astana-view

КХР: «Бізге келіңіздер де, сауда жасаңыздар!»

2015 жылғы 14 Қазан
11399 просмотров

Қытай қазақстандық тауар өндірушілерге жеңілдікті шарттармен сауда алаңын ұсынады

ҚХР жаңа экономикалық ауданы – Сюйвэйдегі Жібек жолы павильонында Қазақстанның тауар өндірушілеріне тегін негізде көрме залы бөлінеді. Бұл қазақстандық тауарлардың әлемдік нарыққа шығуын іске асыруға мүмкіндік береді.

Қытай Халық Республикасынан келген делегацияның «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жасаған сапарының аясында қазақстандық кәсіпкерлерге Қытайдың жаңа экономикалық ауданы таныстырылды.

«Ляньюньган қаласы жаңа Еуразиялық құрлықтық көпірдің шығыс басында орналасқан. Ол Орталық Азия елдерінің шығысқа ашылуы үшін теңізге шығар маңызды жол болып табылады, сонымен бірге «Жібек Жолы Экономикалық белдеуі мен Теңіздік Жібек жолы» арасындағы маңызды торапты қиылыс. Сюйвэй Жаңа ауданын шығысында Сары теңіз шайып жатыр және Жапония, Корея елдерімен шекараласады. ҚХР Мемлекеттік кеңесі берген анықтамаға сәйкес, ол шығыс, орталық және батыс өңірлер арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Ұлттық көрнекі ауданның жетекші ауданы болып табылады», - деді Қытайдың шығыс, орталық және батыс өңірлері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Ұлттық көрнекі аудан Әкімшілік комитеті бастығының орынбасары Фэн Цишань.

Қытай делегациясының төрағасы хабарлағандай, Жібек жолы бойында елдер арасындағы экспорттық-импорттық саудадағы ынтымақтастықты өркендету мақсатында, жаңа Сюйвэй ауданында, Ляньюньган қаласында 30 мың шаршы метр ауданы бар «Жібек жолы Павильоны» жобасы жасақталды. Аталмыш жоба Жібек жолы бойындағы елдер тауарларын көрсетуге әрі саудалауға, сонымен қатар тауарлар көрмесі, сату және өркендету бойынша жыл бойғы қызметтерді ұсынуға бағытталған.

«Қазақстан ерекше өнімдердің бай ресурсына ие. Сюйвэй жаңа экономикалық ауданы қазақстандық тауарлардың әлемдік нарыққа шығуы үшін сауда-көрме алаңын әрі қызмет ұсынуға әзір. Салынып біткен Жібек жолы Павильонында қазақстандық тауарлардың көрме залын құру үшін 500 шаршы метр аймақты бөлу жоспарланып отыр», - деп жалғады сөзін Фэн Цишань.

2013 жылдың соңында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» және «21 ғасырдың Теңіздік жібек жолы» (қысқаша атауы «Бір белдеу, бір жол») бірлескен құрылысы бастамасын алға тартып, оны Орталық Азия мен Оңтүстік Азияға сапар жасау жолымен іс жүзінде жүзеге асырғанын атап өту керек. Мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары (премьер-министрлер) Кеңесінің 12 отырысында ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян жаңа Еуразиялық құрлықтық көпірдің шығыс басында жатқан Ляньюньган қаласының ШЫҰ мүше елдеріне логистика және қоймалау қызметтерін ұсынатынын мәлімдеген болатын. Қазақстан үшін Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиямен сауда жасаудағы ең тиімді бағыт – бұл Ляньюньган қаласы арқылы екінші еуразиялық құрлықтық көпір.

Қытайдан келген қонақтар атап өткендей, Қазақстан «бір белдеу, бір жол» бойындағы елдер арасында ең маңызды сауда серіктесі болып табылады. Екі ел саудасының жалпы көлемі Қазақстан саудасының шамамен 19%-ын алады. 2015 жылы екі елдегі импорттық-экспорттық сауданың болжамды көлемі 40 миллиард долларға жетеді. Қазақстан Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядан негізінде көлік құралы мен оның бөлшектерін, механикалық жабдық, электрлі құрал, пластик, резеңкеден жасалған бұйымдар және т.б. импорттайды. Ал Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияға бастапқы өңдемедегі түсті металдарды, азық-түлік, асыл металл және т.б. экспорттайды.

Жаңа Сюйвэй ауданы жеңілдікті жер саясатын және сәйкес қаржылай қолдау ұсынатын болады, сонымен бірге салық жеңілдіктерінің кең аясын қамтамасыз етеді.

«Қытайдың жаңа экономикалық ауданда сауда-көрме алаңын ұсынуы  - бұл қазақстандық тауар өндірушілер үшін жақсы бизнес-мүмкіндік, және де біз мұны тиімді қолдануға тырысамыз», - деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.   

Оның айтуынша, ҚХР жаңа ауданы – Сюйвэй орналасқан Ляньюньган Қытайдың ірі қалаларымен темір жолмен байланысқан портты қала. Оның үстіне, онда Кореяның Пусан портымен және жапондық Осака портымен теңіз қатынасы бар. Аталмыш порттардан күллі Тынық мұхиты өңіріне жүк керуендері жөнелтіліп тұратыны белгілі. Қазақстан да Сюйвэй ауданының әкімшілігімен әрекеттестікке мүдделі. 

Жаңа Сюйвэй ауданы «Бір белдеу, бір жол» бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастық жобаларының Презентациясымен мына жерде танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер