astana-view

«Бизнес-Кеңесші» оқыту семинарлары

2015 жылғы 20 Шілде
11672 просмотров

Бизнесмен әрі буданды жел генераторын жасап шыққан Жанболат Мұзбаев төл туындысының көпшілік тұтынушыға жол тартатынына сенімді

Алматы Кәсіпкерлер палатасы өткізетін «Бизнес-Кеңесші» семинарларында қатысушылар арасынан ісін бастаушы ғана емес, әккі бизнесмендерді кездестіруге болады. Олар кәсіпкерлердің қандай түйткілдерге жиі ұшырайтынын басқаларына қарағанда жақсы біледі. Семинарға қатысушылар Жанболат Мұзбаевтың өз шаруашылығында табыспен қолданып жүрген жел генераторына қызығушылық танытты. Кәсіпкер барлық конструкцияларды өзі жасап шыққан екен.

- Жел генераторларымен айналысуға түрткі болған нәрсе жайлы айта отырсаңыз.

- Бәрі де үш жыл бұрын, жер сатып алып, алғаш бақ отырғызғанда басталған еді. Жұмысшылар үшін инфрақұрылым және жағдай жасау қажет болды. Электр жарығы жоқ, су жоқ. Электр жарығын тарту үшін жергілікті электр желісіне жүгіндік. Ең жақын трансформатор станциясы 3 шақырымда болғандықтан, қымбат болып шықты. Ол үшін сым тартып, бағандар орнату керек, жоғары вольтті трансформатор сатып алу керек және т.б. Сонда біз Қытайда жасалған жел генераторын сатып алдық. Бірақ ол үш ай да жұмыс жасап үлгерген жоқ. Ең алғашқы дауыл қалақтарын сындырып әкетіп, аппараттың күл-талқаны шықты. Сол кезде үйімдегі шеберханада жел генераторын өзім құрастырып шықтым – алғашқы инженерлік мамандығым көмектескен еді. Шаруа қожалығында оны орнатқан кезде электр энергиясының түйткілін ғана шешіп қоймай, су мәселесін де шешіп алдық – себебі бұл электр энергиясымен тереңдік сорғысы жұмыс жасап, су жіберетін еді.

Шаруа қожалығының жел мен күн энергиясын қолданып жүргеніне содан бері үш жыл өтті.

- Сонда бұл жай ғана жел генераторлары емес, будан болып шықты ғой?

- Иә. Әрі бұл өте ыңғайлы: жел болмаған кезде, энергияны күн береді және керісінше.

- Ал өнеркәсіптік өндіріс жайлы ойламадыңыз ба?

- Аталмыш конструкцияның сенімділігіне және техникалық сипаттамасы жағынан шетелдік аналогтардан кем түспейтініне көзіміз жеткен кезде, ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін жел генераторларының жаппай өндірісін ашуға бел будық. Шетелдік аналогтарға қарағанда біздің генераторлар тіпті ең ауыр климат жағдайында жұмыс жасауға бейімделген. Бірақ ең бастысы: олар жылдам құрастырылады және кез келген үйдің шатырына, контейнер немесе бағанға монтаждауға болады! Толығымен отандық материалдардан дайындалған.

Сонымен қатар, шағын ғана жәшікке сыйып кететін 1 вт-қа дейінгі қуаттылықтағы мобильдік буданды генератор жасап шықтық. Мұндай құрылғы жеке шаруашылығы электр жарығынан алыста орналақан кәсіпкерлер үшін ыңғайлы. Шопандар, қорықшылар, шекарашылар, ТЖ қызметкерлері және т.б. үшін таптырмайтын зат. 

Жақында «Science Technology» ЖШС тіркедік. Ол Алматыда орналасады. 0,5 Квт-100 Квт аралығындағы түрлі қуаттылықтағы жел генераторларын өндіру желісіне сертификат алдық. Себебі қажет жабдық сатып алуға қаражатымыз жетпейді. Грант алу үшін ТДҰА-ға өтінім жасау үшін құжаттар дайындап жатырмыз.

Баламалы қуат көзін дайындау және өндіру кәсіпкерлік дамуы үшін, әсіресе ауыл шаруашылығында, жаңа серпін береді деп сенеміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер