astana-view

Жер аукционға берілсін

2015 жылғы 23 Қараша
9692 просмотров

ҰКП жер телімдерін алудың жаңа тәсілін ұсынады

Бұл туралы жер телімдерін ұсыну процедураларын оңтайландыру мәселелері жөнінде өткен жиналыста айтылды

Жеткізілген бастамалар жер телімдерін алу процедураларын жеңілдетуді, сондай-ақ бекітілген бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары (ЕЖЖ) және (немесе) салу жобалары болмаған жағдайда құрылыс үшін жер телімдерін ұсынуға салынатын тыйыммен шартталған түйткілдерді шешуді болжайды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі, кәсіпкерлер қауымдастықтары мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан келген қатысушылар жер телімдерін беру процедураларының қиындығы мен ұзақтығы жайлы сөз қылды.

«Жер қатынастары және жер қорын пайдалану жағынан көптеген іскер адамдарымыз қарапайым ғана сол жерді көруге рұқсат ала алмайды, себебі жергілікті жерде тиісті ақпарат жоқтың қасы. Ал өңірлік әріптестерімізбен сөйлескен кезімізде олар мұндай түйткілді жоққа шығармады. Сонымен қатар, жер телімдері көбіне «егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары жоқ» деген түсінікпен берілмей жатады, сөйтіп, бар жұмыс осылай тоқтап қалады», - деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік даму департаментінің директоры/басқарушы директор Төлеміс Шотанов.

Соңғы екі жылда жер телімдерін беру және жердің нысаналы мақсатын өзгерту процедуралары қайта қаралып, Жер кодексіне өзгеріс енгізілді. Алайда, Ұлттық палата пікірінше, бұл жеткілікті емес. Әрі қолданыстағы жер заңнамасында кәсіпкерлер үшін салмақты әкімшілік кедергілер және шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық бұзуларға баруы үшін жағдай жасайтын нормалар сақталады. Ал жекелеген жағдайларда жер телімдеріне деген құқық қолданыстағы заңнама нормаларын бұзумен және бекітілген ЕЖЖ, салу жобалары жоқ бола тұрып, және де сұралып отырған жер телімі нысаналы мақсаты бас жоспарға, ЕЖЖ, салу жобаларына сәйкес болмаса да ұсыныла береді. Бұл жергілікті билік қызметіндегі сыбайлас жемқорлық құрамдастарын айқындайды. 

Сондықтан да ҰКП бірден бірнеше елдің тәжірибесін зерттеп шықты. Олардың арасында Грузия, Венгрия және Австралиядағы жер қатынастарының үлгісін кездестіруге болады. Жиналыс барысында жер берудің жаңа жүйесін құру туралы ұсыныс айтылды. Схемасы біршама қарапайым: әкімдіктер өз беттерінше бос жер телімдерін анықтап, оларды аукционға қояды.

«Жергілікті жерлерде аталмыш схемаға үзілдік-кесілді келіспеушілік жоқ. Әрі оған бюджет ақшасын құюдың қажеті болмайды деп пайымдап отырмыз. Мәселенің мәні ендігі жерде әкімдіктердің кәсіпкерлер өтініші негізінде, не Жер кодексіне сәйкес апта сайын жаңартылып тұратын жер-кадастрлық сызбаларын зерттеу негізінде бос жатқан телімдер тізбесін өздері айқындайтындығында болып отыр. Осыдан соң бұл тізім міндетті түрде жарияланады. Өтініш беруге бір ай беріледі. Егер бірнеше тұлға беретін болса, аукцион өткізіледі. Бұның жер қатынастарының жаңа үлгісінің жобасы ғана екенін атап өткім келеді», - деп мәлімдеді ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров.

Жиналысқа қатысушылар сонымен қатар техникалық шарттар беру саласындағы түйткілдерді талқылады. Кәсіпкерлер бизнесті дамытудағы негізгі кедергі қолжетімді қуаттар жайлы ашық ақпараттың жоқтығы деп есептейді. Әрі табиғи монополия субъектілеріне бос және қолжетімді қуаттар, сыйымдылық, орын болуы, реттелетін коммуналдық қызметтер (тауарлар, жұмыстар) желілерінің өткізу қабілеттері, сонымен қатар инженерлік коммуникациялар сызбалары берілген электронды деректер базасын жүргізу міндеттемесін бекітуді ұсынады.  ҰКП ойынша, мұндай өзгерістер техникалық шарттарды алу кезінде бизнестің операциялық шығындарын едәуір көлемде қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, аталмыш жаңалық «Doing Business» Дүниежүзілік банкінің «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» рейтингі индикаторы бойынша еліміздің көрсеткіштерін жақсартуға сеп болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер