astana-view

Мемлекеттік сатып алулар үшін берілген жаза

2015 жылғы 09 Қазан
- Ақтөбе облысы
8971 просмотров

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды бұзған Темір ауданы білім беру бөлімінің бастығы ескертумен құтылды.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына «Hitech Innovation» ЖШС директоры Азамат Жанболатұлы жүгінді. Кәсіпкер өз хатында Ақтөбе облысы Темір ауданындағы білім беру бөлімінің әрекетіне шағымданды, сондықтан да оның өтініші өңірлік кәсіпкерлер палатасына қарауға жіберілді.

Сарапшылар іс материалдарын зерттеп шығып, Азамат Жанболатұлының Саркөл орта мектебі мен «Балдәурен» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу бойынша мемлекеттік сатып алулар байқауына қатысуға шешім қабылдағанын анықтады. Байқау құжаттамасын егжей-тегжейлі зерттеу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың толық көлемі берілмегенін, сайтқа тек смета қойылғанын байқайды.

Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға байқау құжаттамасына өзгертулер енгізу туралы хат жолдайды.

«Білім беру бөлімінің мамандары қолдарында бар барлық ақпаратты электронды поштасына жібереді. Ал кәсіпкер оны сайтқа қоюды сұраған еді. Ұйымдастырушының әрекеті заңсыз болып табылады, себебі әлеуетті қатысушыларға алда тұрған жұмыстар көлемімен, сәйкесінше, баға ұсыныстарының қалыптасуымен танысу  мүмкіндігі берілмей отыр. Біздің ойымызша, алдағы жұмыстар мазмұны жайлы ақпараттың болмауы кімге болмасын кәсіпкерлік және өзге де табыс табумен байланысты қызметті жүзеге асыруға заңда көзделмеген жәрдем көрсетуге алғышарт жасайтындығы себебінен де бұл әрекеттер заңсыз болып табылады. ЖШС директоры әкімдікке бөлім басшылығына қатысты шара қолдануды сұрап жүгінді, бірақ онда мұның уәкілеттігіне кірмейтінін айтады», - деп жеткізді істің егжей-тегжейін Палата сарапшысы Тұрарбек Жұмабаев.

Палата сарапшылары ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жүгініп, департамент қызметкерлері бөлімде тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында порталда қолданыстағы заңнамада көзделген құжаттаманың түгел қойылмағаны анықталды.

«Тексерушілер білім беру бөлімінің басшысы Ғабит Адаев осылайша «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды бұзды деп тапты. Әкім атына мемлекеттік қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы сәйкес ұсыныс енгізіліп, қарау қорытындысы бойынша ол ескерту алды», - деп қорытты ӨКП сарапшысы Тұрарбек Жұмабаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер