astana-view

Тауарлар ДСҰ мөлшерлемелерімен: Қазақстаннан тыс жерге апару құқығынсыз

2015 жылғы 11 Қараша
38570 просмотров

Қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО және ДСҰ жағдайында қалай жұмыс жасау қажет болатыны түсіндіріледі

2015 жылғы 22 маусымда Женевада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтады. Үстіміздегі жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі туралы Хаттама ратификацияланып, 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан аталмыш ұйымның толыққанды мүшесі болады.

Сонымен бірге Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің негізгі шарттары сонымен бірге бірқатар тауар жайғасымдары бойынша тарифтік міндеттемелер – әкелу мөлшерлемесі ДСҰ жағдайында Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі аясындағы қолданыстағы кедендік баждардан төмен болып келетін Алулар тізбесі болып табылады.

Бүгінгі күні Алулар тізбесі 1 347 тауар жайғасымынан тұрады (СЭҚ ТН аясындағы барлық 97 тауар тобынан 58 тауар тобы, соның ішінде ауылшаруашылық өнімі, жеңіл өнеркәсіп, көлік құралы және басқалары). 2015 жылғы желтоқсан айынан бастап аталмыш жайғасымдарға қатысты ЕАЭО БКТ-ға қарағанда біршама төмен әкелінетін кеден баждарының мөлшерлемелері қолданылады.

Одақ елдері тарапынан ДСҰ аясындағы төмендетілген кедендік баждар бойынша әкелінген қазақстандық тауарлардың Одаққа мүше мемлекеттерге реэкспортталуына қауіптенуді ескере отырып, үстіміздегі жылдың 16 қазанында ЕАЭО Мемлекет басшылары ДСҰ-ға кіру аясында Қазақстан Республикасы тарифтік міндеттемелерін имплементациялау бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды (ЖЕЭК 16.10.2015 жылғы №22 Шешім.).

Қол қойылған құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасы Алулар тізбесіндегі тауарлардың Одақтың басқа елдері аумағына оларды төмендетілген кедендік баждар бойынша әкелген жағдайда ғана апарылуына жол бермеу міндеттемесін мойнына алды.

Алулар тізбесіне кіргізілген тауарларды ҚР аумағына әкелу не ДСҰ мөлшерлемесі бойынша, бірақ Қазақстаннан тыс жерлерге апару құқығынсыз, не ЕАЭО БКТ мөлшерлемелері бойынша оларды одан әрі Одаққа мүше мемлекеттерде сату мақсатында жүзеге асырылуы тиіс.

Осыған орай «Атамекен» ҚР ҰКП барлық импортшылар мен кәсіпкерлерге үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанынан кейін Қазақстанға тауарларды әкелу кезіндегі әрекеттер алгоритмін жеткізеді:

ҚР-ға Алу тізбесіндегі ДСҰ мөлшерлемелері бойынша әкелінген тауарларды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге апаруға және айналымға салуға тыйым салынады;

ҚР-ға БКТ мөлшерлемесі бойынша әкелінген тауарлар ЕАЭО кедендік аумағына апару кезінде кедендік декларация көшірмесі және электронды шот-фактура бірге жүруі керек;

ҚР-да өндірілген тауарды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге апару кезінде, бұл топтағы тауар Алулар тізбесінде болған жағдайда, растау құжаты ретінде СТ-1 формасындағы тауардың шығу тегі туралы сертификатты ұсыну қажет;

Алулар тізбесіне кіргізілген тауарларды бақылау мақсатында Қазақстан мына мәліметтерден тұратын тауарға ілеспе құжатты беру үшін оларды есепке алудың ұлттық жүйесін жасақтайды:

  • Тауар туралы мәлімет;
  • Тауар саны;
  • Кедендік декларация нөмірлері;
  • Кедендік декларация бойынша тауарлардың реттік нөмірлері;
  • ЕАЭО БКТ мөлшерлемесі бойынша әкелім кеден баждарын төлегені туралы мәліметтер.

Қазақстанда қазіргі кезде мұндай жүйенің жоқтығын және оны 2016 жылы ғана құру болжанатынын ескере отырып, ҚР ҚМ Мемлекеттік табыс комитеті бастапқы кезеңде аталмыш нормаларды электронды шот-фактураларды қолдану жолымен жүзеге асыруды ұсынады.

ҚР ҚМ МТК тауарлардың қозғалысын бақылауды жүзеге асыру үшін электронды шот-фактуралардағы «Тауар туралы деректер» G  бөлімінің 14 бағанында кедендік декларация (КД) нөмірін және аталмыш бөлімнің 15 бағанында КД-да көрсетілген тауардың реттік нөмірін және кедендік баж мөлшерлемесін (мысалы, ДСҰ немесе ЕАЭО БКТ) көрсетуді ұсынады.

ҰКП сонымен бірге ҚР аумағынан ДСҰ мөлшерлемелері бойынша әкелінген тауарларды апару кезінде ЕАЭО мүше мемлекеттер заңнамаларына сәйкес жауапкершілік шаралары көзделгенін хабарлайды. Тауарларды, соның ішінде төмендетілген мөлшерлемелермен әкелінген тауарларды алып жүруді тасымалдаушылар жүзеге асыратындықтан, жосықсыз кәсіпкерлердің әрекеттері үшін жауапкершілік тікелей соларға жүктеледі.

Осыған орай Ұлттық палата тасымалдаушының Хаттама нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағынан әкету кезінде көрсетілуі қажет жоғарыда аталған ілеспе құжаттары жоқ жүктерді тасымалдаудан бас тартуға құқылы екенін ескертеді.

ҚР аумағымен тасымалданған жағдайда, сонымен қатар Қазақстанда жасалған тауарларды ЕАЭО мүше мемлекеттерде сату кезінде Алулар тізбесіндегі тауарларға аталмыш шаралардың таралмайтынын атап өту керек.

Сонымен қатар, Алулар тізбесіндегі тауарларды алып кетуге электронды шот-фактураларды толтыру тек электронды сандық қолтаңба болғанда ғана мүмкін болады. Осыған байланысты «Атамекен» сауда қызметін жүзеге асырушы барлық кәсіпкерлердің ЭСҚ алу процедурасын бүгіннен бастап қолға алуын сұрайды.

Қазақстан сонымен қатар ДСҰ-ға кірген кезде республика аумағына ЕАЭО ветеринарлық сертификаттарының бірыңғай формаларынан ерекшеленетін екі жақты сертификаттар бойынша ветеринарлық бақылауға жататын тауарларды әкелу жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алды. Еуропалық Одақ – Қазақстан Республикасы форматындағы келісілген сертификаттар Тізбесіне 13 сертификат кірді (тізімі тіркелген).

Сонымен қатар,СЭҚ ТН 0401, 0402, 0403, 0404,0405, 0406, 0407, 0504 00 000 0, 2105 00, 3501, 3503 00 кодтары бойынша тауарлар жөнінде Қазақстан Республикасы аумағына әкелу кезінде ЕАЭО үшінші елдер кәсіпорындары  Тізіліміне кәсіпорындарды қосу талап етілмейді. 

Осыған орай, Хаттамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағына үшінші елдерден әкелінген, ветеринарлық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлар және олардан жасалатын өнім аталмыш тауарлар ЕАЭО ветеринарлық-санитарлық шаралар саласындағы талаптар бойынша және ЕАЭО БКТ қолданыстағы мөлшерлемелері бойынша әкелінген жағдайда ғана алып өтілуі мүмкін.

Аталмыш тауарлар ЕАЭО ветеринарлық-санитарлық шаралары саласындағы талаптардан ерекшеленетін талаптар бойынша әкелінген жағдайда және олардан жасалған өнім де басқа мүше мемлекеттер аумағымен жүре алмайды.

Осылайша, кәсіпкерлер ветеринарлық бақылауға жататын тауарларды әкелген кезде және мұндай тауарларды немесе олардан жасалған өнімдерді одан әрі ЕАЭО елдеріне экспорттаған жағдайда мына өлшемдерді ескеруге тиіс:

  1. Ветеринарлық бақылауға жататын тауарларды ЕАЭО ветеринарлық серификаттарының бірыңғай формалары бойынша әкелу;
  2. Мұндай тауарларды әкелу кезінде, егер олар Алулар тізбесіне кіргізілген болса, ЕАЭО БКТ бойынша әкелетін кедендік баждар мөлшерлемелерін төлеу.

Бизнес-қоғамдастықты қолдау және олардың ақпаратпен таныс болуы мақсатында ДСҰ-ға қосылу және ондағы жұмыс шарттарына байланысты мәселелер бойынша жедел желіні қосу жоспарланып отыр.

ҚР Қаржы министрлігі, ҚР ауылшаруашылық министрлігі қазірде «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасымен бірге кәсіпкерлерге Алулар тізбесіне түскен тауарларға әкімшілік етудің ішкі механизмдері туралы кең көлемде ақпарат беруді жоспарлауда. Үстіміздегі жылдың қараша айы бойында «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында ҚР ҚМ МТК қатысуымен өңірлерді қосумен дөңгелек үстелдер және қабылданған құжаттар нормаларын түсіндіретін вебинарлар өткізіледі.    

Сонымен бірге, ҚР ҰКП алаңында үстіміздегі жылдың 16 қарашасында сағат 15:00-де «Түркістан» залында бейнеконференция режимінде ҚР ҚМ МТК өкілдерінің қатысуымен  «Дүниежүзілік сауда ұйымындағы ҚР тарифтік міндеттемелерін, сонымен қатар электронды шот-фактуралармен жұмыс жасау қағидаттарын түсіндіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

Мүдделі тұлғалардың қатысу мәселелесі бойынша ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаментіне 919 373 телефонына жүгінуін сұраймыз.

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу және оның айналымының кейбір мәселелері туралы хаттама

Ветеринарлық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринарлық (ветеринарлық-санитарлық) талаптар

ДСҰ тарифтік міндеттемелерін орындау аясындағы Қазақстан Республикасынан ЕАЭО БКТ-дағы Тізбе жобасы

Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін тауардарға Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік мүше мемлекеттерінің уәкілетті органдары қолданатын реттеу шараларының тізбесі

Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу мәселелеріне байланысты кейбір мәселелер туралы Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес шешімі

Еуропалық одақ-Қазақстан Республикасы форматында келісілген ветеринарлық сертификаттар тізбесі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер