astana-view

Алданып қалмаңыз!

2015 жылғы 27 Тамыз
9078 просмотров

Ұлттық банк доллар қымбаттамайтынын ескертеді

Валюта айырбастау орындарында кезекте тұрғандар доллар бағамының жаңадан күрт өзгеретіні жайлы сыбыстармен бір-бірін үрейлендіруде. Ұлттық банк басшылығы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мұны растамады. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков алдағы демалыс күндері доллар 400 теңгеге қымбаттап кететіні рас па деген сұраққа үзілді-кесілді «Жоқ!» деген жауап берді.

Ұлттық банк төрағасының келесі бір орынбасары Нұрлан Құсайынов алдағы жұманың кешінде KASE бағамы тұрақталатынын және «айырбастау орындарына берілетін нұсқаулықтың дәл осы бағамға бағдарланатынын» айта кетті. Нұрлан Құсайынов сонымен бірге жекелеген айырбастау орындарының жосықсыз әрекетін жоққа шығармайды.

«Әрине, кейбір айырбастау орындары екінші деңгейлі банктер жұмысының шектеулілігі салдарынан пайда көруге талпынары сөзсіз. Қатты қажет болмаса, халықты валюта сатып алу мен сатуды тоқтата тұруға шақырғымыз келеді», - деп үндеді Нұрлан Құсайынов.

Сонымен қатар, Ұлттық банк қазақстандықтардың «дұрыс» айырбас бағамы бойынша валюта тапшылығын сезінбеуі үшін, «Қазпочта» акционерлік қоғамын қосымша теңге және доллар қаражатымен қамтамасыз етті. Нұрлан Құсайынов «Қазпочтаның» лицензиялы айырбастау орындарының алдағы мереке күндері жұмыс жасайтынына сендірді.

Жанар Бiрлiкқызы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер