astana-view

Прокуратура рұқсат бермейді

2015 жылғы 03 Қараша
- Ақтөбе облысы
9362 просмотров

«Бизнес тірегі» жобасының аясында прокуратураға мемлекеттік бақылау мен қадағалау қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне 19 шағым келіп түскен.

Бұл туралы palata.kz-ке Ақтөбе облысы бойынша ҚР Бас Прокуратурасы  Құқықтық статистика және арнайы есептер комитеті басқармасының аға прокуроры Жұмабек Саймағамбетов хабарлады.

Оның айтуынша, бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне конституциялық құқықтарын қорғау прокуратура органдары жұмысындағы басым міндеттердің бірі болып қала береді.

«2015 жылғы қаңтар айынан бері кәсіпкерлер қызметіне бақылау және қадағалау жүргізу тәсілдері мен қағидаттары толығымен өзгерді. Прокуратура органдарына бизнесті оның қызметіне заңсыз килігуден қорғау жөніндегі кешенді шаралар қолдану және тексерістер жүргізу мәселелеріндегі мемлекеттік органдардың барлық жұмысын үйлестіру бойынша уәкілеттік берілді. Жоспарлы тексерістер тоқтатылып, тәуекелді бағалау жүйесі бойынша тексеруге көшу орын алды, кәсіпкерлік субъектілерін сақтандыру және тексерістерге балама ретінде қызметіне аудит жүргізу мүмкіндігі енгізілді, Ұлттық палата ролі күшейтілді және кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілеттілік институты енгізілді. Қаңтар айынан бастап тексеруші тұлғалар жауапкершілігі де күшейтілді. Ендігі жерде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерістерді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды дөрекі бұзу сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзу болып табылады», - деді басқарма өкілі.

«Бизнес тірегі» жобасы да кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің құқығын қорғауға арналған.

«Servis.pravstat.kz парақшасында кәсіпкерлер тексерістің дұрыстығына көз жеткізіп, оның тағайындалу заңдылығына тексерілгенін және прокуратура органынан тіркеу нөмірін алғанын қарай алады. «Бизнес тірегі» порталы арқылы тексеріс жүргізу сәтінде тікелей тексерушілер тарапынан болған бұзулар туралы хабарлауға болады. Прокуратура жанында әрекет ететін мобильдік топтар мұндай хабарламаларға тез арада жауап қатады және прокурорлық жауап қату шараларын қолданады», - деп жалғады сөзін Жұмабек Саймағамбетов.

Нәтижелер баршылық. «Бизнес тірегі» порталына мемлекеттік бақылау және қадағалау органы қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне 19 шағым келіп түскен.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы темір ауданындағы филиалының директоры аудан прокурорымен бірге жеке кәсіпкер қызметіне сәйкес ұйғарымды шығарусыз және прокуратура органына тіркеусіз тексеріс жүргізу дерегін анықтаған.

«2015 жылғы ақпан айында Темір ауданы ІІБ қызметкерлері «Ажар» дүкенін тексеру кезінде кәсіпкер Нұрғалиевадан 60-тан астам DVD, CD контрафактілі дискілерді алып қойған. Ал тексреушілер кәсіпкерді тексерістің негіздемесімен таныстырмаған, сонымен қатар тексерушілердің лауазымын, аты-жөндерін көрсетпеген. Сонымен қатар, тексеріс тағайындау туралы акт келесі жұмыс күні бойында уәкілетті органда тіркелмеген. Кәсіпкер қызметіне заңсыз килігу дерегі бойынша Темір ауданы ІІ бөлімінде заңды бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді, ал оны қарау нәтижесінде ІІБ қызметкеріне сөгіс жарияланды», - деп хабарлады аға прокурор.

Жалпы алғанда, жыл басынан бері 14 заңсыз тексеріс жүргізу дерегі тіркеу сатысында тоқтатылып, тіркеуден бас тартылған. Оның ішінде 20 жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі. Айыптылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Тіркеуден бас тартылған тексеріс тағайындау туралы заңсыз актілердің көпшілігі тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаментке (14), еңбек инспекциясына (7), әділет департаментіне (4), МСҚБ басқармасына, қаржылай бақылау инспекциясына, ветеринарлық бақылау органдарына (әрқайсысына үш-үштен), салық органдарына (2) тиесілі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер