astana-view

Күллі Қазақстан көлемінде мектептер мен аурухана асханалары жабылып қалуы мүмкін

2015 жылғы 09 Желтоқсан
13574 просмотров

Коммуналдық меншік нысандарын жалдау ақысының құны 10-20 есеге өсті

ҚР Бас прокуратурасында өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында қоғамдық тамақтану үшін коммуналдық меншік нысандарын жалға алушы кәсіпкерлердің түйткілі көтерілді. ҚР ұлттық экономика министрінің мемлекеттік мүлікті жалға берудің жаңа Қағидаларын бекітуі салдарынан коммуналдық меншік нысандарын жалдау ақысының құны еселеп өсті. Жалданатын коммуналдық меншік нысандарының көп бөлігі – бұл оқу орындары, поликлиникалар мен әскери бөлімдердегі асханалар.

«Кәсіпкерлеріміз жалдау ақысының неліктен кенет өсіп кеткенін, оның экономикалық астарын және бірнеше есе өскен жалдау ақысын жабу үшін, түсімді қайдан алуға болатынын түсінбейді. Сөз тағам бағасымен жалдау құнын жабуға болмайтын әлеуметтік нысандар жайлы болып отыр. Кәсіпкерлердің мектеп асханаларында, медициналық және әскери мекемелер асханаларында жұмыс жасауы тиімді емес. Ондағы негізгі келушілер – бұл жалақылары төмен болып келетін әлеуметтік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер. Яғни бұл халқымыздың көп бөлігіне қатысты мәселе. Адамдарды тамақтандыру қажет», - деп атады ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымов.

Ұлттық экономика министрлігінің аталмыш Қағида жобасын Ұлттық палатаға міндетті сараптамаға бермегенін атап өту керек. Бұл «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңды бұзу болып табылады.  

«Алматы Қаласының кәсіпкерлер палатасына 30-дан астам жалгер жүгінген. Алдын-ала есептеулер бойынша мемлекеттік мүліктің жалдау ақысының құны 9 еседен артық көтеріліп кеткен. Кейін белгілі болғандай, жалдау ақысының бұлайша артуы мектеп асханалары жалгерлері үшін ғана орын алған. Ауруханалар, поликлиникалар, ІІД мекемелері, әскери бөлімдер және басқалары сияқты мемлекеттік мекемелердегі қоғамдық тамақтану нысандары жалгерлері үшін жалдау ақысы 19-28 есе көтерілген», - деп хабарлады Алматы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы құқықтық қорғау бөлімінің бастығы Салтанат Лесбаева.

Оның сөзінше, жалдау ақысының құнын көбейтуге, біріншіден, есептік құн үшін базалық мөлшерлемені өзгерту, екіншіден, аумақтың орналасу коэффициенті, үшіншіден, қызмет түрін ескеретін коэффициент негіз болған.

«23 маусымда Қағидаларға түзетулер енгізіліп, нәтижесінде барлық мемлекеттік мүлік жалгерлері үшін мөлшерлемелер мөлшерлері аумақтық орналасу коэффициентінің 3-тен 2-ге дейін өзгеруі есебінен болар-болмас төмендеді. Мектеп асханалары жалгерлері үшін жалдау есебінен тамақтану залдары мен жазғы каникул кезеңінде жалдау төлемі алынып тасталды», - деді Кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Лесбаева Алматы қаласы Түркісіб ауданының қалалық №4 ауруханасындағы асхананы жалға алған «Аманжолова» ЖК мысалға келтірді. Онда асхананы жалдау ақысының құны 2014 жылы жылына 120 824 теңгені, 2015 жылы 129 305 теңгені құраған. Қағидалар қабылданғаннан кейін құны жылына 3 млн. 740 мың 628 теңгені құрайды. Осылайша, жаладу ақысы 28 есе көбейіп отыр. Түзетулер енгізілгеннен кейін 2 млн. 494 мың 752 теңге болды, яғни 19 есе көбейген.

«Аталмыш Қағидалардағы 2015 жылғы 17 наурыздан бастап 2015 жылғы 23 маусым аралығындағы жалдау ақысын төлеу мәселесі шешілмей отыр, себебі Қағидаға енгізілген өзгертулердің Қағида қабылданған сәттен батап емес, өзгерту енгізілген сәттен бастап қолданылуға тиіс деген тікелей нұсқау жоқ. Қаржы басқармасы тарапынан жалгер кәсіпкерлер атына жалдау шарттарын жаңа мөлшерлемелер бойынша қайта жасауды талап еткен хабарламалар келіп тұрады. Сонда қолданыстағы шарттардың әрекет ету мерзімі үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Сонымен қатар хабарламаларда жалдау төлемін үстіміздегі жылғы наурыз-маусым аралығындағы кезеңде бұрынғыдан 9-28 есе асып түсетін көтерме мөлшерлемемен төлеу талап етіледі. Мәселе миллиондаған сома жайлы болып отыр. Қайта енгізілген жалдау мөлшерлемелері өңірлерде 2016 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді. Тек Алматы қаласында ғана жалгерлерден жаңа мөлшерлемедегі төлем үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап талап етілуде», - деп атады ол.

Ғани Қасымов жағдайдың тез арада шешуді талап ететінін баса көрсетті. «Бас прокуратураға ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті жалға беру қағидаларының заңдылығын бағалауды ұсынатынымыз жайлы бірлескен қарар енгізейік», - деп мәлімдеді ол.

ҚР бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко: «Бұл төңіректе жұмыс жүргізіп жатырмыз», - дей отырып келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер