astana-view

Жерге көмілген ақша туралы

2015 жылғы 07 Шілде
- Ақтөбе облысы
10487 просмотров

Ақтөбе шаруаларының басты түйткілі – субсидияға берілген өтінімдерді қарау кезіндегі төрешілдік іркушіліктер

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары биылғы жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша қаржылай мөлшерлемені субсидиялау және қаржылай сауықтыру мәселелері бойынша жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесі бойынша осындай қорытынды шығарды.

Ақтөбелік кәсіпкерлер үшін өтінімдерді ұзақ уақыт қарау өзекті түйткілдердің бірі болып табылады.

«Ережеде белгіленген мерзімге сәйкес субсидия алу үшін құжаттарды ресімдеу шамамен 3 айға созылады. Іс жүзінде аталмыш процедура тоғыз айға дейін созылады. Мәселен, Әйтеке би ауданы кәсіпкерінің 2013 жылы қыркүйек айында жолданған өтінімі тек 2014 жылғы мамыр айында мақұлданған. Бұл жалғыз мысал емес. Банктер сонымен бірге ұсынылатын құжаттардың нақты тізімін көрсетпейді. Мерзім белгіленбеген, бұл банктер жүргізетін процедура ашықтығын теріске шығарады», - деп хабарлады palata.kz-ке ӨКП сарапшысы Нұрбол Аймағамбетов.

Қаржы институттарына құжаттарды ішкі кредит саясаты мен ішкі нормативтік құжаттарға сәйкес талап ету құқығы бекітілген. Бұл оларды ұсыну формасы мен санына түрлі талаптар орнатуға жағдай жасайды. Ал тізбені және сұралатын құжаттар сапасына қойылатын талаптарды бірнеше мәрте өзгерту өтінім қарау мерзімінің негізсіз түрле созылып кетуіне әкеледі.

«Сонымен қатар, кейбір шарттардың долларға таңылып жасалғаны белгілі болды. Ал субсидия алу сәтінде есептен шығарылмаған тұрақсыздық төлемінің сомасы өсіп кетеді. Бұған астықтың болмауы сияқты тағы бір түйткіл қосылады. Ақырында, қаржылай сауықтыруды субсидиялау іс жүзінде тек ағымдағы түйткілдерді шешуге және ағыстан қалмауға ғана көмектеседі. Ал төлем қабілетін жақсарту, кредиттік жүктемені төмендету және АӨК субъектілерінің банкроттыққа ұшырау тәуекелін барынша азайту болып табылатын қаржылай сауықтырудың негізгі мақсаттарына қол жеткізілмейді», - деп есептейді сарапшы.

Субсидия төлемдерін кешіктіру, контрагенттер шарттары бойынша есептелетін тұрақсыздық айыбының өсуі, сақтандыру сомасын егістік алаңының бір бөлігі үшін ғана төлеу – бұл «Агробизнес-2020» бағдарламасының қаралатын бағытының тиімділігін төмендетуші түйткілдердің бір бөлігі ғана. Жүйелік сипат алатын түйткілдер де баршылық деп есептейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер