astana-view

Баға да өзектілігін жоғалтады

2015 жылғы 09 Қазан
8614 просмотров

Отандық тауар өндірушілер ұзақ мерзімдік шарттар бойынша бағаларды жыл сайын қайта қарап отыруды ұсынады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ұзақ мерзімдік шарттар мәселелері, «Самұрық Энерго» АҚ отандық өндірушілерді тапсырыстармен қамтамасыз етуі жөнінде жиналыс өтті.

«ALAGEUM ELECTRIC» АҚ өкілі Серік Жағапаров кездесуде сөз ала отырып, компанияға ұшырасқан түйткілдерді, сонымен қатар оларды шешу бойынша ұсыныстарды ортаға салды.

«Негізгі түйткілдер - бұл, әрине, бағалар. «Самұрық Энерго» 2012-2013 жылдары тіркелген бағаларды ұсынады. Одан бері екі рет девальвация өтті. Бұл бағалар өзекті емес, тиімсіз. Барлық шарттарда бағаларды 5 жылға тиянақтаудың қатаң талаптары жазылған. Отандық тауар өндірушілер үшін ұзақ мерзімдік сатып алулар бойынша бағаны жыл сайын өзгертіп отыруды, қайта қаралуын қалаймыз. Біздің тарапымыздан ғана емес, сараптау комиссиясы құрылып, бірге есептесек. Осындай қосымша міндеттемелер алуға дайынбыз. Бағалардың жыл сайынғы индекстелуі қажет», - деп мәлімдеді ол.

«Бірлескен комиссия құрып, отырыс өткізіп, барлық жобаларды, біздің, қазақстандық тауарларымызды тексеріп шығып, сатып алуымыз қажет. Біз өз тарапымыздан қалыпты нарықтық баға беруге міндет аламыз. Қазір қазан айы, қыс та кеп қалды. Осыны жүргізбесек, әсіресе өңірлерде, сонымен бірге Кентауда әлеуметтік шиеленіс өсе береді. Ақпан-наурыз айларында осылай болады деп күтіп отырмыз», - деп жалғады сөзін Серік Жағапаров.

«Самұрық-ҚазынаКонтракт» өкілі Әділет Әбілқайыров өз кезегінде бағаның жыл сайын өзгере алатынын атады. «Еншілес ұйымдарға өтінім бересіз, ал олар «Самұрық-Энергоның» қайта қарауына береді. Бағаны қысқа мерзімде айқындаймыз. Комиссияға қатысты: түсіністік танытуға дайынбыз, бірақ бұл жерде барлық өндірушілердің бірдей калькуляция ұсынғылары келе бермейтінін ескеру қажет. Мұның коммерциялық құпия болуы мүмкін екенін түсінемін, бірақ сандарды аспаннан ала алмаймыз ғой. Сондықтан да түсіністік танытып, баға белгіленуі жөнінен бірге жұмыс істеуді сұраймыз. Біз де сұхбатқа дайынбыз», - деді ол.

2014 жылғы тамыз айынан бастап 2015 жылғы мамыр айына дейін Ұлттық палата мен «Самұрық-Қазына Контракт» апта сайын өндірушілермен және еншілес компаниялар кездесулер өткізіп тұрғанын атап өту керек. Нәтижесінде 225 млрд теңгеге 189 ұзақ мерзімдік шарт жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер