astana-view

Құрылыс саласы: нақты шаралар кешені

2015 жылғы 04 Қыркүйек
13037 просмотров

Қазақстанның құрылысшылары Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына өздерінің ұсыныстарын енгізуде

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ комитетінің кезекті отырысы өтіп, онда жаңа еркін теңге бағамына негізделген ақша-кредит саясаты аясында құрылыс саласын дамыту мәселесі талқыланды.

ҚР Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығы құрылыс нарығындағы басты субъектілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша құрылыс саласында жұмыс жасаушы кәсіпкерлер жүргізілген девальвациядан пайда тапқан жоқ деген қорытындыға келді. Өнімді экспорттайтын өнеркәсіптік құрылыс индустриясындағы кейбір кәсіпорындар ғана пайда тапты. 

Атап айтқанда, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы ағымдағы жағдай мен өткен жылдар тәжірибесіне жасалған талдауды ескере отырып, девальвацияның құрылыс секторына және тұрғын үй құрылысына қандай да бір мөлшерде жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін деген қорытынды жасады.

Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының мүшелері теңгенің еркін бағамына көшу бастапқы тұрғын үй құрылысының қарқынын баяулатуы, сәйкесінше, халық тарапынан төлемге қабілетті сұранысты азайтуы мүмкін деп пайымдайды. Өсім қарқынының төмендеуі туралы қорытынды жол, инфрақұрылым және өнеркәсіптік құрылысқа да қатысты алып қарағанда әділ.

Комитет сарапшыларының ойынша, девальвация импорттық құрылыс материалдары құнының ұлғаюына (арматура, профиль, керамикалық тақта, лифт, минтақта, құрылыс техникасы және т.б.), осының салдарынан тұрғын үй құнының өсуіне алып келеді.

Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығы алдын-ала есептеулерге сүйене отырып, импорттық құрылыс материалдарының 25%-дан аса, отандық материалдардың 10%-дан аса қымбаттап кетуі мүмкін деп мәлімдейді.

Қазақстанда құрылыс саласында қызмет жасайтын 30 548 заңды тұлғаның тіркелгенін, оның ішінде тек 16 613 әрекет ететіні (54%) аталып өтті. Кәсіпорындардың қалған бөлігі (13 935) іркіліп тұр. Құрылыс салушылар жүргізген талдау нәтижесі бойынша, саладағы қызметкерлер санының қысқаруы 30%-ға жетуі мүмкін.

Қауымдастық мүшелері берген деректер бойынша, 2015 жылғы қаңтар айынан бастап шілде айына дейінгі аралықта Астана қаласы бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдегі 1шаршы метр құрылысына іс жүзіндегі орташа шығын 200,0 мың теңгені құраған. Мемлекеттің орын алып отырған валюталық саясатындағы өзгерістерді ескере отырсақ, 1 шаршы метр тұрғын үй құрылысына кететін іс жүзіндегі орташа шығын 240 мың теңгені құрамақшы.

Дей тұрғанмен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті сайтының деректеріне сүйенсек, бюджетті қалыптастыру және құрылысқа қаражат бөлу үшін көп пәтерлі үйдегі 1 шаршы метр құрылысқа кететін іс жүзіндегі орташа шығын 128,0 мың теңгені құрайды.

Осыған орай, 2015 жылға көзделген бюджетте қалыптасқан теңге бағамын ескере отырғандағы тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражат сомасы мен құны салынған қаражаттың жетіспеушілігі салдарынан тұрғын үй құрылысы бойынша күллі мемлекеттік тапсырыстың тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.

«Бәйтерек» холдингі өкілдері хабарлағандай, 58 шарт бойынша келісімшарттар қайта қаралмайды, нысандар сол бағамен, сол шарттармен және сол айтылған мерзімде аяқталуға тиіс.

Жоғарыда аталғанға байланысты Комитет мүшелері құрылыс нарығы субъектілерін қолдау шараларының кешенін жасады. Ол сәйкес мультипликативті әсер береді.

Сарапшылар импорттық жабдықтар, материалдар мен бұйымдарды жеткізуді көздейтін ұзақ мерзімдік шарттарды жасау кезінде валюта бағамын тиянақтаудың жалпы тәртібін бекітуді ұсынады.

ҰКП жанындағы Комитет мүшелері ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс істері жөніндегі комитетімен, «Мемлекеттік сараптама» РМК, ірі тапсырыс берушілермен және мердігерлермен девальвацияның құрылыстың түрлеріне (азаматтық, өнеркәсіптік, көліктік, энергетика және мұнай-газ саласы нысандары) әсеріне егжей-тегжейлі талдау жасау үшін жедел жиналыс өткізіп, мердігерлерге қосымша шығындардың орнын толытрудың бірыңғай механизмін жасап шығу қажет деп есептейді.

Сонымен қатар ҰКП кредиттерді қайта құрылымдау арқылы құрылыс бизнесінің қарыздың жүктемесін төмендету механизмдерін жасау үшін сарапшылардың арнайы тобын қалыптастыру қажет деп шамалайды.

Сарапшылар тұрғын үй құрылысы және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарларды жүзеге асыруды жалғастыруды ұсынады. Онда қазақстандық мазмұнды барынша қамтамасыз етіп, басталып кеткен құрылыс нысандарын тоқтатып қоюға жеткізбей, аяқтау мүмкіндігі бар.

ҰКП пікірінше, 2016-2017 жылдарға бюджетте көзделген мемлекеттік капиталдық салымдар мен ұлттық компаниялардың инвестициялық бағдарламаларын барынша сақтау қажет.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банк Бағдарламасына (ТҚЖБ арқылы салушыларды кредиттеу) ұқсас эконом-сараланым баспаналарының құрылысын белсендіру қажет болады.

Тапсырысшылардың (мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар) отандықты қоса алғанда, құрылыс материалдары мен жабдықтарының барлық түрлері бойынша өндіруші зауыттар мен олардың өкілдерінің прайс-парақтары негізінде орындалмаған жұмыс көлеміне құрылыс материалдары үшін төлем жасауына рұқсат ету қажет.

Аяқталмаған нысандарды шартсыз пайдалануға енгізуді қамтамасыз ету мақсатында, құрылыс тапсырысшыларына (мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар) нысандардың пайдалану сипаттамаларын нашарлатпастан материалдар мен жабдықтарды біршама арзанына айырбастау немесе жобалардан кейбір жұмыстар, материалдар немесе жабдықтарды алып тастау жағынан жобаларды оңтайландыруға рұқсат беру қажет.

Жобалардан жұмыстардың, материалдардың немесе жабдықтардың қандай бір түрлерін алып тастау мүмкін болмаған жағдайда, әлеуметтік баспана нысандарын аяқтау мақсатында қымбаттау өтемақысын мердігерлерге жылжымайтын мүліктің бір бөлігін бөлу есебінен жүзеге асыру ұсынылды.

Құрылыс индустриясын қолдау үшін ҰКП жасаған отандық құрылыс материалдары мен өндірілетін өнім тізіліміне сәйкес нысандар құрылысында отандық құрылыс материалдарын барынша көбірек қолдануды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар мониторингті жүзеге асырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен ұлттық компаниялардың құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру шарттарын жасауды және құрылыс материалдарын, жабдықтарды сатып алуды тек отандық өндірушілер мен жеткізушілермен жүзеге асыруға міндеттегеніміз маңызды.

Жинақталған ұсыныстар ҚР Үкіметіне жолданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер