astana-view

Екі елдің бизнесмендері, бірігіңдер!

2015 жылғы 25 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
9012 просмотров

Ақтөбеде XIV «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» Қазақстандық-Ресейлік халықаралық көрмесі өтті

Аталмыш іс-шараны Ақтөбе облысы әкімдігі, Орынбор облысының Үкіметі, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы, «Орынбор облысы Сауда-өнеркәсіп палатасы» Одағы, «Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы» ҚБ ұйымдастырды.

«Көрме Ресей Федерациясы мен Қазақстан өңірлері арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен бизнес-жобаларды, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды дамыту, Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында шекара маңындағы ынтымақтастықтың шешілмеген түйткілдеріне мониторинг жасау мақсатында өткізілуде», - деп жеткізді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Көрмеге дәстүр бойынша қазақстандық, ресейлік және польшалық экономиканың түрлі салаларында жұмыс жасайтын 180- нен астам кәсіпорын қатысты: машина жасау, аспап жасау, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия және ресурс үнемдеу, құрылыс индустриясы, арнайы техника, автомобильдер, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және басқа да салалардағы қызметтер.

Кәсіпорындардың ұжымдық экспозицияларын Орынбор облысының Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Дене тәрбиесі, спорт және туризм министрлігі, Орынбор қаласының әкімшілігі ұсынды.

Самара, Қорған қалаларының бизнес-инкубаторлары, МНТК «Микрохирургия глаза» Сала аралық ғылыми-техникалық кешені, Талғар қаласы «ClotWell» ЖШС, Петропавл қаласы «Көп салалы жабдықтар зауыты» ЖШС, Орал қаласы «Рост-Трейд-Компани» ЖШС, Орал қаласы «Функе-Қазақстан» ЖШС, Астана қаласы «Краузе-Системс» ЖШС, «Ақтөбестройхиммонтаж» ЖШС, «Экотон-Батыс» ЖШС, «Стройдеталь» ЖШС, «Alageum Electric» АҚ Ақтөбедегі филиалы мен басқа да компаниялар павильондары ерекше қызығушылық тудырды.

Ақтөбе және Орынбор облысы басшылығы да осындай тығыз ынтымақтастыққа мүдделі.

«Бұл көрме елдеріміздің арасындағы экономикалық қатынастардың тиімді дамып келе жатқанына айқын дәлел бола алады. Негізгі бизнес-серіктесіміз – Ресеймен ынтымақтастық біз үшін басымдылық болып табылады. Біздің өңірімізде ресейлік бизнестің қатысуымен шамамен үш жүз кәсіпорын ашылған. Соңғы жылдың өзінде тағы да бес жүзден астамы құрылып отыр. Бұл РФ тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың барына куә болады», - деп баса көрсетті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғали Ісқалиев.

Көрме аясында түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер мен презентациялар өтіп, олардың барысында Орынбор және Ақтөбе облыстарының сауда-экономикалық ынтымақтастығындағы өзекті мәселелер талқыға түсті.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы Индустриялық аймағының презентациясы, Қазақстан мен Ресей жеткізушілері және сауда желілері өкілдерінің іскерлік кездесуі өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер