astana-view

Қазақстандық тасымалдаушылар ресейлік кеденнің кінәсінен зиян шегуде

2015 жылғы 09 Қыркүйек
12181 просмотров

Қазақстандық көлік компанияларының жүк көліктері толық кедендік тексеріс жүргізу үшін мәжбүрлі түрде уақытша сақтау қоймаларына орналастырылуда

Үстіміздегі жылдың 7 қыркүйегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «ҚазАТО» ҚР Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағынан хат келіп түсті.

ҚазАТО берген ақпарат бойынша, 2015 жылғы 3 қыркүйектен бастап Еуропа мен Азиядан Қазақстанға транзитпен келе жатқан және Ресей Федерациясының шекарасы арқылы автомобиль өткізу бекеттері арқылы өтетін барлық қазақстандық тасымалдаушыларға қатысты ресейлік-қазақстандық шекараға тікелей жақын орналасқан өткізу бекеттеріне келгенде көлік құралдарын толық кедендік тексеру қолданылады.

Ресейдің Федералдық кеден қызметі транзит кезінде қазақстандық тасымалдаушылардан ҚР мемлекеттік шекарасына жақын жатқан Ресей Федерациясының өткізу бекеттерінде тауар-көлік жөнелтпе құжатына белгі соқтыруды талап етеді.

Сонымен қатар, РФ халықаралық автомобиль өткізу бекеттері арқылы Кеден одағының сыртқы шекарасын кесіп өткен кезде қазақстандық тасымалдаушыларға жүру бағытын белгілейді, оған сәйкес ресейлік-қазақстандық шекарада CMR белгісін қойдыру керек (жүктерді халықаралық тасымалдаудың көлік жөнелтпе құжаты).

2014 жылғы 6 наурызда Ресейдегі Федералдық кеден қызметінің «Тауарларды тасымалдау бағытын белгілеу кезіндегі кеден органдары лауазымды тұлғаларының әрекеті туралы» бұйрығының күші жойылған болатын. Бұйрық күшінің жойылғанына қарамастан, Ресей Федерациясының кеден органдары қазақстандық тасымалдаушыларға тауарларды тасымалдау бағытын нұсқауын жалғастыруда. Қазір қазақстандық жүк көліктері толық кедендік тексерістен өткізу үшін мәжбүрлі түрде уақытша сақтау қоймаларына қойылуда.

Аталмыш шаралардың жөнелтуші ел мен жүк сипатына қарамастан, барлық жүк автомобильдеріне қатысты қолданылып жатқанын атап өту керек (тасымалдаушылардың айтуынша, тек Новоресейлік және Осетин өткізу бекеттерінен шығатын автомашиналар ғана бұған кірмейді).   

Бүгінде шамамен 20 автомобиль Самара және Саратов кедендерінде тексерісті күтіп тұр. Тасымалдаушылар берген ақпарат бойынша, Соль-Илецк қаласындағы терминалда жүзден астам автомашина жиналып қалған.

2011 жылғы шілде айынан бастап Ресей мен Қазақстан шекарасындағы кедендік бекеттердің алынып тасталғаны белгілі. Осыған орай РФ кеден органдарының қандай заңды негіздемемен әрекет етіп отырғаны түсініксіз.

«Ресейдің Федералдық кеден қызметі тарапынан мұндай шара қолдану үшін заңды негіздеме жоқ! ФКҚ өз әрекетімен тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің еркін өтуін білдіретін ЕАЭО туралы Шарт аясында қол жеткізілген келісулерді толығымен жоққа шығарып отыр деп есептейміз», - деп атады «Атамекен» ҚР ҰКП экономикалық интеграция департаментінің Басқарушы директоры Дана Жүнісова.

Дана Жүнісованың айтуынша, Ресей аумағынан тауарларды транзиттеу кезінде туындайтын түйткілдің жүйелік сипатын ескере отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы 2014 жылғы 18 желтоқсанда «Кедендік транзит кедендік процедурасына сәйкес алып өтетін тауарларға қатысты тауарлардың сыртқы саудасы мәселесін көтеретін, бір жақты тәртіпте енгізілетін шаралардың таралмауы туралы» №21 Нұсқаулықты шығарды. Аталмыш құжатқа сәйкес, ЕЭК Алқасы Ресей Федерациясының тауарлардың сыртқы саудасын көтеретін және кедендік транзит кедендік процедурасына сәйкес алып өтілетін тауарларға қатысты бір жақты тәртіпте енгізілген шаралардың қолданылмауын қамтамасыз етуін нұсқады. 

«8 қыркүйекте ҰКП қазақстандық автотасымалдаушылар өтініші, сонымен қатар қолда бар кедендік тексеріс актілерін негізге ала отырып, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа және ЕЭК Алқасының Төрағасы Виктор Христенкоға ЕАЭО аясындағы жоғарғы деңгейде аталмыш мәселені шешуге жәрдем көрсетуді сұрап хат жолдады», - деді Дана Жүнісова.

Басқарушы директордың айтуынша, Ұлттық палатаға әлі күнге дейін тасымалдаушылардан өтініштер келіп жатқанын ескере отырғанда, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі екі жақты форматта жүргізіп жатқан келіссөздер әлі нәтиже бермеген.

«Ресейлік-қазақстандық шекарада ішкі кедендік тексеріс бекеттерінде ұсталған автомашиналар саны өсіп келеді. Егер 3 қыркүйекте олардың саны шамамен 20 болса, кеше (осы жылғы 8 қыркүйек – ред.еск.) жүзден асып жығылған. ҰКП Ресей ФКҚ шара қолдануын заңсыз деп санайды және бұл жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдейді», - деп жалғады сөзін Дана Жүнісова.

9 қыркүйекте «Атмекен» ҚР ҰКП-ға Самарадағы кедендік өткізу бекетінде түсірілген бейнежазба келіп түсті. «Самарский» кедендік өткізу бекеті қызметкерінің айтуынша, кеденшілердің қазақстандық тасымалдаушыларға қатысты әрекетіне Ресей ФКҚ басшысы Андрей Бельяниновтың бұйрығы негіз болған, ал оған сәйкес барлық автокөлік құралдарына толық тексеріс жүргізіледі.

Бұл ақпаратты теріске шығару мүмкін емес! Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінен бері «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасына ҚазАТО арқылы күн сайын Самара мен Саратовта ғана емес, енді Троицкідегі кедендік өткізу бекетінде тоқтатылған машиналар туралы жаңа ақпарат келіп түсуде. Сонымен қатар қазақстандық тасымалдаушылардың автокөлік құралдарын кедендік қараудың жаңа актілері мен тауарларды тиеу/түсіру бойынша қызметтерге төлем жасау туралы квитанциялар және көлік құралдарының уақытша сақтау қоймасында тұрғаны туралы құжатпен расталған соңғы ақпарат келіп жатыр.

Мысалы, «ЕвроТрал» ЖШС компаниясы үстіміздегі жылдың 7 қыркүйегінде кедендік тексеріс жүргізу кезінде орындалуы қажет жұмыстар үшін 28 016,96 рубль (шамамен 105 000 теңге) төлеген.

Палата өкілдерінің пікірінше, Ресей ФКҚ әрекеті қазақстандық тасымалдаушылардың ғана емес, импортшылардың да қызметіне кері әсерін тигізіп отыр. Бір ғана қарапайым сауал келеді ойға: кедендік тексеріс барысында туындайтын қосымша шығындар (залал) кімнің есебінен жабылады? 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер