astana-view

Медициналық техника өндірушілеріне көмек

2015 жылғы 11 Маусым
9886 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы медициналық өнеркәсіп кәсіпорындарына қолдау көрсетті

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастықпен бірге және Мәжіліс депутаттарының, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің қолдауымен бір жарым жыл бойы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді.

Заңнамаға «СК-Фармация» ЖШС қызмет саласын кеңейту жағынан өзгертулер енгізілді: компанияға медициналық техника жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімдік шарттар жасасу бойынша өкілеттік беру ұсынылуда. Сонымен қатар жаңа «медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімдік шарты» заңгерлік ұғымы енгізілді.

Отандық медицина өнеркәсібін дамытуға қолдау көрсету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі базасында «Атамекен»  ҚР ҰКП, «СК-Фармация» ЖШС, «ҚазМедТех» АҚ және Медициналық техника өндірушілері қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы қызметінің мақсаты медициналық техника жеткізудің ұзақ мерзімдік шарттарын жасаудағы тиімді механизмдерді дайындау болды.

Жұмыс тобының отырыстарында отандық медицина техникасын өндірушілерді қолдау жөніндегі бизнес құрылымдардың барлық ұсыныстары өңделді. «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 қаулысына түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар дайындалды.

Ұсынылған жаңалықтар отандық тауар өндірушілер өндіретін медицина техникасын орталықтандырылған сатып алуды ұйымдастыруға, тапсырыс берушілердің медицина техникасын сатып алуды бірыңғай дистрибьютор тізімі бойынша жүзеге асыруына (міндетті тәртіпте құны 5 миллион теңгеге дейінгі және келісу мен сараптау процедураларын өткізусіз), отандық тауар өндірушілерден медицина техникасын басым түре сатып алуды (5-50 миилион теңге аралығындағы бағада) енгізуге қатысты болды.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталмыш шаралар медицина техникасын шығаратын әрекет етуші зауыттарды сақтап қалуға мүмкіндік береді, елімізде медицина өнеркәсібінің тұрақты дамуына және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өндірілетін өнім сапасын көтеруге септеседі деп есептейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер