astana-view

«Ресей-Қазақстан» шекарасы: жылжу бар

2015 жылғы 11 Қыркүйек
11060 просмотров

Қазақстандық тасымалдаушылар кедендік бақылау аймағынан шығарылып жатыр

Ұзақ та күрделі келіссөздерден кейін ФКҚ қызметкерлері қазақстандық тасымалдаушыларды кедендік тексеріс өткізбестен шығара бастады.

«Троицкіден Қазақстанға келе жатқан жүргізушімен байланысқа шықтық. Оның айтуынша, кеден қызметкерлері түстен кейін машиналарды тексермей, тізім бойынша босата бастады. Таңертеңнен Троицкіде 40 машина болған, түске қарай оған тағы 30 машина келіп қосылды. Бүгін түстен кейін, біздің жүргізушіміз босатылып, Троицкіден кетіп бара жатқанда жалпы санынан шамамен үштен бірі ғана қалыпты. Сонымен бірге қазір қалған кеден бекеттері бойынша ақпаратты күтіп отырмыз», - деп жеткізді palata.kz тілшісіне «Атамекен» ҰКП экономикалық интеграция департаментінің директоры-басқарушы директоры Дана Жүнісова.

ҚазАТО берген жедел деректер бойынша, Соль-Илецк кедендік бекетінде тоқтатылған машиналардың бәрі босатылған. Сондай-ақ Самарадағы кедендік бекеттегі жағдайдың да шешіліп жатқаны белгілі болды. 

Жүргізушілердің айтуынша, кешегі Палата алаңында өткен бірлескен брифингтен кейін жағдай өзгерді. 

«Біртіндеп машиналарымыз босатыла бастады. Бұған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдардың қақтығысты реттеу жөніндегі ұзақ уақытқа созылған жұмыстары сеп болды деп есептеймін. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті араласуының арқасында жағдай күрт өзгерді», - дейді «ҚазАТО» Халықаралық тасымалдаушылар одағының Бас хатшысы Теодор Каплан.

Салалық одақ басшысы орын алған жағдайды «өкінішке әкелген жөнсіздік» деп есептеуге дайын. Көлік компанияларына келген шығынды кім өтейді деген сауалға: «Шығынымыз осымен ғана шектелсе, жақсы ғой!» деп жауап берді.

Салалық қауымдастық басшысы ҰКП басшылығы мен мемелекеттік органдардың дер кезінде көмекке келгеніне шын жүректен алғысын айтты.

Сонымен бірге, жағдай мемлекеттік органдар мен Ұлттық палата арқасында шешіліп жатыр деп ойлаймыз және мұндай жағдай енді қайталанбайтынына, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында қол жеткізілген келісім нормалары баянды боларына сенім білдіреміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер