astana-view

Ресейліктер бір тәулік ішінде қазақстандық тасымалдаушыларды тексермелеу себебін түсіндіруге уәде берді

2015 жылғы 10 Қыркүйек
12182 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының талап етуімен ел Үкіметі қазақстандық-ресейлік шекарадағы жағдайдың шешімін табу үшін, жедел шаралар қолдануда

Қазақстанға транзитпен келе жатқан жүзден аса жүк тиелген көліктің ресейлік-қазақстандық шекарада тұрып қалғанын еске саламыз. ЕАЭО және Кеден одағы аясында қол жеткізілген келісімдерді бұза отырып, олар толықтай кедендік тексерістен өтуде және шығын шегіп жатыр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында осы жағдайға арналған кезекті баспасөз-конференциясы өтті. Бұл жолы – жауапты мемлекеттік органдар өкілдерімен.

«Бүгінгі күнге дейін ресейлік-қазақстандық шекарадағы өткізу бекеттерінде тұрып қалған қазақстандық тасымалдаушылармен арадағы жағдайдың өзгермегендігін ескере отырып, «Атамекен» ҚР ҰКП қалыптасқан жағдайды түсіндіру мақсатында бірлескен брифинг өткізуге мемлекеттік органдарды шақырды. ҰКП-ға РФ кеден органдарының нұсқауымен әлі күнге дейін уақытша сақтау қоймаларында тексерісті күтіп тұрған тасымалдаушылардан шағымдар келуі жалғасуда», - деп атады «Атамекен» ҚР ҰКП экономикалық интеграция департаментінің директоры-басқарушы директор Дана Жүнісова.

Журналистерге тасымалдаушылардың whatsapp арқылы жіберген екі бейнежазбасы көрсетілді. «Псков облысы, Пыталовский ауданы, «Убылинка» өткелі. Толық тексеріс жүргізілді: жүкті толықтай түсіру, тауарды толығымен қайта есептеу. Енді екі аралық кеден: Тверь облысындағы Ржев қаласына келдік. Онда тексеріс жүргізілді. Самараға келдік, тағы да уақытша сақтау қоймасына кіргізді – толық қайта есептеу, жүкті толығымен түсіру – осының бәріне ақы төлеу керек. Ешқандай жағдай жоқ, тоңазытқыштар да жоқ», - деп кадр сыртындағы бейнежазбаны түсіруші кәсіпкер түсінік беруде.

"Kazlogistics" Қазақстанның Көлікшілер одағы қазақстандық тасымалдаушыларлың РФ кеден органдары әрекеттеріне шағымдармен жүгіну деректерін растады.

«Қазіргі жағдай транзиттің ХЖТ (TIR) кітапшасын қолдануына ғана қатысты емес, ол сонымен қатар жалпы Ресей Федерациясы аумағынан транзиттік өту мүмкіндігін қозғайды. Егер бұрын Федералдық кеден қызметі ХЖТ конвенциясының әрекетіне шек қойып келген болса, бүгінде қазақстандық тасымалдаушылар кепілгерлік жүйесін қолданатын болса да, кеденшілер ресейлік «Ростэк» және «Арсенал» компаниялары берген сертификаттарды назарға алмайды. Оларды бәрібір тоқтатады да, мәжбүрлі түрде тексеруге кіргізіп жібереді», - деді Одақтың бас директорының міндетін атқарушы Дмитрий Милишихин.

Сәл бұрын РФ аумағымен өтетін транзит төңірегіндегі түйткілдердің барлығы ХЖТ кітапшасын қолдану және «санкциялық» тауарларға қатысты болған еді. Бірақ бүгінде РФ кеден органдары қамсыздандыру түрі мен жүк сипатына қарамастан, барлық тасымалдаушыларды тоқтатуда.

ФКҚ қызметкерлері, не себептен екені белгісіз, Қырғызстанға транзитпен бара жатқан жүк көліктерін тоқтатпайды.  

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары Ерлан Әбсатов бір күн бұрын бұл мәселенің ҚР ИДМ басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен арнайы жиналыс тақырыбы болғанын хабарлады.

«ФКҚ мен Ресей Көлік министрлігі атына екі өтініш жолдадық. Бізге сонымен қатар СІМ, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі қосылды. Кеден қызметінің қызметкерлері қазір тікелей ФКҚ арадағы келіссөздерді үйлестіруде. Кеше министрліктің жауапты хатшысы ФКҚ басшысының орыбасарымен телефон арқылы тілдесіп, ол жағдайды анықтауға бір тәулік беруді сұрады», - деп атады ол.

«Жүргізушілерден келіп жатқан мәліметтер бойынша көлік құралдары бұрынғыша тоқтатылып жатыр.  Тұрып қалу шамамен 5-7 тәулікті құрайды. Мәселен, бүгін бір жүргізуші қоңырау шалып, 6 қыркүйектен бері тұрғанын айтты. Кезек тым баяу жылжып жатыр, ол бүгін 33 болып тексеріледі» - деп жалғады сөзін Ерлан Әбсатов.

Журналистер отандық кеденнің айтар сөзін күтті. Ол көп күттірмеді. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті кедендік бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Нұралиев келесі аптада Минск қаласында Кеден одағының Біріккен алқасы өтетінін, «онда аталмыш жағдай мен барлық мәселелердің айтылатынын» мәлімдеді.

Бұл бір түсініксіз жайт болды, себебі былтыр ғана екі мемлекеттік орган санкциялық тауарларды Қазақстанға транзиттеу туралы келіскен сияқты еді. Осы жылдың мамыр айында Қазақстанның кеденшілері санкциялық тізімге кіргізілген тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын Адал ниетті тасымалдаушылар тізімін жасаған еді. Олардың жүктері елімізге кедергісіз өтуге тиіс болатын. Қазақстандық кеден қызметі берген ақпарат бойынша, Тізім ресейліктерге осы жылдың мамыр айында беріліп қойған. Сол уақыттан бері аталмыш құжаттың тағдыры жайлы ештеңе естілмеді…

Дана Жүнісова брифинг тақырыбына қайта оралып, ҰКП-ның Мәскеудегі өкілдігінің қазір ФКҚ ресми түсінігін алуға тырысып жатқанын атады.

Баспасөз конференциясы үстінде оған тағы бір тасымалдаушы – Андрей Ултаков Орал қаласынан хабарласты. Қатты дауысты байланыспен ол журналистерге шекарада болып жатқан жағдай жайлы айтып берді.

«Машинамыз тұрмыстық құрал-жабдықтармен Украинадан келе жатыр. Оны Самараның жанындағы Новокуйбышевск өткелінде ұстап тұрғанына төрт күн болды. Барлығын толық тексермелеуге кіргізді. Онда 100 немесе 150 машина жиналып қалды. Енді тізімдерді алып шықты, ОМОН (ерекше мақсаттағы милиция жасағы) келіп жетті. Содан бәрін, ресейлік кеден органдарының мұндай машина ағынына шамасы келмейтін болғандықтан, 150 шақырым жердегі Тольятти қаласына алып барады. Жүргізушілерде ақша да жоқ, онда жүкшілердің өзіне 15-20 мың төлеу керек – бәрі де өз есебімізден. Және оған УСҚ-да тұрған әрбір тәулік үшін 5 мың рубльді қосасыз», - деп мәлімдеді ол.

«Ешкім ештеңе түсіндірмейді. Бұл ішкі өкім дейді. Қазір тұрақсыздық айыбын төлеу керек болады. Менен тексеру, УСҚ үшін ақша алады және тағы қарыз болып қаламын, себебі мерзім жағынан үлгермей жатырмын», - деп жалғады сөзін назаланған кәсіпкер.

Көлік компания басшысының айтуынша, жүргізушісінің ақшасы жоқ, ал «солярка тек Тольяттиге баруға ғана жетеді, одан әрі Қазақстанға қалай жететінін білмейді».

ҰКП Экономикалық интеграция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, жағдай шегіне жетіп отыр. Қазақстанға жылдам бұзылатын азық-түлік әкеле жатқан көптеген жүргізушілер олардың бүлініп жатқанын айтып шағымдануда. Сақтау жағдайының сәйкессіздігі, түсіру-тиеу кезіндегі салақтық тауарлардың бүтіндігін бұзады. Және де еліміздің тасымалдаушылары мен жүк алушыларының қандай шығын шегетінін аңғаруға болады.

«Атамекенге» жүк көліктері жүргізушілерінен күн сайын автокөлік құралын Самара кеден бекетінде ресімделген кедендік тексеру актілері мен кедендік тексеру жүргізілгені туралы хабарламалар, тауарларды уақытша сақтау қоймасына тиеу/түсіру ақысы үшін шот-фактуралар, РФ кеден органдарының жүру бағытын орнату туралы белгілері соғылған тауар-көлік жөнелтпе құжаттары келуін жалғастыруда.

Қазақстандық көлікшілерді ресейік кеден бекеттерінде ұстау дерегін теріске шығарудың мәні жоқ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының екі ел үшін де салмақты экономикалық шығын қаупін, бастысы  экономикалық интеграция идеясына деген сенімнің жоғалуына әкелетін қақтығысты тез арада реттеуін талап етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер