astana-view

Бір күнге кешіккен кәсіпкер

2015 жылғы 21 Қыркүйек
- Алматы қаласы
10156 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «EleGant» Эксклюзивті қалпақтар салоны» ЖШС құқығын қорғауға көмектесті.

Кәсіпкер компанияны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп атап, тұрақсыздық айыбын төлеуге тиістігін алға тартып отырған Ішкі істер министрлігінің үстінен шағымданды.

Анықталғандай, Ішкі істер министрлігі мен «EleGant» Эксклюзивті қалпақтар салоны» ЖШС тауарларды (полиция фуражкалары мен кэптерді) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан екен. Ол бойынша кәсіпкер төрт миллион теңгеге жуық сомадағы тауарды жеткізуге тиіс болған.

ІІД наразылығының мәні кәсіпкердің тауарды көрсетілген мерзімнен бір күнге кешіктіріп жеткізуінде болып отыр.

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР заңы бойынша, жосықсыз қатысушылар тізіліміне міндеттемелерін орындамаған, не болмаса, тиісті түрде орындамаған әлеуетті жеткізушілер кіргізіледі.

Заңда жол берілген бұзу сипаты мен дәрежесі көрсетілмейді, ал бұл міндеттемелерін болмашы ғана бұзуға жол берген әлеуетті жеткізушіні формалды түрде мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп тануға мүмкіндік береді. Бұл, әрине, парасаттылық пен әділдік қағидаттарына еш сай келмейтін дүние.

Әлеуетті жеткізушіні мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп танудың біршама салмақты салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өту керек. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындамаған не тиісті түрде орындамаған жеткізушілер оған 2 жыл бойы қатысуға жіберілмейді. Ал кәсіпкерлердің және коммерциялық ұйымдардың біршама көлемі үшін осы мемлекеттік сатып алуларға қатысу табыс табуға және жұмыс орындарын жасақтауға мүмкіндік береді.

«EleGant» Эксклюзивті қалпақтар салонының» ұжымы тек әйел адамдардан тұрады. Олар көбінесе жалғыз басты аналар. Кәсіпорын қызметкерлерінің төрттен бірі -  мүмкіндігі шектеулі жандар.

Заң бойынша, мемлекеттік сатып алулар туралы жасалған шарттар бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жеткізушілерді сатып алулардың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы қуынымдарды қарау кезінде соттың ҚР АК 359 бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершілік негіздемесі ретінде жеткізушінің кінәсіне және ҚР АІК 6 бабы 6 бөліміне сәйкес әділдік пен парасаттылық критерийлеріне қарай тапсырыс беруші үшін орын алған жағымсыз салдарды назарға алуы қажет. Жағымсыз салдар деп шарт тарапына оған шарт жасау кезінде көздеуге құқылы болған көлемдегі залал келтірілуін түсіну керек.

Аталмыш жағдайда барлық міндеттемелер орындалған, министрлікке залал келтірілмеген. Полиция ведомствосы жеткізілген тауар саны мен сапасы жөнінен кәсіпкерге басқа еш наразылық танытпаған.

ІІМ алға тартқан 929,96 теңге көлеміндегі тұрақсыздық айыбын кәсіпкер бірден төледі. Оған төлем тапсырмасы куә.

Қаладағы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары судьяға барлық аталған дәйектерді сауатты түрде баяндап, келтіре алды. Осыдан соң Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ҚР ІІМ «EleGant» Эксклюзивті қалпақтар салоны» ЖШС-ға мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын төлету туралы қуынымын қанағаттандырудан бас тартты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер