astana-view

Үлескерлік жаңа ереже бойынша

2015 жылғы 28 Қазан
8684 просмотров

Қазақстанда үлескерлік құрылыс ережелері өзгереді

Бүгін Парламент Мәжілісінің алқа отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдады.

Заң жобасы Қазақстандағы үлескерлік құрылысқа қойылатын талаптарды айтарлықтай күшейтеді. Оның үстіне, заң жобасында үлескерлік тұрғын үй құрылысын ұйымдастырудың заңды үш тәсілі айқын аталған. Бұл үлескерлік салымдарды кепілдендіру, екінші деңгейдегі банктің жобалық қаржыландыруы, тұрғын үй каркасын салушының жеке есебінен тұрғызу, деп аталған заң жобасына берілген түсіндірме жазбада.

Бірінші нұсқа бойынша құрылыс жүргізу үшін республикадағы үлескерлік салымдарды кепілдендіру жүйесін құру үшін бұрыннан келе жатқан «Қазақстандық ипотекалық кепілдендіру қоры» АҚ базасында кепілдендіру қорын құру ұсынылады. Қор жарғылық міндеттерге сәйкес уәкілетті компания тұрғын үйді салу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған жағдайда тұрғын үй құрылысын аяқтау бойынша үлескерлерге кепілдік береді. Аталмыш тәсілге қатысу үшін салушының тұрғын үй салуда кем дегенде 3 жыл тәжірибесі болуға міндетті, соңғы екі жылда шығынсыз қызмет етуі қажет және қарыз сомасы жеке капиталынан 7 еседен аспауға тиіс.

Қор үлескерлік құрылыс қатысушыларына қаржылай тұрақтылық, тәжірибесі болуы жөніндегі біліктілік талаптарын қойып, инжинирингтік компаниялар арқылы үлескерлер ақшаларын мақсатты қолдануды бақылау механизмін енгізеді және тәуекел-менеджменттің үздік тәжірибелерін қолданатын болады.

Ол үшін салушы уәкілетті компания құрып, оның жарғылық капиталына ауыртпалықтан ада жасыл телім, сараптаманың оң қорытындысы берілген жобалау-сметалық құжаттама, егер жер телімі меншік құқығында болса - 10% не болмаса, егер жер телімі жер қолдану құқығында болса - 15% мөлшеріндегі аяқталмаған құрылыс немесе ақша салады. Сосын қор ұсынылған құжаттарды бағалап, кепілдік беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайды. Оң шешім қабылданған жағдайда Қор инжинирингтік компания жалдап, ол техникалық мониторингті жүзеге асырады, орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін және олардың жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкестігін растайды.

Заң жобасы қолданыстағы заңдарға, соның ішінде Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім), Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «ҚР Сәулет және қала құрылысы қызметі туралы», «Жарнама туралы», «Оңалту және банкроттық туралы» заңдарына түзетулер енгізуді көздейді.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда бір ауыздан мақұлдады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер