astana-view

Халықаралық стандарттар бойынша бухгалтерлік есеп

2015 жылғы 17 Шілде
14714 просмотров

Елімізде стандарттардың қолданылуы қалай қамтамасыз етіледі? Бухгалтерлік есеп саласын кім және қалай реттейді? Кәсіпкерлік субъектілері өз санаттарына қарай қаржы есептілігінің қандай стандарттарын қолданады?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігімен бірге ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» осы және басқа сауалдарға жауаптар берілді.

Бизнес өкілдеріне халықаралық аудит стандарттары жайлы айтылды, қажылай есептілік жүргізу ережелері түсіндірілді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаментінің Бухгалтерлік есеп әдіснамасы басқармасының басшысы Шапиға Насырова атап өткендей, «Бухгалтерлік есеп туралы» Заңға жасалған түзетулерге сәйкес, ұйымдардың қаржы есептілігін шағын және орта бизнеске арналған халықаралық қаржы есептілігі стандартына (ХҚЕС) сәйкес құрастыруы көзделген.

Оның айтуынша, ірі кәсіпорындар халықаралық қаржы есептілігі стандартын (ХҚЕС) қолданады, ал ШОБ үшін жеңілдетілген стандарт жасалған.

«Сонымен бірге шағын кәсіпкерлік субъектілері қаржы есептілігін құруды 2013 жылы қабылданған ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асыра алады», - дейді Шапиға Насырова.

Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, кәсіпкерлерді ХҚЕС мәтіндерімен қамтамасыз ету үшін Қазақстанда ХҚЕС Қорымен стандартты мемлекеттік тілге аудару және жариялауға, сондай-ақ стандартты орыс тілінде жариялауға құқық беретін мерзімсіз шарт жасалған. Бүгінгі таңда ХҚЕС соңғы нұсқасы мемлекеттік тілге жыл сайын аударылып отырады және Министрліктің www.minfin.gov.kz сайтына ресми түрде жарияланып тұрады.

«Шынайы сектордың ХҚЕС-ке көшуіне орай аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың халықаралық аудит стандарттары талаптарын сақтау қажеттілігі туындады. Сөйтіп, 2006 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық аудит стандарты қабылданды», - дейді ҚР ҚМ бухгалтерлік есеп әдіснамасы басқармасының басшысы.

Аталмыш стандарттарды Қазақстанда енгізу үшін Халықаралық бухгалтерлер федерациясымен кезекті келісім жасалды. Ол Қаржы министрлігінің Қазақстан Республикасы аумағында Халықаралық аудит стандартын мемлекеттік тілге аударуына және Министрліктің www.minfin.gov.kz сайтына жариялауына мүмкіндік береді.

Қаржы министрлігінің өкілі сонымен қатар 2008 жылы бұқаралық мүдде ұйымдары үшін Қаржы есептілігі депозитарийі құрылғанын хабарлады. Бұл бұқаралық мүддедегі ұйымдар жыл сайын тапсырып отыратын тұтынушылар үшін ашық қаржы есептілігінің электронды деректер базасы болып табылады (www.dfo.kz).

«Депозитарий қаржы есептілігінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, бұл олардың инвестициялық тартымдылығының өсуіне алып келді, сонымен қатар ақпарат сапасы мен дәйектілігінің көтерілуіне сеп болды», - деді Шапиға Насырова.

Аталып өткендей, нарық субъектілері қаржы есептілігінің сапасы, сонымен қатар есеп стандарттарының өзін тікелей түсіну еліміздің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.

Қаржы министрлігінің өкілдері кәсіпкерлер сұрақтарына жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер