрымаса, бастапқы кезеңге, үш айға болсын, жеңілдікті орындар алғымыз келеді. Және де оқушыларымыз үшін жазғы каникул кезінде, 15 мыңнан болса да, шағын стипендиялар ұйымдастырғымыз келеді… Кәсіпкерлер палатасы бізге мүгедектер жобасы бойынша байқауға қатысуға кеңес берді, және де кәдесый өнімдерін шығаруға 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі грант ұтып алдық. Осы ақшаға керамика күйдіру үшін пештер, ағаш өңдейтін білдек сатып аламыз. Нарды, шахмат, шамдалдар, ыдыс және өзге де бұйымдар жасайтын боламыз. Бұл гранттың көмегі тиіп жатыр, енді қуатты серпіліс жасап, өндірісіміз жаңа серпін алатын болады», - деп ұйым басшысы қуанышын жасырмады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер