astana-view

Төрешілдіксіз құрылыс ісі

2015 жылғы 30 Маусым
8512 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП құрылыс саласын реттеу мәселелерін қорғап шықты

ҚР Ұлттық экономика министрлігінде ҚР ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың төрағалығымен құрылыс саласындағы жаңа реттеу құралдарына арналған отырыс өтті. Кейбір заңнамалық актілерге құрылыстағы баға белгіленуі және сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмыс аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары заңнамалық жаңалықтар енгізгенін еске саламыз.

Талқылауға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығы, Қазақстанның Инженерлер қауымдастығы, «Индустриялық құрылыс технологиялары» Қауымдастығы және басқа да мүдделі ұйымдар өкілдері қатысты.

Заң жобасы қазақстандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі компаниялардың ЭКСПО-2017 аясында немесе шетелдік инвесторлар қатысуымен салынып жатқан нысандарды тұрғызуға қатысу мүмкіндігін кеңейтетін бірқатар нормалардан тұрады.

Пікірталас тудырған заң жобасындағы жаңалықтар қатарына тапсырыс беруші функциясын іске асыру және құрылыс нысанын жүзеге асыру үшін құрылыс жобаларын басқару жөніндегі инжинирингтік компанияларды аккредиттеу жайлы норма жатады.

Аталмыш құрал аясында бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінің бейіндік емес функцияларын алып тастау мақсатында, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік салалар нысандары құрылысы бойынша бірегей тапсырыс беруші және оператор болып табылатын жеке заңды тұлға құру ұсынылды.

Кәсіби қоғамдастық талқылау барысында бірыңғай тапсырыс беруші және операторды жасақтаудың қолайсыздығын мәлімдеді. Олар тапсырыс беруші функциясын іске асыру үшін, құрылыс нысандарын өткізу және оның одан әрі пайдаланылуы үшін (толық жұмыс циклі) құрылыс жобаларын басқару жөніндегі инжинирингтік компания қызметтерінің нарықтық механизмін енгізу туралы ұстанымын алға тартты. Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұстанымына келісті.

Ғимараттар мен құрылымдар сенімділігі мен беріктігіне техникалық қадағалау мен техникалық тексеруді жүзеге асырушы заңды тұлға-кәсіпорындарды аккредиттеу туралы норма салмақты түрде талқыланды.

Бұл жерде кәсіби салалық бірлестіктер аталмыш құралды өзін-өзі басқаратын ұйымдар институтын енгізу аясында пайдалану туралы бірыңғай пікірге тоқтам жасады. Олардың ойынша, бұл орындалатын жұмыстар сапасының бақылауын көтеруге мүмкіндік береді.  

Инженерлік-техникалық жұмысшылар мен жобалау ұйымдарын аттестаттау жөніндегі мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарын аккредиттеу туралы норма да қызу пікірталас тудырды.

Құрылыс өнімі сапасының төмендігі және жобалау әрі құрылыс ұйымдарындағы инженерлік-техникалық жұмысшылар біліктілігінің сәйкес келмеуі отандық өндірушілердің ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысуына ылғи кедергі болады. Қазіргі қолданыстағы лицензиялау жүйесінде инженерлік-техникалық жұмысшылар біліктілігіне объективті баға беру тәсілінің жоқтығы аталып өтті. Осыған орай, халықаралық тәжірибені ескере отырып, аттестаттау құралын енгізу ұсынылады.

Кәсіби қоғамдастық пен Ұлттық экономика министрлігі бұл ұсыныстарды құптады. Аттестаттауды ҚР ҰКП қатысуымен, салалық қауымдастықтар базасындағы аккредиттелген мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарының күшімен өткізу ұсынылды.

Салалық қоғамдастықтың қызу талқысын тудырған тағы бір тұс: сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында берілетін лицензиялардың мерзімділігін енгізу.

Заң жобасында берілетін лицензиялардың мерзімділігі қағидатын енгізуді ұсынады. Оған сәйкес лицензиялар бес жыл мерзімге берілетін болады. Түзету бастамашыларының ойынша, бұл формалды түрде лицензиясы бар, бірақ шынайы жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс ұйымдарынан құтылуға мүмкіндік береді-мыс.

Салалық қоғамдастық берілетін лицензиялардың мерзімділігін енгізуге үзілді-кесілді келіспеушілігін білдірді. Құрылыс кәсіпқойларының пікіріне сүйенсек, аталмыш механизмді енгізу жұмыс жасамайтын компаниялардың түйткілін шешпейді, сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша жүктеме тудырады. Бизнес-қоғамдастық өкілдері егер бұл норма қабылданса, Қазақстанның Дүниежүзілік Банк «Doing Business» рейтингінде Қазақстан жайғасымының төмендеуіне әкелетінін мәлімдеді. Ұсынылатын норма нарықтағы жосықсыз ұйымдардан құтылуға сеп болмайды деп есептейді құрылысшылар. 

Палата ымыралы нұсқа ретінде лицензиарға хабарлама жіберу жүйесін қолданумен лицензиат қызметін тоқтатусыз лицензияны растау механизмін енгізуді ұсынды. Министрлік бұл ұсынысты қолдап отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер