astana-view

Рестораторларды шығыннан сақтау

2015 жылғы 07 Қазан
- Алматы қаласы
9914 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы қоғамдық тамақтану орындарында жаппай уланудың алдын алу мақсатында «Мобильдік сарапшы» жобасын ұйымдастырды

Сараптау тобы құрылып, оның құрамына Палата сарапшылары, тәжірибелі рестораторлар, технологтар мен Сауда кәсіпорындары қауымдастықтарының өкілдері кірді. Жобаның басты ерекшелігі қоғамдық тамақтану нысандарының қызметін жақсарту үшін нұсқаулықтар ұсыну болып табылады.

“Horeca-Kazakhstan” Мейрамхана-қонақ үй бизнесі қауымдастығының президенті Игорь Копайлов пен Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішев аталмыш жобаға қатысуға келісіп, сарапшы-консультант атанды.

“Good Beef Steak House” дәмханасы, “Korean House” мейрамханалар желісі, “Rumi” мейрамханасы, сонымен қатар “Gentlemen’s Quality Bar Asia” лаундж бары талдау нысаны етіп алынды.

“Әрбір қоғамдық тамақтану нысаны интерьерінің қайталанбастығымен ерекшеленеді және жалпы тамақтануды ұйымдастыру әрі тұтынушылар демалуы бойынша сапалы қызметтер көрсетеді, сонымен қатар фирмалық, тапсырыспен жасалатын тағамдарды сатады. Олардың қызметі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді”, - деп сендірді Нұрсадық Әбішев.

Сарапшылар атап өткендей, бүгінде қоғам өмірінде менеджменттен асқан маңызды саланы атау қиын. Өндіріс тиімділігі де, өнімді өткізу де, демек адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру да көбіне осыған тәуелді.

Талдаушылар мен нарық қатысушылары қоғамдық тамақтану саласындағы айналым өсуін отандастарымыздың сатып алу қабілетінің өсуімен әрі нарықтың демократиялық буындарының дамуымен байланыстырады. Оның үстіне негізгі өсім баға жөнінен біршама қолжетімді жылдам тамақтану сараланымына және орташа бағалық сараланымдағы түрлі форматтарға келеді. Жаңа мейрамханалар мен дәмханалар жаппай ашылуда (тәуелсіздер де, желіліктер де).

Әрине, шиеленіскен бәсеке жағдайында кәсіби менеджерлерге деген сұраныс та өсіп келеді. Қоғамдық тамақтану менеджері кәсіпорын жұмысын ұйымдастырушы болып табылады. Басқарудың негізгі функциялары барлық өндірістік-экономикалық жүйелер үшін ортақ болып табылады. Сондықтан да мекеме жай-күйінің жақсы болуы мейрамхана бизнесі саласында үлкен тәжірибеге ие сауатты мекеме басқарушысына байланысты болатынын атап өтуге болады.

«Мобильдік сарапшы» жобасының арқасында профилактика жүргізіліп, Алматы қаласындағы кәсіпкерлердің ескермей кеткен тұстары мен бұзуларына жол берілмейді, ал бұл өз кезегінде рестораторларды алда болғалы тұрған шығындардан сақтап қалады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер