astana-view

Тез бұзылатын өнімді уақытында ұқсату!

2015 жылғы 27 Мамыр
- Шымкент қаласы
19990 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары фитосанитарлық сертификаттарды беру мерзімі мен тәртібіне риза емес. Сертификат беру екі тәуліктен астам уақытты алады. Ал сертификаттар алу мемлекеттік фитосанитарлық инспекциясының демалыс күндеріне тұспа-тұс келіп қалған жағдайда, салдары шаруаларға қымбатқа түсуде.

Аталған түйткілді шешу үшін ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер ОҚО Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Палата сарапшылары мен кәсіпкерлер мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуде өзекті мәселені шешу жолдарын бірге іздеуде.

Облыстың шалғай орналасқан оңтүстік аудандары – Мақтаарал, Сарыағаш және Шардара аудандарының шаруа қожалықтары жыл сайын бір миллион тоннадан астам көкөніс пен бақша дақылдарын өндіреді. Өсірілген өнімнің негізгі бөлігі алыс және жақын шетелге экспортталады. Бір ғана «Ордабасы-құс» ЖШС Қазақстаннан тыс жерлерге күн сайын 10 тоннадан астам күркетауық етін жөнелтеді.

Өндірістер мен шаруа қожалықтарының тізбесін шексіз жалғай беруге болады, дегенмен ОҚО-дан келетін тез бұзылатын өнім ағынының аса зор екені онсыз да белгілі. Сондықтан да мемлекеттік фитосанитарлық инспекцияның өнімнің піскен және жинау кезеңінде шаруаларға қызмет көрсетуге үлгермейтіні таң қалдырмайтын жағдай.

Әрбір аудандық инспекцияда екі инспектордан жұмыс жасайды.  Мамыр айынан бастап қараша айына дейінгі аралықта науқан қызған шақта оларға күн сайын сертификат алуға 100-ден астам өтініш келіп түседі. Рұқсат беру процесіне тартылған мемлекеттік органдар – бұл аумақтық аудандық инспекция және ОҚО бойынша Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің Басқармасы аптасына 5 күн жұмыс жасайды.

«Бұрын демалыс күндері де жұмыс жасадық, алайда Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік мұны еңбек заңнамасын бұзу деп тапты», - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық өңірлік инспекциясы төрағасының орынбасары Нұржан Кашкенов.

Түйіткіл шешімі тығырыққа тірелген: шаруалар тіпті сенбі және жексенбі күндері көрсетілетін қызметке ақы төлеуге дайын, ал мемлекеттік органдарға демалыс күндері жұмыс жасауға тыйым салынады. Ал өнім шіріп, жарамсыздануда.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер егістік науқаны кезінде шаруалар демалыссыз жұмыс жасайтынын айтып, сертификаттардың сенбі-жексенбі күндері де берілу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Ол үшін Үкіметі қаулысымен бекітілген «Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитарлық сертификат беру» Мемлекеттік қызмет стандартына «Елдің оңтүстік өңірлері үшін егістікті жинау кезеңінде» деген белгімен өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы таяу арада Ұлттық палата арқылы Үкіметке осы және басқа да мәселелермен  шықпақшы.

 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер