astana-view

Алматының бизнес-қоғамдастығы билікті көмекке шақырады

2015 жылғы 16 Қараша
- Алматы қаласы
9113 просмотров

Кәсіпкерлер бизнесті тексеруге 5 жылға мораторий жариялануын сұрайды

Өңір бизнесмендері Алматы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кезекті отырысында осындай ұсыныс тастады

Кәсіпкерлер атап өткендей, дағдарыс барлық дерлік қызмет салаларын қозғап отыр: кәсіпорындардың жүктелу деңгейі 30%-ға жетер-жетпес, сауда ең қарапайым есептеулермен 60% құлдыраған. Мемлекеттік қолдаусыз жағдайдан шығар жол табу мүмкін емес: ЕАЭО-дағы бәсекелестер қысымы қазірдің өзінде сезілуде, ДСҰ-ға кіретін уақыт таяп қалды. Күн өткен сайын шағын бизнес жайғасымдары әлсіреп қана қоймай, кәсіпкерліктің «алпауыттары» да атаулы қаржыландыруға зәру болып отыр.

“Субсидиялау мәселесі де, мемлекеттік сатып алулар көлемі мен басқа да сатып алулар көлемін арттыру мәселелері алда тұр. Оның үстіне, қаржыгерлердің валюта бағамы төңірегіндегі ахуалды шешуін сұрау қажет”, - деп «Белкамит» БК АҚ бас директоры Павел Беклемишев ойын ортаға салды.     

“Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер жайлы үлкен сауалым бар. Шын мәнісінде, біз мемлекетке аванс беріп отырмыз. Аталмыш анархизациялық саясат негізгі қорлар құнының ұлғаюына, салық жүктемесінің өсуіне ұласады”, - деп хабарлады Қазақстанның Тамақ кәсіпорындары одағының президенті Анатолий Попелюшко.

Ерлан Стамбековтың ойынша, ҚҚС төңірегіндегі мәселені шешіп алатын кез келді. “Қосылған құн салығын паразиттік салық деп санаймын, оны мүлдем алып тастау керек. Жаңа салық реформасының табалдырығында тұрмыз, және де оның біздің қатысуымызсыз, бизнестің пікірінсіз талқылануына әрі қабылдануына жол бермеуіміз керек”, - деп есептейді кәсіпкер, Өңірлік Кеңес мүшесі Ерлан Стамбеков.

«Тұран экспресс» компаниясының бас директоры Роман Ботабековті бәрінен бұрын мемлекеттік органдар тарапынан болатын қаптаған тексерістер мәселесі қызықтырды. “Қазір онсыз да оңай тиіп жүрген жоқ. Дағдарыста бюджетті толықтыру бойынша негізгі жүктеме бизнестің иығына түседі. Биліктен тексерістерге 5 жыл мораторий жариялануын сұрайық!”, - деп ұсынды ол Өңірлік кеңес мүшелеріне.

Алматы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі отырысының қорытындылары бойынша толғақты түйткілдерді шешу жөніндегі ұсыныстар «Атамекен» ҰКП Орталық аппаратының қарауына жолданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер