astana-view

Қазақстанда медициналық сақтандыру енгізілмекші

2015 жылғы 23 Қыркүйек
10324 просмотров

Мәжіліс депутаттары даулы себептермен белгілі болған Міндетті медициналық сақтандыруды қайтару үшін дауыс берді

Қазақстанның жұмыс берушілері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қайтадан жарна төлей бастайды. Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлерге арналған жаңа міндеттеме бүгін Мәжілістің алқа отырысында алғашқы оқылуында мақұлданған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасында көзделген.

Заң жобасы азаматтарға медициналық қызметтердің екі түрін ұсынуды көздейді. Медициналық қызметтердің базалық пакеті республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекет кепілдендірген медициналық көмек көлемі болып табылады. Аталмыш пакет жедел жәрдем мен санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар сырқаттар мен шұғыл жағдайлардағы медициналық жәрдемді, профилактикалық екпелерді қоса алғанда Қазақстанның барлық азаматтарына қолжетімді болады.

Екінші пакет – заң жобасын дайындаушылардың логикасы бойынша сақтандыру пакеті жаңадан құрылып жатқан Медициналық сақтандыру қорынан берілетін болады. Бұл амбулатория-поликлиника көмегі, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды қоспағанда), стационардың орнын ауыстыратын көмек (әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды қоспағанда), қалпына келтіру емдеуі және медициналық оңалту, паллиативтік көмек және мейірбике күтімі, жоғары технологиялы көмек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын ҚР азаматтары, республика аумғында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар аталмыш пакет есебінен емделе алады.

Заң жобасында экономикалық тұрғыдан белсенді емес халық үшін мемлекеттің өзі жарна салатыны, ал жұмыс берушілерді жалдамалы жұмыскерлер үшін жарна салу күтіп тұрғаны айтылған. Салық органында тіркелген жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар жарнаны өздері үшін өздері аударатын болады.

Аталмыш заң жобасын жасап шыққан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі барлық жарналарды құрылғалы отырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жинақтауды ұсынады. Қорға жалғыз құрылтайшысы әрі акционері Қазақстан Үкіметі болып табылатын бейкоммерциялық акционерлік қоғам мәртебесі беріледі деп күтілуде.

Мемлекеттің ерекше санаттағы азаматтары үшін (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы) жарналар заң жобасында орташа айлық еңбекақыдан 7% деңгейінде ұсынылған. Ал мөлшерлеме мөлшері кезең-кезеңмен көтерілетін болады: 2017 жылы - 4%, 2018 жылдан бастап - 5%, 2023 жылы - 6%, 2024 жылдан бастап - 7%.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы мөлшері табыстан 5% құрайды, ол 2017 жылы 2%-дан басталады, 2018 жылы - 3%, 2019 жылы - 4% және 2020 жылдан бастап -5%. Бұл жарналардың корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылатынын айта кету керек.

Жұмысшылар жарнасының мөлшерлемесі табыстан 2% құрайды, ал олардың аударылуы 2019 жылдан басталады - 1%, 2020 жылдан бастап - 2%. Бұл жарналар да жеке табыс салығын есептеуде шегерімге жатқызылмақшы.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіпқой медиаторлар, азаматтық-құықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) жарналарының мөлшерлемесі табыстан 7% деңгейінде болжануда. Немесе 2017 жылы - 2%, 2018 жылы - 3%, 2019 жылы - 5% және 2020 жылдан бастап - 7%.

Азаматтардың 15 санатын жарнадан босату ұсынылады. Олар – «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталғанжәне бұрын «Батыр ана» атағын алған, сонымен қатар І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыздар ретінде тіркелген тұлғалар, интернат ұйымдарында білім алушы және тәрбиеленуші тұлғалар, жүктілік бойынша демалыстағы әйелдер, және тағы басқалары.

Парламент Мәжілісінің барлық Комитеттерінің аталмыш заң жобасы бойынша жағымды қорытындылар бергенін айта кету керек.

Қазақстанда 1996-1998 жылдары әрекет еткен Міндетті медициналық сақтандыру қорының болғанын еске саламыз. ММСҚ басшысы Талапкер Иманбаев, құқық қорғау органдарының дерегінше, қордың 3 млн доллар шамасындағы барлық қаражатын алып, АҚШ-қа қашып кеткен. Талапкер Иманбаевты сырттай 9 жыл қамауға үкім шығарылған. Сот оны материалдық залалдың орнын толтыруға міндеттеді.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер