astana-view

Қазақстанның бизнес-ханымдары бастаманы өз қолдарына алды

2015 жылғы 01 Шілде
17007 просмотров

Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің I конгресі өтті

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өтті.

«Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңестері осы жылдың көктемінде құрылғанын еске саламыз. Өңірлік құрылымдар республиканың барлық облыстарында пайда болды. Жер-жерлерде облыстық филиалдарды әр өңірдің табысты іскер әйелдері басқарды. Олардың көпшілігі қаржы саласында еңбек етеді. Бұл да заңды дүние. Бизнес-ханымдар әрбір тиынды санай біледі және жеке істі ашуға ерекше ойластырып барып келеді.

Бүгінде қазақстандық әйелдер бизнес сияқты таза ерлердің ісі деп санау үйреншікті жәйтке айналған осындай салмақты саланы белсенді түрде, тіпті айтарлықтай табыспен игеруде. 

ҚР Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатты, Бес институционалдық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын әйелдердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес екенін мәлімдеп, аталмыш мәселе төңірегінде ой өрбітті.

«Бүгінгі таңда еліміз бойынша орташа алғанда 41,5%-дан астам шағын және орта бизнес субъектілерін әйелдер басқарып отыр. 1 086,5 мың жеке кәсіпкерлер арасынан 542,9 мыңы – бұл әйелдер.  2014 жылы әйелдер 794,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз еткен. Бұл Қазақстанның шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орнының 30%-ын құрайды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бірақ еліміздегі бизнес ханымдар мұндай нәтижелерге мемлекеттің қолдауынсыз жете алмас еді. ҚР Мемлекеттік хатшысы айтып өткендей, Қазақстанда 2009-2015 жылдарға арналған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту арнайы бағдарламасы дайындалған. Аталмыш бағдарлама аясында жыл өткен сайын кәсіпкер әйелдерді қолдау формалары мен әдістері кеңейіп келеді.

«2014 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік жаһандық рейтингінде Қазақстанның 43 орын алуы кездейсоқ емес. Бірақ әлі де әлеуетіміз зор деп ойлаймын, жаңадан құрылған кеңес бұл жерде өз ролін атқарады», - деп сенім білдірді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы Іскер әйелдер кеңесінің алдына кәсіпкерлік қызметтің әйелдерге қатысты дәстүрлі түрлерін қолдау, жер-жерлерде өңірлік деңгейде әйелдер кәсіпкерлігі мектептерін (клубтарын) құру, әйелдер бизнесіне мемлекеттік қызмет көрсетілуіне тұрақты негізде мониторинг жүргізу, бизнестегі әйелдер көшбасшылығын ынталандыру бойынша бірқатар басымдылықты міндеттер қойды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова атап өткендей, Кеңестің негізгі миссиясы – іскер ортадағы белсенділікті көтеру мақсатында әйелдерді бірыңғай одаққа біріктіру миссиясымен үндес келіп тұрғандықтан, бұл міндеттер орындалады.

«Кеңес кәсіпкерлікке барынша көп әйелдерді тартуды міндет тұтады. Әйелдер қатысатын шағын және орта бизнес секторындағы жағымды динамика – бұл кәсіпкерлікті табыспен дамыту үшін жағдай жасау жөнінде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Бизнесте өзін-өзі танытуға ұмтылатын әйелдер саны артып келеді. Мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жекелеген бағдарламалар қабылдаған. Біздің кеңес те ең алдымен аталмыш бағытта қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімді түрде жүзеге асуын қамтамасыз етуге арналған», - деп түйіндеді «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы.

Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту, еңбек нарығында олардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру, «іскер, әлеуметтік белсенді әйел» мәртебесін көтеру, әйелдер үшін, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайында да, жаңа жұмыс орындарын құру, бизнес-ортадағы гендерлік теңдік болып табылады.

Ләззат Рамазанова «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың конгреске қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Төралқа төрағасының құттықтау хатында Кеңесті құрудың негізгі идеясы өңірлердегі кәсіпкер әйелдерді белсендіру, олардың іскер ортаға қатысуы, бизнес ханымдар бастамаларын қолдау, олардың мүмкіндіктерін кеңейту болып табылатыны аталып өтеді.

Іскер әйелдер кеңесінің логотипі жасалды. Онда әйелдерді бейнелейтін гүл мен бір шеңберге жиналған жұдырықтар көрсетілген. Соңғысы әйелдер қоғамдастығының бірлігін, әйелдердің ұйымшылдығын білдіреді.

Конгреске қатысушылар сондай-ақ кәсіпкер әйелдердің республикалық және өңірлік деңгейлердегі іскерлік ынтымақтастығының болашақ даму жолдарын талқылады. Өңірлік әйелдер кеңестерінің өкілдері өңірлерге тән түйткілдер мен оларды шешу жолдарын, соның ішінде жұмысбастылық, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, отбасылық-демографиялық саясат мәселелері жайлы сөз қылды.

I  Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің келешек дамуы бойынша Кеңес қызметінің стратегиясы мен негізгі бағыттары айқындалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер