astana-view

Жер қойнаулары шақырады!

2015 жылғы 12 Маусым
4859 просмотров

Астанада республикалық Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы (ТМКҚ) бастамасымен «Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» ҚР Кодексі Тұжырымдамасының жобасы талқыланды.

«Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне тұжырымдамалық ұстанымдарды талқылау» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына бейіндік министрлік өкілдері мен ірі кәсіпорындар басшылары – металлургия нарығының ойыншылары ғана емес, Парламент депутаттарынан бастап халықаралық сарапшыларға дейінгі топтан тұратын жұртшылық өкілдері де қатысты.

«Бүгінде тау-кен өндіру және геологиялық сектор аустралиялық әдіске көшу процедураларын қозғаған 100-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» Заңға жасалған белгілі бір өзгерістерді сезінді. Биылғы жылы ол пилоттық режимде іске қосылады. Шамамен 100 кен орнын жаңа әдіс бойынша аукционға шығармақшымыз», - деп мәлімдеді ҚР инвестициялар және даму жөніндегі вице-министрі Альберт Рау.

Ол «Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» Кодексті талқылаудың өзі Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіруге талпынысына жауап беретінін атап өтті.

«Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» Заңмен жұмыс жасап жүрген кезде Кодексте көптеген мәселелердің салмақты шешімін табатынын айтқан едік. Оның үстіне бұл біздің ЭЫДҰ-ға кіруге деген талпыныстарымызға жауап береді. Аталмыш ұйымда инвестициялық климатқа ерекше талаптар қойлады. Ал тау-кен және мұнай-газ кешендері экономикамыздағы ең үлкен секторлар болғандықтан, ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестік біз үшін аса маңызды… (…) Кодекс тұжырымдамасы басшылыққа алатын негізгі дүние: жер қойнауларын пайдалану құқығын ұсынудың қалай жеңілдетілетінін және жер қойнауларын геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге инвестициялар тартуға жағдай жасауды көрсету»,- деп түсіндірді Альберт Рау.

Вице-министрдің айтуынша, «тау-кен саласында аустралиялық үлгі бойынша жер қойнауларын пайдалануды реттеуді жетілдіру» көзделуде. Атап айтқанда жер қойнауларын пайдалануға деген құқықты ресімдеу мерзімін шектеу көзделіп отыр.

«Биылғы жылы мұны пилоттық нұсқада бастаймыз. Мерзімді 25 күнге дейін қысқарттық. Кодексте барлауға жер қойнауларын пайдалану құқығы үш күн ішінде ұсынылады деп болжанып отыр», - деді Альберт Рау.

Алайда Альберт Рау бірден түсіндірме жасай кетті – жеңілдетілген процедураны енгізудің алдында үлкен ұйымдастыру-техникалық жұмыс жүргізілуге тиіс.

«Интерактивтік карта бойынша ашық қолжетімділік беру жайлы сөз болып отыр… Оны алдымен құру қажет, күллі торды интерактивті режимге орналастыру қажет. Бұл аса көлемді жұмыс, дегенмен жер қойнауын пайдаланушы жалдау қағидаты бойынша еркін режимде барлауға жер ала алатын болғандықтан, тұрарлық іс», - деп хабарлады ҚР ИДМ вице-министрі.

Вице-министр ең толғақты мәселелердің бірі – геологиялық ақпараттардың құпиясын ашу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Халықаралық тәжірибе ашықтық қажеттігін көрсетеді, ал біздің еліміз кеңестік дәстүрлерді ұстанады.

«Жылдар бойы бізді толғандырып келген екінші мәселе – құпияларды ашуға қатысты. Бүгін қорларда 132 мың жауап бар: олардың төрттен бірі - 34 мыңының құпиясы ашылды», - деп көрсетті Альберт Рау.

Болашақ Кодекс нормаларының бірі Қазақстанда көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбалар кен орындарын барлауға құқық әрекетінің мерзімін ұзарту мүмкіндігімен 6 жыл деп белгілеуге қатысты болды.

ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты қолдану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетінің мүшесі Ерлан Нығматулин сыни ескертулер жасады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда «Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» Кодекске 23 рет өзгерту енгізілген.

«Қазір әрекет ететін 2010 жылы қабылданған «Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» Кодекс келесі 2011 жылы бес тармақ бойынша бірден өзгертуге ұшырады. Ал 2012 жылы ол 39 тармақ бойынша өзгертуге ұшырады. Аталмыш заң жобасы 2014 жылы да Үкімет бастамасымен 270 тармақ бойынша өзгеріске түсті. Жалпы алғанда, әрекет еткен бес жылда 23 рет өзгерту енгізіліпті», - деп сенатор деректер келтірді.

Депутаттың айтуынша, осы уақыт ішінде 73 бап өзгертіліп, 351 түзету енгізілген. Сенатор мұндай жағдай инвесторлардың елімізге деген сенімін төмендетеді деп есептейді.

«Өкінішке орай, біздің жер қойнауларын пайдалану саласындағы заңнама ұзақ жылдар бойы түрлі өзгерістерге ұшырап келе жатыр. Сонда бұл инвесторлар үшін тұрақтылық боп санала ма?», - деген сауал тастады Ерлан Нығматулин.

Қазақстандық заңнаманың «осал тұсы» кейбір заңгерлік ұғымдардың аморфтылығы болып табылады.

«Өндіру және қайта өңдеу ұғымдарының арасын ажырату мәселесін аяқтайтын кез келді… Бұл жер қойнауларын пайдаланушылар тарапынан жиі қойылатын сауалдардың бірі болса керек. Кодексте «өндіру», «алғашқы қайта өңдеу», «байыту» ұғымдарына нақты анықтама беру керек», - деп есептейді сенатор.

Оның айтуынша, салық заңнамасы мен жер қойнаулары туралы заңнамада бүгінде кездесіп отырған кемшіліктер мен қайшылықтар фискалды органдармен дау туындатып отыр.

«Бұл әсіресе алғашқы қайта өңдеуді жүзеге асыру кезінде пайдалы қазбаларды өндіруге салық (ПҚӨС) есептеу үшін салық салу базасын айқындау жағынан құқық қолдану тәжірибесіне қатысты. Жаңа Кодексте осындай екі ұшты ұғымдарды болдырмау керек», - дейді Ерлан Нығматулин.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер